- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Тұлғалар тойы екі халыққа ортақ
03.12.2021Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев «Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты. Айтулы шара түркі әлемінің ортақ мақтанышы, қазақ-қырғыз бауырластығын бекемдеуге зор үлес қосқан жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, сонымен бірге қырғыз халқының көрнекті тұлғалары, Алаш қайраткерлері Жүсіп Әбдірахманов пен Қасым Тыныстановтың туғанына 120 жыл толуына орай өтіп отыр. Халықаралық жиынды Түркі академиясы ұйымдастырды.
Конференцияға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Касмамбетов, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат және туризм министрі Азамат Жаманкулов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, сондай-ақ бір туған екі елдің зиялы қауым өкілдері мен танымал ғалымдары қатысты.
Жиын басында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қырғызстандық әріптесіне Қазақстанға арнайы сапары үшін ризашылығын білдіріп, конференцияның маңыздылығына тоқталды. «Шоқан мен Мұхтар, Жамбыл мен Кенендер қырғызға қалай ортақ болса, қазақ халқы да Тоқтағұл мен Шыңғысты, Жүсіп пен Қасымды өз ұлындай тең көреді. Сондықтан қазақ-қырғызға ортақ бүгінгі салтанатты жиын екі елдің рухани байланысын биік белеске көтерген игі бастама деп есептеймін. Алдағы уақытта қырғыз әріптестермен бірлесіп, тұғырлы тұлғалардың мұрасын дәріптейтін тағылымды шаралар жалғаса беретініне сенімдімін», – деді.
Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Касмамбетов ыстық ықыласпен қабылдағаны үшін алғысын айтып, тағылымды шара бауырлас халықтардың бекем достығының айқын көрінісі екенін жеткізді.
Сонымен қатар халықаралық жиында сөз сөйлеген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бауырлас екі ел ежелден бір-біріне етене жақын екенін айтты. «Қазақ-қырғыз – бір туған. Биыл бауырлас екі елдің тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Азаттықтың ақ таңы біздің жиі араласуымызға, тарихымызды тануға, батырларымыз бен ақындарымызды құрметтеуге зор мүмкіндік сыйлады. Мәселен, жырау Жамбыл бабамыздың 175 жылдығы екі елде қатар тойланды. Бүгін қырғыз халқының көрнекті тұлғалары Жүсіп Әбдірахманов пен Қасым Тыныстановтың 120 жылдығын атап өтіп отырмыз», – деді университет басшысы.
Конференция аясында Жүсіп Әбдірахмановтың қызметіне және Қырғыз Республикасының құрылуына қатысты архив материалдары мен тарихи фотосуреттерден арнайы көрме ұйымдастырылып, Қасым Тыныстанов өлеңдерінің түрік тіліне аударылған академиялық жинағы таныстырылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі