Жаңалықтар

Рахила НАРАЛИЕВА, ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы Тәуелсіздік білім беру саласына жаңа бағыт әкелді

03.12.2021

Биыл – Қазақстан Республикасы үшін тарихи тағылымды жыл. КСРО мемлекетінің ыдырап, Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуда. Тарих атты алып шежіре үшін 30 жыл қас қағым сәт болар, ал біздің ел үшін тәуелсіздік жылдары – еліміздің толағай табыстарға қол жеткізген тарихи маңызы бар айтулы кезең. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Н.Назарбаевтың парасатты көшбасшылығымен талай қиындықтан өттік, іргетасы берік, қуатты мемлекетке айналдық. Осы жылдары тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, саяси бағытымыз тұрақты болып, Қазақстан халқының біртұтас ұлт болып қалыптасу жолында маңызды қадамдар жасалып, тың жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Тәуелсіздік жылдары қазақстандық білім беру саласына жаңа бағыт, тың серпін әкелді. Бұл жаңалық тек жалпы білім беру саласында ғана емес, жеке тұлғалардың интеллектуалдық қабілетін арттырып, қызметін дамытуға, әлеуетін кеңейтіп жатқанынан байқауға болады. Мысалы, кеңестік дәуірде қазақстандық ғалымдардың шетелмен, әсіресе капиталистік алпауыт елдердің көрнекті ғалымдарымен, білім ордаларымен байланыс жасау, еңбектерімізді жариялау өте қиын болатын. Қазіргі таңда білім беру саласында шетелдіктермен әдістемелік, ғылыми-инновациялық байланысты тығыз орнатып, ғылыми еңбектерімізді отандық қана емес, әлемдік рейтингте көрсеткіші жоғары Scopus, Web-Science, World-Science т.б. базасында индекстелетін басылымдарда кеңінен жариялай алу мүмкіндігіне қол жеткіздік.

Елбасымыздың, Президентіміздің тіл саясатына қатысты айтқан тұжырымды терең ойларын жүзеге асыру мақсатында отандық білім беру сатысын әлемдік деңгейге көтеруге, көпұлтты елімізді, біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыратын негізгі фактор – мемлекеттік тіліміздің өрісін кеңейту, қолданыс аясын, бәсекеге қабілетті дамыған 50 елдің қатарына енуіне, әлемдік аренаға шығуына жол салатын білім мен ілімнің, ғылым мен техниканың тілі ретінде құзыреттілігі артуына байланысты тіл маманы ретінде үнемі ізденіп жүремін. Қазақ тілін өзгетілді аудиторияда шет тілі ретінде оқытудың инновациялық әдістемесін мемлекеттік және жалпыадамзаттық мәдени кеңістікте ғылыми-теориялық тұрғыдан саралап, оқыту технологиясына қатысты лингвистикалық және инновациялық әдістемелік мәселелерді талдап, зерделеп, отандық білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті қазақ тілін көптілді ортада оқытудың инновациялық кешенді әдістемесін қалыптастыру мақсатында еңбек етемін.

Педагогикалық шеберлігім, ғылыми әлеуетімді, кәсіби біліктілігімді арттыру мақсатында шетелдік ғалымдармен тәжірибе бөлісу бағытында Кембридж панелінде пікір алмасамын. Республика деңгейінде ғана емес, шетелде өтетін халықаралық конференцияларға, симпозиумдарға қатысу мүмкіндігіне ие болып, еңбектерімді шетелдік баспасөздерде жариялап жүрмін. Мысалы, отандық, шетелдік басылымдарда 150-ден астам ғылыми-әдістемелік, имидждік мақалаларым мен 20-дан астам оқу құралдары, оқу бағдарламам жарық көрді. Scopus базасында авторлар серіктестігімен екі мақалам және ресейлік «Интернаука» баспасында ұжымдық монографияда еңбегім жарық көрді. АҚШ, Түркия, Канада, Ресей, Украина, ҚХР, БАӘ, Мысыр, Чехия, АИР, Моңғолия мемлекеттері баспасөздерінде және өткен халықаралық конференцияларда, симпозиумда ғылыми-зерттеу еңбектерім жарияланды.

Елбасымыз «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында: «...Білім – біздегі Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік негізі», – деп атап көрсетіп, еліміздің болашағы, берекелі дамуы жолындағы басты стратегиялық бағыт – білім мен ғылымнан бастау алатынына баса назар аударып, «...Бізге ұлттық зияткерлік ұйытқыны жасау қажет, эрудициясы жоғары, сапалы адамдар қажет, олар халықаралық деңгейдегі бәсекелерге лайықты қабілетті болуы шарт. Бүгін білім беру үрдістеріне назар салудың маңызы өте жоғары. Іс-әрекетті орындайтын немесе жасайтын біліктілікті, өмір сүруге үйрететін біліктілікті, заман талаптарына лайықты бірлесіп өмір сүре алатын біліктіліктерді әрбір адамның бойына егу қажет», – деп, отандық, әлемдік білім-ғылым кеңістігі мен еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білімді де білікті маман жастарды тәрбиелеу ісін білім ошақтарынан бастау керек екенін атап айтты.

Елбасымыз бен Президентіміздің жасампаз елдің жарқын болашағы – жастарға қатысты айтқан асыл ойлары мен жарқын да жаңа мақсатын жүзеге асыру жолында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың еңбек ұжымы аянбай еңбек етіп жатқанын сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде жүзеге асыруда. Әлемнің жетекші оқу орындары мен ғылым ордаларымен халықаралық байланыстар орнатуда. Ұлттық рейтингтің абсолюттік көшбасшысы – университетіміз әлемдік білім мен ғылым кеңістігінде өзінің жетістіктерімен әлемдік рейтингі жоғары жетекші оқу орындарының топ-200-дің қатарына енді. Түркі елдері академиясының ең үздік білім ордасы атағын иеленді. Университет жетістіктерінде әрбір факультет, әрбір кафедра ұстазының қажырлы еңбегінің үлесі бар. Сол секілді біздің ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті де өзіндік үлесін қосуда. Біздің факультет 2011 жылы 1985 жылы жасақталған шетел азаматтарына арналған дайындық факультетінің негізінде құрылды. Факультет өзінің қалыптасу барысында көптеген оң өзгерістер мен даму кезеңдерін сәтті өткерді. Факультет ұжымы тіпті 90-жылдары да қажырлы қайратпен жемісті қызмет етті. Қазір ХХІ ғасырда да еңбек жолын сенімді түрде жалғастыруда.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім беру саласында бұрыннан 100-ден астам шет мемлекетпен тығыз байланыс жасайды. Қазіргі уақытта университет өзінің халықаралық байланыстарын кеңейтіп, жетілдіріп, өркендете отырып, Еуропалық білім беру кеңістігіне сенімді түрде кірігу ісін жүзеге асыруда. Білім беру аясында көптеген әлем елдерімен байланысын кеңейте түсуіне жол ашылды. Мысалы, венгриялық Шандор Ковач деген студент өзінің қыпшақтар туралы ғылыми зерттеуін аяқтау үшін дайындық факультетіне қазақ тілін үйренуге келді. Қазақ ғалымдарының түпнұсқадағы зерттеулерін оқу үшін оған біраз еңбектенуге тура келді. Кейіннен Шандор қыпшақтардың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін әрі қарай зерттеу үшін өзінің өмірін Қазақстанмен тығыз байланыстырды. Қазіргі уақытта Шандор Ковач Венгриядағы Яс-Надькун-Сольнок облысындағы ассамблеяның жетекшісі. Ол Қазақстанмен байланысын үзбеді, қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді. Ш.Ковач біздің елімізде жиі қонақта болып тұрады. Невада – Семей антиядролық қозғалысының белсенді мүшесі, жетпіс жастағы дайындық факультетінің қарт студенті, жапониялық Такаго Масахико дайындық факультетін тәмамдағаннан кейін өзінің оқытушысы Г.Мұсаеваны Осака қаласында орналасқан Еуразиялық тілдер орталығы мен «Хибакуси» антиядролық қоғамына шақырды. Орталықта доцент Г.Мұсаева шетелдіктер дәрісханасында қазақ тілін оқытудағы өз тәжірибесін таныстырды. 2001 жылдың қаңтар айынан бастап шетел азаматтарына арналған дайындық факультеті халықаралық бағдарлама бойынша жоғары оқу орны арасындағы көне Ханкук шет тілдер университетімен байланыс орнатып, корей студенттерін халықаралық студенттер алмастыру бағдарламасы бойынша қабылдай бастады.

Тәуелсіздіктің жаңа ғасыры жаңа дәуірдің лебін ала келді: жаңа заманда маңызды қадам – шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдерін оқыту ісі қолға алынды. 2001 жылдан бері факультетте президенттік бағдарламаның арқасында 2000-нан астам шетелдік қазақ жастары білім алып шықты. Атамекеніне оралып, қалаған мамандығы бойынша ана тілінде білім алып, жұмыс істеп жатқан түлектеріміз жылдан-жылға артып келеді. Еліне оралып, еңбегі жанған түлектеріміз де аз емес: талантты жас Қазымұрат ақынымыз, күміс көмей әнші Ұшқын, «Қамшы кз» сайтының жетекшісі Біләл өнер мен шығармашылық саласында еңбек етіп жүрсе, ал Құрмет шетелдік қазақтарды орналастырып, қабылдайтын қалалық миграция департаментінде еңбек етіп жүр.

Қазіргі кезде факультет алдына қойған екі үлкен міндетті: шетел азаматтарына екі категория бойынша білім беру – этникалық қазақтар мен шетелдіктерді оқыту ісін жүзеге асыруда. Сонымен қатар мемлекеттік тілді меңгергісі келетін шетелдіктердің қатары жылдан-жылға артып келеді. Бірнеше жылдан бері жыл сайын ҚазҰУ-ға, біздің факультетке, қазақ тілін оқып-үйренуге келетін шетелдіктердің саны арта түсуде. Қазақстан Республикасындағы экономикалық және саяси тұрақтылық, жергілікті халықтың қонақжайлылық қасиеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы білім алушыларға білім беру мен елімізде тұру үшін қажетті жағдайлардың бәрін жасап, ұйымдастыра білетін іскерлігі, ең бастысы – шетелдік студенттерді факультетте алатын білім сапасының жоғары деңгейде екені қызықтырады.

Үздіксіз білім беру жүйесі бойынша құрылған ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің инфрақұрылымы ерекше: мектеп – колледж – университет. Факультетте екі кафедрамен қатар, ҚазҰУ-дың колледжі мен «Бейіндік мектеп», «Талапкер», «Кәсіби бейіндік» және «Зерде» орталықтарының жұмыс істеуі жоғары оқу орнына дейінгі оқыту жүйесінің біртұтас білім беру саласын қалыптастырды. Факультетте, кафедрада осылайша қалыптасқан ынтымақтастық пен сабақтастық тыңдаушыларымызға тиісті дәрежеде білім алуға мүмкіндік береді. Түлектеріміздің қалаған мамандығы бойынша отандық ЖОО-ға түсіп, білім алуы үшін ұстаздар ұжымы аянбай қызмет етуде.

Кафедрада еңбегіміз жемісті болуы үшін «Шебер ұстаз» сыныбы, оқу-әдістемелік, ғылыми семинарлар, пән бірлестіктері тұрақты түрде жұмыс істейді. Бұл іс-шаралар тек оқытушылардың шеберлігін жетілдірумен қатар, тыңдаушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, олардың таланттарын ашуға да бағытталып жүргізіледі. Біздің студенттер университет іс-шараларына белсенді түрде қатысады. Республика сарайында Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына арналған шарада «Жас қазақ» қойылымын көрсетті. Кезінде ҚХР-дан келген Ұланай атты аруымыз «Ана тілі» аруы атанса, шетелдік бірнеше тыңдаушымыз республикалық «Сөз мерген» лингвистикалық телесайысына қатысып, жүлдегер атанды. Әсіресе соңғы оқу жылдарындағы жетістіктеріміз өте жоғары, 2019/20 оқу жылы талантты, өнерпаз тыңдаушымыз Әсел Шопан отандық екі бірдей өнер сайысының жүлдегері болды.

 Жыл сайын тыңдаушыларымыз «Фараби оқулары» халықаралық жас ғалымдар мен студенттердің дәстүрлі конференциясы аясында өткен байқаудың жеңімпаздары болады. Биыл аталмыш конференцияда алты тыңдаушымыз жүлдегер болды. Республикалық деңгейде өткен онлайн олимпиадалар мен блиц-турнирлерге белсене қатысып, 26 тыңдаушымыз жүлделі орындарды иемденді. Кафедра ОПҚ-ы да пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп, біліктілік санаты жоғары мектеп ұстазына лайық екенін танытты.

Университеттің толағай табыстарына өзіндік үлесін қосып жүрген факультетіміздің тарихында ардагер ұстаздарымыздың алатын орны ерекше. Өмірден өтсе де, артына жарқын із қалдырған профессор Т.Қаратаев «Еңбек ардагері», «Жеңістің 60 жылдығы», «Жеңістің 65 жылдығы», «Батыр шапағаты Бауыржан Момышұлы», «Әлия Молдағұлова», «Астанаға – 10 жыл», «Ғылым мен білімге қосқан үлесі үшін» (Еуразия университеті), «Жоғары мектептегі үздік еңбегі үшін» (1984 ж.), «Қазақстан білімінің құрметті қызметкері» медалі, төсбелгілерімен марапатталған. Өзі туған ауданның (Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы) құрметті азаматы атанған. Диссертациялық кеңеске мүше болған. Т.Қаратаевтың жетекшілігімен бірнеше кандидаттық және магистрлік диссертациялар қорғалған. Көп жылдар бойы Қазақ радиосы мен телевизиясында халықаралық хабарлар жүргізген. Жиырмадан астам кітап-кітапшалардың, 200-ге жуық мақаланың авторы. «Жүз жылдың ақ-қарасы», «Тарихтағы аттас тұлғалар» атты оқу құралдары жарық көрген.

Біз, ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының ұстаздары, өз тарапымыздан білім алып жатқан жастардың келешекте Қазақстанның тең құқылы мақтан тұтар азаматы болуына бар күш-жігерімізді саламыз.

 

Дайындаған Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ