- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Сауытбек АБДРАХМАНОВ, Мәжіліс депутаты Қабырғалы қаламгерлер ҚазҰУ-дан шыққан
03.12.2021Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың арнайы шақыруымен білім ордасы студенттері алдында көшбасшылық дәріс оқыдым. Тақырып ұсынған кезде әу бастан «Журналист жүгі» деп атадым. Журналистің өмір жолы қалай қалыптасады, қандай белестерден өтеді, тәуір жетістіктерге жету үшін қойылатын талаптар салмағы қаншалықты деген тұрғыда әңгіме өрбіттім. Менің дәрісімнен білім алып жатқан көгенкөз қыз-жігіттер «егер өз бойыңда талап пен ізденіс болса, өмірде біраз жерге баруға болады екен ғой» деп өнеге алса, ой түйсе, соның өзі жетіп жатыр.
Көңілдеріңізге келмесін, журналист болу үшін данышпан болу шарт емес, журналист болу үшін кәсіби маман болу керек. Ең бастысы, кәсіби қалам иесі болу. Мұны қалай түсінеміз? Анығында, жазғың келмейтін тақырыпты жаза алу, барғың келмейтін жерге бара білу, көтергің келмейтін мәселені көтере алу, қандай да бір іс-шараға тез жүгіріп жету, операторға штатифті көтеруге көмектесіп, жылдам көлікке міну, тез монтаж жасап үлгеру. Сөйтіп, оны сағат бесте болатын жаңалықтарға ұсыну. Ұсынып үлгермесең, жаңалықты бес жарымда беріп жіберетін өзге арналар толып жатыр. Міне, осының бәрі – кәсіби біліктілік. Журналист осындай білікті меңгеруге тырысуы тиіс.
Біз өтпелі кезеңде өмір сүрген адамдармыз. Қытай халқында тілекке де келетін, қарғыс та болуы ықтимал, енді біреулер халық нақылы десе, тағы біреулер Конфуцийдің айтқаны дейді, әйтеуір, «Өтпелі кезеңде өмір сүр» деген бір сөз бар. Меніңше, осы сөз тілекке жақындау сияқты. Өйткені оның түбінде от пен суды көр, шыңдал, шынық, маңдай теріңді төк деген түсінік бар-ау деп болжаймын. Біз түрлі формациялардың ауысқанын бастан өткердік. Кеңестік жүйеде жұмыс істеп, жаңа өмірге бейімделе білген адамдармыз. Тіпті сол жүйенің артықшылығын да көрдім. Кешегі өткен заманды оңды-солды қаралай беруге болмайды, тек қана жамандықтан тұратын жүйе болуы мүмкін емес. Журналистикада да сол заманның үздік үлгілері болғанын айту керек, соларды оқып-үйренуге, көңілге тоқуға болады. Мәселен, қазақтың қабырғалы ақын-жазушылары осы ҚазҰУ-дан шыққан. Кезінде бір ғана курста Тұрсын Жұртбай, Жүрсін Ерман, Несіпбек Айтұлы, Асқар Егеубаев сынды ірі қаламгерлер білім алды. Қазір сондай үрдіс бар ма? Міне, осы мәселеге де көңіл бөліп қойған абзал.
«Ең жақсы мамандық таңдаған бақытты адамсыздар»
2005 жылы Мәскеуге барған бір сапарымда Андрей Михалков-Кончаловскийден сұхбат алдым. Журналистер біледі, танымал адамдарды ұстау қиын, олар қалта телефонын көтермейді. Көбі әдеби агенттің қызметіне жүгінеді. Ол кісі мені елге қарай ұшатын күні сағат төртке шақырды. Мәскеуден қырық шақырым жердегі имениесіне бардым. Қолымда үш кассета бар еді, үшеуі де әңгімеге толды, әрі қарай қолмен жазған болып түртіп отырмын. Қандай білімді адам, білмейтіні жоқ, Абылай хан, Шоқан туралы көсіле сөйледі. Тоқтайтын түрі жоқ. Әуежайға жетуді ойлап тықыршып отырмын, кептеліс бар дегендей. Аяғында «сіздің уақытыңызды алдым, кешіріңіз» десем, «Жоқ, мен қолы бос адаммын», – дейді. Болмаған соң сағатыма қарадам, бұл журналист үшін дөрекілеу әдеп болса да, солай істеуге тура келді. Сөйтіп, зорға қолым жеткен адамнан әрең қашып құтылғандай болып едім.
Кезінде Төрегелді Шармановпен екеуара әңгімеден қызық сұхбаттар жазылды. Эдуард Шеварднадзеден алған сұхбатым да ерекше еді. Оның баспасөз хатшысы «қырық бес минут уақыт беремін» деді. Мен «бұл қалай, Қазақстаннан арнайы келіп тұрмын» десем де, бой бермейді. «Үлкен адам, көп сөйлетуге болмайды» дегендей ыңғай танытты. Бір сағат әңгімелескеннен кейін хатшысы дегбірсізденіп кетті. Қайта-қайта ымдайды, мен көрмегендей боламын. Әлден уақытта ол кісіге «сізбен әңгімелесуге бір сағат уақыт беріп еді, бір жарым сағат өтіп кетті» деп едім, баспасөз хатшысына қабағын шыта қарады. Содан не керек, екі жарым сағат әңгіме айтты. Жарықтық өте баяу сөйлейтін адам еді.
Тәуір сұхбат алу журналистің шеберлігіне байланысты. Тіпті кей кездері қулыққа да баруға тура келіп жатады. Осыдан 45 жыл бұрын, 1976 жылдың жазында Мәскеуде жас журналистердің бүкілодақтық семинар-кеңесі өтті. Идеологияға ерекше көңіл бөлінетін кез. Жиырма бес пен отыздың арасындағы сайдың тасындай жігерлі жастар алдында кеңес журналистикасының кілең бір ығайы мен сығайы сөз сөйледі. Бай тәжірибесін бөлісті. Солардың бірі – атағы жер жарған публицист Генрих Боровиктің журналист қызметінің қадірі мен қасиеті жайында айтқаны есімде қалды. «Мына дүниеде жүздеген адамның өмірін сүріп көргендей күй кешетін, ондаған кәсіп иелерінің тыныс-тіршілігін тұла бойымен сезінетін екі мамандық бар. Олардың қандай мамандық екенін білесіздер ме?» деп сауал тастады. Осы кезде қол көтерген бір жігіт: «Ол – актер». Актер хан да, қара да бақташы, солдат та болады…» дегендей жауап қайырды. «Ал екіншісі қандай мамандық, кім не айтады?» Ешкім үндемеді. Жауап болмағаннан кейін өзі «екіншісі – журналист» деді. Мұны естіген соң, бәріміз серпіліп сала бердік. Сөйтті де, мэтр сөзін былай жалғады: «Журналист бір аптада дәрігердің, келесі аптада мұғалімнің, одан кейінгі аптада спортшының ішкі дүниесіне еніп, солардың кейпіне кіріп жатады. Сол кәсіп атаулының бәрінің жай-жапсарын жан-тәнімен сезіне алады. Сондықтан сіздер мына қысқа өмірде тіршіліктің барынша көп қырын көруге мүмкіндік беретін ең жақсы мамандықты таңдаған бақытты адамсыздар», – деді. Осы сөзді ешқашан есімнен шығарған емеспін. Мұны мен журналистік жолды таңдаған жастар біле жүрсін деп үнемі айтып жүремін.
Журналистиканың мұраты – әлеуметтік оптимизмді орнықтыру
Қазақ халқының даналығында «Тоқсан тоғыз бәле бар, жүз жақсылық және бар» деген нақыл бар. Рас, жасырмаймын, мына өмірде кері кеткен кемшілік те көп, өркен жайған өзгеріс те аз емес. Бірақ арна рейтингі үшін, журналист танымалдығы үшін күнгей мен көлеңкенің балансын бұзып көрсетуге болмайды. Бәрі де салыстыра қарағанда айқындалады. Бір ғана фактіні айтайын. Орыстың «факты – упрямая вещь» деген сөзі бар ғой. 19 миллион халқы бар Қазақстанның ішкі жалпы өнімі халықтың жиынтық саны 50 миллионнан асатын төрт елдің – Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан мен Тәжікстанның ішкі жалпы өнімдерінің көлемін қосқандағыдан жоғары. Бұған түсініктеме беріп жату артық. Журналистикадағы отаншылдықты елдегі жағдайды жаппай мақтау деп ұғынудың жөні жоқ. Қазір бажайлап қарасаңыздар, ақпараттың 80 пайызы – негатив, 20 пайызы – позитив, кей жағдайда негатив 90 пайызға жететіні жасырын емес. Мысалы, бір жерде бір балабақша ашылса, ол жайында ақпар берілмейді. Елең қылмайды. Оның үстіне азаматтық журналистиканың дүниеге келуі, қалыптасуы да кәсіби журналистердің жұмысына жаңа қиындықтар туғызуда. Мысалы, тележурналист қанша жаныққанымен, қандай да бір оқиғаны арна кестесіндегі жаңалықтар уақытына дейін эфирге шығара алмайды. Ал блогерлер болсын, жай интернет қолданушылар болсын, әлгі оқиғаны дереу әлеуметтік желіге салып, жер-жаһанға таратып үлгереді. Жазғаны таңертеңге дейін жарық көре алмайтын газет тілшілері жайында ештеңе айта алмайсың. Ендігі жерде кәсіби журналистиканың қадір-қасиетін жаңалықты жеткізудегі жарыс емес, сол жаңалықты талдап, түсіндірудегі жарыс, яғни осы жолдағы жеңіс қана сақтап қалатын сияқты. Оның үстіне халықтың негізгі бөлігінің ақпаратты да, білімді де интернеттен іздеуге ауысқанына байланысты дәстүрлі ақпарат құралдарының өнімдеріне сұраныс азайып барады. Сондықтан блогер журналистиканы кәсіби деңгейде тұжырымдап, оқытуды қолға алу керек. Тіпті студенттерге пост жазудың қыр-сырын, стилін үйрету қажет.
Журналист көп оқуы керек. Радионың негізгі ақпарат құралы ретінде мүмкіндігін әлі де толық тани алмай отырмыз. Мысалы, мен көлік нарығын зерттеп көрдім, авторадио – ең көп аудитория жинайтын ерекше сала. Ал ұсыныс сұраныстың деңгейіне байланысты болады. Әсіресе нарық жағдайында. Журналистиканың бір миссиясы – әлеуметке барды бардай көрсету. Өңкей жағымсыз жаңалық таратып, сенімді жоғалтуға, үмітті үзуге жұмыс істеуге болмайды. Қиратуға, сындыруға, жамандауға болады, бірақ оның да шегі болуы керек. Ел құрдымға кетіп бара жатыр дегенді жөнсіз айтып-жазып, «қаралы картина» қалыптастыру қисынсыз. Қазір әлемде мемлекеттігі танылған 193 ел бар. Мемлекет құра алмаған, ондай бақыт бұйырмаған ұлттар қаншама. Саны қазақты төрт есе орап кететін ұлттар бар, солардың өзі жалауын желбіретуге алақандай төбе таба алмайды, тіпті автономиясы жоқ ұлттар да бар емес пе? Мысалы, күрд ұлтын алайық. Кезінде крест жорығын тоқтатқан әйгілі Саладдин ұрпақтары ғой, мәмлүктердің бәрі осы Саладдинге табынған. Қазіргі күйі бәрімізге аян. Ал ұйғырдың тарихын, мәдениетін, көне жазуын, симфониялық музыкасын білетіндер түсінеді, солармен салыстыра қарағанда бізде тәубе дейтін жағдай басым. Кезінде өзімізді мұсылман қылған, сауатымызды ашқан татарларды алайық. Бізге қызыға қарайды. Сол сияқты Шешенстан дара ел бола алмайды, оған империя мүмкіндік бермейді. Демек, бізде шүкіршілік ететін жағдай аз емес. Журналистиканың мұраты да, миссиясы да – ең алдымен әлеуметтік оптимизмді орнықтыру. Келешекке, болашаққа сенім жоғалмаса, бірте-бірте бәрі болады, болмай қоймайды. Сенім болса, серпіліс те болады. Әлемнің 60-қа жуық елінде болдым. Бірақ Қазақстандай ел көргенім жоқ.
Жақсы адамдар өмірді тануға көмектесті
Конспекті дегеніңіз тез жазуға, ойыңды жүйелеп түсіруге қалыптастыратын құрал. Бірде Сәкен Жүнісовтың қолынан қалың дәптер көрдім. «Мынауыңыз не?» деп сұрасам, «Мұқаңның (Мұхтар Әуезов) сабағынан жазған конспектім» деді. Содан жата қалып жабыстым. Кейін сол конспекті «Студент жазған конспекті» деген кітап болып шықты. Көп оқыңыздар. Көп оқығанның, талмай зерделегеннің, талғап оқығанның арқасында мен қазір сіздердің алдыңызда тұрмын.
Менің ұстаздардан аузымның салымы болды. Осы қарашаңырақта білім алып жүргенімде бірінші курстың бірінші семестрінде «Социалистік Қазақстан» газетіне беттің төрттен бірін алып жатқан үлкен мақалам басылып шықты. 8-сыныпта оқып жүргенімде ауылға атақты ғалым Зейнолла Серікқалиев келіп, әңгімесін тыңдап, қатты қызыққан едім. Содан Алматыға келгеннен кейін газет редакциясына сәлем беруге бардым. Ол кісі екеуара әңгімеден кейін мені қолөнершілердің көрмесіне жіберді, содан көлемді мақала жазып келдім. Бұл мақала маған бедел әкелді. Өмірде Сағат Әшімбаев, Оралхан Бөкейдің қамқорлығын көрдім. Кейін Асқар Сүлейменовпен араластық. Қазақтың Қалтайының әңгімесін естідік. Осының бәрі маған өмірді тануға, адамды тануға септігін тигізді.