Жаңалықтар

Үздік студенттік мақалалар таңдалды

07.12.2021

«Ауғанстандағы тұрақсыздық және Орталық Азиядағы қауіпсіздікті шешу жолдары» атты студенттік мақалалар байқауы аяқталды. Бұл байқау бейбітшілік пен тұрақтылықты ой елегінен өткізіп, жоғары оқу орындары жастарының геосаяси мәселелерге араласуына түрткі болып, болашақ зерттеушілердің өз кәсіби шеберліктерін көрсетулеріне мүмкіндік берді.


«Үздік аналитикалық мақала», «Үздік қоғамдық-саяси мақала», «Ауған мәселесін шешудегі инновациялық көзқарас» номинациялары бойынша үздік мақалалар байқауын Халықаралық ғылымды дамыту орталығы мен журналистика факультетінің ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасы өткізді.

Байқаудың басты мақсаты – өскелең ұрпақты әлемде болып жатқан саяси үдерістерге қатысты жауапкершілікке тәрбиелеу және олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру.

Ауғанстан тақырыбы әлемдік қауымдастықтың күн тәртібіндегі ең өзекті тақырыптардың бірі екені сөзсіз. Көптеген күш-жігерге қарамастан, осы уақытқа дейін Орталық Азиядағы тұрақсыздықтың орын алу себептерінің бірі болып табылатын Ауған түйінін тарқату мүмкін болмай отыр. Студенттердің тұрақтылық пен әлемдік тәртіп туралы пікірталасқа қатысуы да жағдайды тұрақтандыру идеясын таратуға үлес қосады.

Белгілі журналистер, оқытушылар мен ғалымдардан құралған қазылар алқасының пікірлері бойынша студенттердің жазбаларында көптеген қызықты идеялар айтылып, этно-діни қақтығыстың мәніне терең түсінік берілген.

Байқау қорытындысы бойынша «Ауғанстандағы тұрақсыздықты шешудің жаңашыл жолдары» номинациясы бойынша «Қоғаммен байланыс» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті Әсемай Маратованың «Ауған мәселесін шешудегі инновациялық тәсіл» тақырыбындағы жұмысы, «Ауғанстандағы тұрақсыздықты шешудің жаңашыл жолдары» номинациясы бойынша «Қоғаммен байланыс» мамандығының 4-курс студенті Жанерке Тілеудің «Ауғанстан өзгелерден басқа әлем» жарияланымы жеңімпаз атанды, ал «Қоғамдық байланыс» мамандығының 4-курс студенті Дана Шәуленова «Үздік әлеуметтік-саяси мақаласы» үшін марапатталды.

Жеңімпаздар дипломдар мен ақшалай сыйлық сертификаттарына ие болды. Жастар жаңа тәжірибеге ие болып, өздерінің кәсіби біліктіліктерін айқындайтын жетістіктерін көрсетті. Байқауға қатысушылар миллиондаған ауғандықтардың азапты күндерінің тезірек аяқталуына тілектестік білдірді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі