Жаңалықтар

Робототехниканың үздіктері ҚазҰУ-да оқиды

9-жел-21

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атынан механика-математика факультетінің командасы «ETU Robocon 2021» университеттер арасында робототехника бойынша ІІ республикалық чемпионатқа қатысып, жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.

Биылғы чемпионат Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орайластырылып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналды. Шара «Цифрлық Қазақстан» және «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын дамыту аясында жүзеге асырылуда. Ұйымдастырушылар: Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Нұрсұлтан Назарбаев қоры, Еуразия технологиялық университеті және TMK Development Group.

Жобаның мақсаты – жас дарынды қазақстандықтарға жаңа технологиялар мен робототехника саласындағы әлеуетін одан әрі іске асыру үшін заманауи білім мен дағдыларды беру, атап өтсек: стартаптар құру, инновациялық шешімдерді әзірлеу, бағдарламалау, инжиниринг саласын дамыту.

Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев қатысушыларды айтулы оқиғамен құттықтап, «ETU Robocon 2021» жастар арасында робототехникаға деген қызығушылықты қолдауға және дамытуға бағытталғанын атап өтті.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров байқауға қатысушыларды қарсы ала отырып: «Robocon 2021 сіздер үшін кәсіби өсу, қарым-қатынас және шығармашылық үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін», – деді.  Чемпионатты жаһандық технология нарығындағы болашақ бәсекелестікке арналған жаттығу сессиясы ретінде қарастыруға болады.

Жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Өскемен және Алматы облыстарынан 15 студенттік команда қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінің «Робототехникалық жүйелер» мамандығының студенттерінен құралған «TechnoRIM» командасы қатысты, оның құрамына: топ жетекшісі Аманов Бекзат, команда капитаны Жолдасов Ернар (докторантура, 3-курс), Сағитжанов Берік (докторантура, 2-курс), Әзіл Заманбек (магистратура, 1-курс), Убайдуллаев Бауыржан (4-курс), Жаңаберген Дамир (4-курс), Ерболат Нұрсұлтан (4-курс), Смамқожаев Мадияр (4-курс). 

Білімді жастар бар өнерлерін, фантазиялық ойларын, тапқырлықтарын конкурстық жобаға салып, табысқа қол жеткізді. «Мен ұйымдастырушыларға, демеушілерге, еріктілерге және «ETU Robocon 2021» студенттерге арналған республикалық робототехника чемпионатын өткізуге үлес қосқандардың барлығына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Бұл шараға ҚазҰУ командасы орасан зор еңбек сіңірді», – деп қуанышымен бөлісті робот басқарушысы Жаңаберген Дамир.

«ҚазҰУ студенттері бірнеше жылдан бері «Robocon 2021» робототехника байқауына қатысып келеді. Ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Бұл шарада Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген студенттер өз білімдерін көрсетіп, замандастарымен тәжірибе алмасып, тіпті достар таба алады», – деді өз пікірінде робот жөндеуші Берік Сағитжанов.

«ETU Robocon-2021» байқауына Қазақстанның алты облысынан 15 команда – барлығы  150-ден астам адам қатысты.

Жеңімпаздарды құттықтаймыз және оларға оқуда, еңбекте, шығармашылықта  табыстар тілейміз!

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі