Жаңалықтар

ШАХБАЗ ЕРШИН АТЫНДАҒЫ АУДИТОРИЯ АШЫЛДЫ

11-жел-21

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Механика кафедрасының 85 жылдығы аясында академик Шахбаз Ершин атындағы аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға отандық және шетелдік ғалымдар, оқытушылар мен білім алушы жастар қатысты.


Шахбаз Әлімгерейұлы Ершин – бар саналы ғұмырын ғылым мен білімге сарп еткен ұстаз, ғалым. Еңбек жолында ғылыми мектептің жетекшісі, диссертациялық кеңестің төрағасы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Білім мен ғылым саласындағы ерен еңбегі үшін академик Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қ.Сәтбаев атындағы I сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның құрметті инженері, «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дамуына қосқан айрықша үлесі үшін» үлкен алтын медалі және ҚР инженерлік істі дамытуға қосқан елеулі еңбегі үшін «Инженерлік даңқ» үлкен алтын медалімен марапатталған.

Алқалы жиында ғалымның жары, ф.-м.ғ.д., профессор Айнакүл Ершина Ұлттық ғылым академиясының академигі Зұлхайыр Мансұровпен бірге жаңа аудиторияның лентасын қиып, құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар қатысушылар назарына Механика кафедрасының ғылыми-зерттеу жұмыстары қойылған көрме ұсынылды.

Ғылыми басқосуға шетелдік ғалымдар – Ресей ғылым академиясының академигі Владимир Левин, Givi Peyman (АҚШ), C.Ф.Лучински (Польша), Б.И.Биибосунов (Қырғызстан) онлайн қосылып, баяндама жасады. Сондай-ақ ғалымның жақындары, әріптестері мен шәкірттері сөз алып, естеліктерімен бөлісті.

Жиын аясында «Механика» мамандығы бойынша қараша айында өткен республикалық студенттік олимпиаданың қорытындысы жарияланып, жүлдегер студенттер арнайы дипломдар және демеушілердің қаржылай сыйлықтарымен марапатталды.

Бұдан бөлек, үздік оқитын және ғылымға қызығушылық танытқан Механика кафедрасының студенттеріне отбасы атынан Ш.Ершин атындағы шәкіртақы тағайындалып, студенттерге табыс етілді.