Жаңалықтар

ҚазҰУ ректоры шетелдік ғалымдармен кездесті

06.12.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев оқу орнында білім беріп жатқан шетелдік профессор-ғалымдармен кездесу өткізді. Жиынға әлемнің 30-ға жуық елінің ғалымдары онлайн және офлайн форматта қатысты.


Алдымен Жансейіт Түймебаев жиналғандарға ҚазҰУ-дың шетелдік жоғары оқу орындарымен жүргізген келіссөздері туралы ақпарат берді.

«Әлемнің 50 еліндегі 550 университетпен және ғылыми орталықтармен екіжақты ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Биыл университетте 100-ден астам шетелдік профессор мен ғалымдар сабақ беруде. Олардың 70-тен астамы университеттің бастамасымен шақырылса, 29 оқытушы ҚР Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасы бойынша тартылды», – деді университет басшысы.

Сонымен қатар ректор жиын барысында оқу үдерісіне шетелдік мамандарды тарту білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.

Кездесу барысында Түркиядағы Ататүрік институтының профессоры Мехмет Дервиш, Жапонияның Цукуба университетінің ғалымы Ниномия Такаши, Кореядағы Ханкук университетінің профессоры Ли Бенг Джо, Ұлыбританиядағы Шеффилд университетінің профессоры Базбек Дәулетов, Швейцариядағы Женева университетінің профессоры Аккари Абдыжалил, Канададағы Макгилла университетінің ғалымы Нұрлан Дәулетбаев терең білімдерімен және озық тәжірибелерімен бөлісуге дайын екендіктерін жеткізді.

Жиын соңында Жансейіт Түймебаев ғалымдар мен профессорларға ҚазҰУ-дың шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты одан әрі дамыту жоспарын дайындау керектігін айтты. Сонымен қатар университет басшысы барлық ғалымдарды көшбасшылық дәріс оқуға шақырды. Сондай-ақ осындай  кездесулер енді тұрақты негізде өткізілетінін атап өтіп, шетелдік әріптестерге жылы лебізін білдірді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі