Жаңалықтар

ҚазҰУ магистранттары Германияда тағылымдамадан өтті

24.12.2021

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жасанды интеллект және Big Data кафедрасының бір топ магистранттары Бойт атындағы Берлин қолданбалы ғылымдар университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті.  

Білім алушыларға Бойт атындағы Берлин қолданбалы ғылымдар университетінің профессоры Борис Резник дәріс оқыды. Ғалым «Геодезияға жасанды интеллектті зерттеу және енгізу», «Қалалық нысандардың деформацияларын талдау үшін жасанды интеллекті қолдану», «Германияда Smart city-ді іске асыру тәжірибесі» тақырыптарын қозғап, ғылыми зерттеулер бойынша тәжірибесімен бөлісті.

Магистранттарға жетекшілік еткен ҚазҰУ-дың кафедра меңгерушісі, ф.-м.ғ.к., доцент Мәдина Мансұрова өз кезегінде университет, оның ішінде жасанды интеллект және BigData кафедрасы оқытушыларының білім беру бағдарламалары мен зерттеулері жайлы ақпарат беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Сонымен қатар магистранттар Лиссабон университеттік институтында болып, осындағы телекоммуникация институты қызметкерлерінің қатысуымен өткен кездесулер мен семинарларға қатысты.

Топ жетекшісі Мәдина Есімханқызы институтта «Қант диабетімен ауыратын науқастар мониторингінің зияткерлік ақпараттық-талдау жүйесін әзірлеу және ауруды басқару бағдарламасын қамтамасыз ету» тақырыбында баяндама жасап, семинар өткізді. Оның барысында ынтымақтастық мүмкіндіктері және «Зияткерлік басқару жүйелері» мамандығы бойынша докторантураның бірлескен қос диплом бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды.

ҚазҰУ магистранттары Амангелді Бейбарыс пен Нұрдәулет Тасмұрзаевтың «SmartLab жобасын іске асыру» атты баяндамалары да қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.

Сондай-ақ тағылымдама аясындағы «Smart health inageingera: technologies and interventions» атты дөңгелек үстел магистрант, докторанттармен бірге жұмыс жасайтын әртүрлі зерттеу салалары ғалымдарының басын қосты. Қатысушылар зияткерлік зондтау әдістері, мобильді денсаулық, smart үйлер және қалалардың технологиялары мен құрылғыларын қолдана отырып, егде жастағы қоғамн мәселелерін тиімді шешу жолдарын қарастырды. Бұдан бөлек, шешім қабылдау мәселелері, деректерді талдау, қауіпсіздік және құпиялылық аспектілері кеңінен талқыға түсті.

DAAD академиялық алмасуларының Германиялық қызметі қолдауымен жүзеге асқан ғылыми тағылымдамада білім алушы жастар инновация мен жаңа технологиялардың озық үлгілерін көзбен көріп, мол тәжірибе жинақтап қайтты.