Жаңалықтар

ҚазҰУ-да «Елдіктің жеті тұғыры» талқыланды

08.12.2021

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлар қауымы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттарын талқылауға қатысты.

Жиында «Nur Otan» партиясының Алматы қаласы Бостандық аудандық филиалы Саяси кеңесінің бюро мүшелері баяндама жасап, үндеудің ел дамуындағы мәні мен маңызын ашып берді. 

Бюро мүшесі, профессор Алтынай Мұхамбедьярова  өз сөзінде «Елдіктің жеті тұғырының» дер кезінде жарияланғанын алға тартты. Қазіргі әлемдік сын-қатерлер жағдайында егемендіктің қадірін білуге, ішкі бірлікті сақтауға шақырып, жастар тәрбиесінің өзектілігіне мән берді.

«Біздің қол жеткізген ең басты жетістігіміз – Тәуелсіздік. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы осы құндылықта бейнеленген. Бұл біздің болашаққа зор сеніммен қарауға мүмкіндік беретін игілігіміз», – деп атай келе, профессор Елбасы айтқан Қазақстанды тұрақты экономикасы бар, өмір сүру деңгейі жоғары қуатты заманауи елге айналдыруға тиіс бағандардың бірі – бірлік пен келісімге егжей-тегжейлі тоқталды. 

Жиында сөз алған «Nur Otan» партиясы Бостандық аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Бауыржан Сералин Тәуелсіздік жетістіктерін саралай келе, Елбасы атаған жеті құндылық жайлы пікірін ортаға салды.  Жер тұтастығы мен шекара беріктігін ең үлкен жеңіс санайтынын жеткізді. Жас мемлекетіміздің нығаюына халық болып жұмыла үлес қосуға шақырды.

Сондай-ақ басқосуда оқытушылар мемлекеттіліктің жеті тұғырының маңызын жастарға жеткізуді парыз санайтынын айтып,  өмірлік және кәсіби тәжірибелері тұрғысынан ұлттық мәдениет, отбасы мен салт-дәстүр, білім мен еңбек, прагматизм және қоғамдағы құндылықтар төңірегінде кеңінен ой бөлісті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі