- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Елбасы жолымен жүріп қайтты
09.12.2021Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты онкүндіктің алғашқы күнін университет студенттері ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығынан бастады.
Шамалған – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кіндік қаны тамған ауыл. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Үшқоңыр өңіріндегі осы бір етек-жеңі жинақы елді мекеннен түлеп ұшқан. Бұл ауылда Ұлт көшбасшысының тағылымды өмір жолын өскелең ұрпаққа паш ететін «Атамекен» орталығы 2017 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Тарихи-мәдени орталық төрт залдан тұрады. Университет студенттері орталықты тамашалауды Елбасының мектептегі балалық шағынан бастап, кейін еңбек жолына араласа бастаған кезеңдерден сыр шертер отбасылық суреттер мен бірқатар жәдігерлердің көшірме нұсқалары орналасқан бірінші залдан бастады. Бұл бөлмеден білім алушы жастар Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағында тұрған үйінің макетін көрді. Екі бөлмелі, ауласында алма ағаштары бар шағын үйден шыққан Ұлт көшбасшысы бүгінде ел басқарған, қазақ тарихында аты алтын әріппен жазылған тұлғаға айналды. Сонымен қатар бұл залдан Елбасының оқыған мектебінің макетін де көруге болады.
Екінші экспозициялық залда – ел тарихындағы ерекше маңызға ие «Тәуелсіздік кезеңіне» арналған. Мұнда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әйгілі «Тарих толқынында» атты еңбегінен алынған цитаталар, тәуелсіздік алған жылдардағы ең басты саяси шешімдер мен республика ауқымын қамтыған ірі шаралардан көрініс беретін «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы аясындағы іс-шаралардың суреттері қойылған.
Үшінші зал – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған. Бөлменің тұтас қабырғасына Елбасының «Еуразия жүрегінде» еңбегінен алынған үзінділер мен бүгінгі Қазақстанның дамуын көрсететін фото мәліметтік көрме үйлесімділікте қойылған. Сондай-ақ Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы ауыл шаруашылығы, өндіріс, медицина, спорт және оқу-білім мен ғылымдағы, ғарышты игеру саласындағы жетістіктер көрсетілген.
Орталықтың төртінші залы нағыз заманауи талапқа сай жабдықталған. Бөлмеге кіргеннен сіздің еңсеңізді көтерер ашық кеңістікте, ғимараттың дәл ортасында орналасқан басқосу жиындары мен ғылыми конференция, түрлі тақырыптағы пікір алмасуға арналған дөңгелек үстел орнатылған. Залдың сол жақ қабырғасында Елбасының ТМД елдері басшыларымен, ал оң жақ қабырғасында алыс-жақын шетел басшыларымен түскен суреттері ілінген. Аталған елдер көшбасшыларының Н.Ә.Назарбаевқа сыйға тартқан кәде-сыйларының көбі осы залда орналасқан.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын тамашалаған студенттер өз әсерлерімен бөлісті.
«Бұл орталыққа келіп, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірі мен еңбек жолын тереңінен таныдым. Өзіме қажетті ақпараттарды ала отырып, көп дүниені үйрендім. Осындай сапар ұйымдастырған университет ұжымына алғысым шексіз. Керемет көңіл күйде тұрмын», – дейді 3-курс студенті Жеңісбек Ұларбек.
Шара соңында Қазақ ұлттық университеті атынан орталық ұжымына арнайы сыйлық табысталып, студенттер мен оқытушылар естелік суретке түсті.
Нұрсұлтан ЖЕКСЕНБАЕВ