Жаңалықтар

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні құтты болсын!

16-жел-21

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері, магистрант-докторанттары!

 

Сіздерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздік мерейтойына арналған салтанатты жиында: «Біз текті халықтың ұрпағымыз. Ғасырлар бойы батыр бабалар ұлан-байтақ жерді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге мирас етті. Мен сол ата-бабалар аманатына әрдайым адал болдым. «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» дегендей, жұртымның жарқын болашағы үшін жанымды аямадым. Бүгін, арада 30 жыл өткен соң, сол асқақ армандарымның орындалғанын көру – мен үшін зор бақыт», –  деп атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тәуелсіздіктің отыз жылы – тұтас бір дәуір. Бұл – қиындықтар мен сынақтарды табанды түрде еңсеру дәуірі, тар жол, тайғақ кешумен салыстыруға болатын ұзақ кезең. Бұл – халқымыздың тарихында бетбұрыс болған жасампаздық дәуірі. Сондықтан ел азаматтарының атынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тәуелсіз Қазақстанды құрудағы ерен еңбегі үшін шын жүректен алғыс айтамын», – деп елдің ризашылығын жеткізді.

Тәуелсіздікті нығайтуға, ел бірлігін сақтауға, әр саланы гүлдендіруге  атсалысқан барлық азаматтарға алғыс білдірді.

Сондай-ақ ғасырлар тоғысында ел басқарып, отыз жыл туған халқының сенімін ақтауға күш салған Тұңғыш Президенттің идеяларын лайықты жалғастыруға шақырды.

 

Құрметті әріптестер, білім алушылар! 

 

Қазақ білімі мен ғылымының қарашаңырағы азаттықтың ақ таңында мемлекеттің қалыптасуына айрықша үлес қосты.  Әрдайым Елбасыға қолдау білдіріп, мемлекет жүктеген міндеттерді мінсіз атқарды.

Жоғары оқу орындарының арасында көш бастап, жастар тәрбиесі мен мамандар даярлау ісінде қырағылық танытты.

Алдағы уақытта да осы бағыттарыңыздан таймай, ел дамуына жаңа серпін беретіндеріңізге сенемін.

Мерейлі мерекеде отбасыларыңызға амандық, бақ-береке, елімізге тыныштық тілеймін!

Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ