Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» онкүндігі аясында «Елім менің» атауымен студенттердің еркін пікірталас алаңы өтті.
Жастар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздің осы уақыт аралығында жеткен толағай жетістіктері мен даму жолы туралы ой қорытып, өз көзқарастарын ортаға салды.
Пікірталас алаңында «Мемлекеттің алтын діңгегі – Тәуелсіздік», «Тәуелсіздік жетістіктері», «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық-саяси рөлі», «Қазақстан теңгесі – Тәуелсіздік символы», «Мен үшін Тәуелсіздік...» тақырыптары талқыланды.
Шараны ұйымдастыруға атсалысқан химия және химиялық технологиялар факультетінің студенттік деканы Наргиза Қуанышбай пікірталасқа жастардың үлкен қызығушылық танытқанын жеткізді. «Студенттер Тәуелсіздік жетістіктерімен қатар, еліміздегі қазіргі келелі мәселелерді қозғады. Еліміздің егемендік жолын саралай отырып, осынау қасиетті ұғымның құндылығын терең ұғына түстік. Тәуелсіздік туралы өз түсінігімізді ашық жеткізуге мүмкіндік алдық», – дей келе, ол мұндай патриоттық шаралардың жастар үшін маңызын атап өтті.
Пікірталасқа белсенді қатысқан жастарға жиын соңында арнайы алғыс хаттар табысталып, әл-Фарабидің жеті томдық жинағы сыйға тартылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі