- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Корей тілінде оқитын студенттер арасында байқау өтті
26.12.2008әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті корейтану кафедрасы Сонгюнгван Университетімен (Корея Республикасы) бірігіп, алғашқы Орталық азиялық «Сонгюн хангыль пэгильчжан» - «Корей тілінде шығарма жазу байқауын» өткізді.
Сонгюнгван Университеті - Корея Республикасындағы 600 жылдық тарихы бар ең көне университеттердің бірі. Сонгюнгван университеті Корея Республикасындағы жетекші бес ЖОО-ның қатарына кіреді. Байқаудың негізі 2007 ж. Қытай астанасы - Пекинде қаланды. Байқау 2008 жылы Шанхайда өтсе, қазан айында Моңғолия астанасы - Улан-Батор қаласында жалғасты.
Байқауда Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның жоғары оқу орындарының корей тілі бөлімдерінде оқитын студенттер бақ сынады. Қазақстан командасын 13 жоғары оқу орындарынан келген студенттер құрады.
Байқаудың ашылу рәсімінде алғысөзді шығыстану факультетінің деканы Нұржамал Алдабек алды. ҚазҰУ атынан ол Сонгюнгван Университетіне Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған байқауды ұйымдастыруда және өткізуде көмектескені үшін алғысын айтты. Сонымен қатар Н. Алдабек корейтану кафедрасы 15 жылда қалыптасу және даму сатыларынан өтіп, жинаған тәжірибені жүзеге асыратындай дәрежеге жеткендігін ерекше атап өтті.
Келесі сөз кезегін Сонгюнгван Университетінің факультет деканы Ли Мён Хак алды. Ол байқауға қатысушыларға Корея Республикасынан келген Сонгюнгван Университеті педагогикалық факультетінің профессорлық-оқытушылық құрамынан тұратын делегация мүшелері мен ұйымдастырушыларды таныстырды.
Екі университет декандары байқау шығармасының тақырыбын жария етті. Ол «Дос» деп аталды. Сонгюнгван Университетінің тарапынан да шығарманы жазуға қойылатын талаптар айтылды. Байқауға 35 студент қатысты. Жұмыстарға қойылатын басты талаптар - грамматика, лексикология заңдылықтарына жауап беруі және тақырыптың ашылуы мен әдеби мазмұны. Байқау комиссиясына жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпады. Нәтижесінде 1 орынды Айдарова Әйгерім (Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ), 2 орынды Хан Юлия (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ), 3 орынды Ким Ирина (Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ) иеленді.
Жеңімпаз атанған студенттер Сонгюнгван Университетінің магистратурасында тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. Студенттер баспанамен, шәкіртақымен қамтамасыз етіледі, олардың тамақтануы да тегін болмақ. Сонымен қатар жеңімпаздарға сандық видеокамералар мен ноутбуктар табыс етілді. Үздік шығармалардың ондығына кірген студенттерге бағалы сыйлықтар мен сертификаттар табысталды. Олардың ішінде ҚазҰУ-дың студенттері Төлегенова Ұлжан, Дүрекеева Динара және Қарсақбаева Аяулым да бар.
Байқау аяқталған соң Корея Республикасынан келген профессор Пак Сон Тхэ корей тілі оқытушылары үшін брифинг-семинар өткізді. Семинарда корей тілін оқытудың қазіргі жағдайы мен мәселелері талқыланады. Қазақстанда корей тілін оқыту жөніндегі өздерінің ұсыныстары, бағыттары және жаңа әдістерімен қазақстандық оқытушылар сөз сөйледі. Байқау шеңберінде ҚазҰУ мен Сонгюнгван Университеті арасындағы әріптестік жайлы келісімшартқа қол қою мүмкіндігі қарастырылды. Байқаудың ұйымдастырушыларының бірі ретінде ҚазҰУ-дың корейтану кафедрасының меңгерушісі Наталья Ем көзге түсті.
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі