- Негізгі бет
- Жаңалықтар
«Кітап fest» жәрмеңкесі өтуде
09.12.2021Бүгін «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» онкүндігі аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында «Кітап fest» жәрмеңкесі ашылды. Оған университет оқытушылары және білім алушы жастармен қатар, қала тұрғындары мен қонақтар келді.
Шараны университет ректорының кеңесшісі, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев ашып, адам үшін жан азығы болған кітаптың құндылығына тоқталды. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жастарды біз үшін ең қымбат дүние – кітаппен қауыштырып отырмыз. Жәрмеңкеде оқу орнының «Қазақ университеті» баспа үйі өнімдерімен қатар, өзге де баспа, кітап дүкендерінің өнімдері таныстырылатын болады», – дей келе, осындай игі іс-шаралардың жиі өтуін тіледі.
Жәрмеңкеде жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту мақсатында «Қазақ университеті», «Qazyna», «Kitapal», «MARFU Press» баспалары мен кітап дүкендері оқырмандарға көптеген жаңа туындыларын ұсынып отыр.
«Qazyna» кітап үйінің маманы Гүлзира Әлиева: «Біздің ұжым білімнің қайнар көзі саналатын кітапты өскелең ұрпаққа өз тілінде оқытуды мақсат етеді. Сол себептен жәрмеңкеге оқытушылар мен жастар сұранысын ескере келе, ең таңдаулы кітаптарды әкелдік. Бұл жерден қазақ тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрі және тұлғалық дамуға қатысты түрлі бағыттағы кітаптарды табуға болады», – дей келе, студенттерге арнайы жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтті.
Сонымен қатар келушілер Әл-Фараби кітапханасының ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы», «Тәуелсіздік және Тұңғыш Президент», «Билік сабақтастығы», «Тәуелсіздіктің бейбіт күндері», «Тәуелсіздік жылдарындағы сыртқы саясат», «Тәуелсіздік шежіресі» тақырыбындағы танымдық кітап көрмесімен таныса алады.
Жәрмеңкеге келген химия және химиялық технологиялар факультетінің 3-курс студенті Мәдина Матжанова: «Осындай ірі баспалар мен кітап дүкендерінің басын қосқан тамаша жәрмеңке үшін ризашылығымды білдіремін. Мен өзім көптен жоспарлап жүрген кітабымды сатып алдым. Мұндай шаралар кітап оқуды насихаттап қана қоймай, жастардың кітаппен көбірек достасуына ықпал етеді», – деген ойын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі