Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған «Қазақстан ғылымының дамуы, өзекті мәселелері» атты ғылыми конференцияға қатысты.
Алқалы жиынға ҚР ҰҒА президиум мүшелері, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары мен жоғары оқу орындарының ректорлары, көрнекті ғалымдар қатысып, түркі әлеміндегі интеграция, ғылым мен білімді дамытуға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Конференция барысында Еуразияның мәдени, зияткерлік орталығы болып табылатын Қазақстанның түркі елдерімен ықпалдастығында Тұңғыш Президент – Елбасы идеяларының маңызы айрықша екені айтылды.
Елбасы бастамашы болған түркі интеграциясы мәселелері бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жалғасын тауып келеді.
Осы игі іс-шара аясында ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, химия ғылымының докторы, академик Мұрат Жұрыновтың 80 жылдық мерейтойы аталып өтті.
ҚазҰУ ректоры Ж.Түймебаев зиялы тұлға, ұлағатты ұстаз, академик Мұрат Жұрынұлының қазақ ғылымын дамытуға қосқан ерен еңбектеріне тоқталды.
Жиын соңында университет басшысы Мұрат Жұрынұлын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар келген мерейлі 80 жасымен құттықтап, «Әл-Фараби» Алтын медалімен марапаттап, құрмет көрсетті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі