- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ел тарихын жаңаша тани бастадық
28.12.2021Тәуелсіздік рухынан қуат алған университеттің тарих факультеті ғалымдары өткен отыз жылда отандық тарихтың барлық кезеңдеріне, оның ішінде ежелгі және ортағасырлық Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін жаңаша көзқарас тұрғысынан қарастырып, ондағы ең өзекті проблемаларға қатысты бірнеше жүздеген ғылыми мақала жазып, ондаған монографиялық зерттеу еңбектерін жариялады. Д.Дулатова, Ә.Хасенов, С.Жолдасбаев, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Н.Масанов, М.Елеуов, Ә.Төлеубаев, Ж.Құндақбаева, Б.Сайлан, Н.Нұртазина, Г.Хабижанова секілді тарихшыларымызбен бірге осы мақсатта жұмыла еңбек еттік. Бұл ел тарихын жаңаша тұрғыда танып-білуге мүмкіндік берді. Нақтырақ айтсақ, профессорлар М.Қойгелдиев пен Т.Омарбеков алғаш рет отандық тарихнамада бұрын тыйым салынған мәселелер – Алаш қозғалысы мәселесі мен XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы аграрлық реформалар мен оның қорытындысы – қазақ жеріндегі аштық пен оның салдарларын зерттеп, монографияларын жариялады.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары факультет тарихшысы, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Н.Масановтың «Кочевая цивилизация казахов» атты (1992) монографиясы жарық көріп, бұл еңбек қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығы – көшпелі мал шаруашылығының табиғатын, қалыптасуы мен дамуына арналған тек отандық тарих ғылымындағы ғана емес, әлемдік тарих ғылымындағы ең сүбелі еңбектер қатарына жатты. Автор өз еңбегінде көшпелі мал шаруашылығының қоршаған ортамен байланысын, табиғи-климаттық ерекшеліктермен өзара қатынасын, төрт түлік малдың маусымдық жайылымдарда өмір сүруін, жайылымдардың түрлерін, олардың ерекшеліктерін терең қарастырады. Автор бұл еңбегінде көшпелі мал шаруашылығына қатысты және оның өмір сүруінің маңызды ерекшелігі ретінде дисперсиялық заңдылықты негіздеп береді. Сондай-ақ көшпелі қоғамдағы саяси жүйенің қалыптасуы мен өмір сүру жағдайларын, ерекшелігін түсіндіреді. Қорыта айтқанда, факультет өкілі Н.Масановтың бұл еңбегі номадологиядағы сол жылдарда жарық көрген ең маңызды еңбектер қатарына жатты.
Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында отандық тарих ғылымында таптық принциптен бас тартудың басталғанын көреміз. Дегенмен бұл үдеріс бірден қарқынды жүріп, жаңа ұстанымдар бірден орныға қойған жоқ. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары тарихшыларымыз диалектиканың «терістеуді терістеу» атты заңына сәйкес, кеңестік кезеңде жасалған тұжырымдарға жаңа көзқарастар тұрғысынан қарап, оларды сынға алып, тарихымыздағы «ақтаңдақтардың» беттерін ақтарып, ақиқатын аша бастады. Соның нәтижесінде 1992-94 жылдары, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары көлемі жағынан кішірек болса да, салмағы мен маңызы жағынан ауыр әрі құнды еңбектер жарық көре бастады. М.Қозыбаевтың «Ақтаңдақтар ақиқаты» (1992), тарих факультетінің сол кездегі жас зерттеушілері, тарих ғылымының кандидаттары М.Қойгелдиев пен Т.Омарбековтің бірлесе жазған «Тарих тағылымы не дейді?» (1993), М.Қозыбаевтың «Жауды шаптым ту байлап» (1994) атты еңбектері шығып, сол тұстағы тәуелсіз елдің жаңа сұраныстарына жауап бере бастады. Негізінен, бұл көрсетілген еңбектерде тарихшылар тәуелсіздік кезеңіне дейін отандық тарихтың мүлде зерттелмеген немесе аз зерттелген, тіпті зерттеуге билік тарапынан тыйым салынған, сондай-ақ бұрынғы таптық ұстаным бойынша әдейі бұрмаланған тарихымыздың ең өзекті мәселелерін қарастырады.
1996 жылы Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы кафедрасының доценті Ә.Хасеновтің «Қазақ тарихының бес мыңжылдық баяны» атты монографиясы жарық көріп, бұл монография сол жылдары отандық тарих ғылымындағы зор сенсация болып саналды.
1997 жылы тарих факультетінің өкілі, Ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры С.Жолдасбаевтың «Жетісу тарихы» (Қазақтардың XV-XVII ғасырлардағы жартылай отырықшы мәдениеті) атты монографиясы жарыққа шығып, ол еңбек өзінің ғылыми ерекшелігімен айрықша бағаланды. Автор ұзақ жылдар бойы Жетісу өңіріндегі тұрғындардың қыстаулары мен қоныстарына жүргізген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері мен жазба дерек материалдарына негіздеп, Жетісу өңірінде өмір сүрген қазақ халқының тарихын, шаруашылығын зерттеген. Автордың бұл еңбегі де отандық тарих ғылымындағы зор жетістіктер қатарына жатты.
Ел тәуелсіздігінің алғашқы онжылдығында Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасының Үкіметі халықтың тарихи санасын нығайтуға арналған бірнеше жарлық пен арнайы қаулылар қабылдады. Олардың алғашқысы ҚР Үкіметінің 1993 жылғы «Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын атап өту туралы» қаулысы және 1998 жылды «Ұлттық тарих және халық бірлігі» деп атау туралы президент қол қойған жарлық болатын. Оқу ордасының тарихшыларына жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін көптеген мақалалар жарияланып, іс-шаралар ұйымдастырылды.
Тәуелсіздігіміздің екінші онжылдығында тарих факультетінің ғалымдары отандық тарихтың мәселелерін зерттеуде өте маңызды табыстарға қол жеткізіп, тіпті бұрын-соңды сараланбаған тақырыптарды қолға алды. Мәселен, соның бірі – қазақ ру-тайпаларының тарихын зерттеу. 2003 жылы Ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор Т.Омарбековтің ғылыми жетекшілігімен «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Мұнда А.Қалыш, Г.Хабижанова, Т.Қартаева, М.Ноғайбаева, М.Байдәулетова секілді тарихшылармен бірге ғылыми ізденістерді жүзеге асырдық. 2010 жылға дейін жұмыс істеген бұл орталық үш ай сайын оқырманға жол тартатын «Алаш» ғылыми журналын жариялап тұрды. Ең бастысы, 26 томнан тұратын ру-тайпалар тарихын баспадан шығарды.
Жалпы алғанда, факультет ғалымдары аталған жобаны жүзеге асыру барысында мынадай кітаптарды жазып шықты. Олар: «Тама» – үш том, «Табын» – екі том, «Жағалбайлы» – екі том, «Телеу» – бір том, «Керейт» – бір том, «Кердері» – бір том, «Рамадан» – бір том – барлығы Жетіру тайпалық одағына енетін жеті тайпаның тарихы 11 томды құрады.
Одан басқа, «Арғын» – үш том, «Найман» – үш том, «Қаңлы» – бір том, «Дулат» – екі том, «Жалайыр» – екі том, «Қаракесек тайпалық бірлестігі немесе алты ата Әлім» төрт том болып жарық көрді. Барлығы 26 том болатын қазақ ру-тайпаларының тарихы жазылды.
Тәуелсіздігіміздің үшінші онжылдығында ғалымдарымыз Қазақстан тарихының этно-саяси, саяси-экономикалық, мәдени-рухани бағыттағы зерттеулерін одан әрі жалғастырып, көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, 2014-15 жылдары «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты ұзақ жылғы зерттеу жұмыстарымның нәтижесін баспадан шығардық. Бұл Елбасымыз Н.Назарбаевтың 2015 жылды «Қазақ хандығының құрылғанына – 550 жыл» деп жариялауымен тұспа-тұс келді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің тарихшыларына жеті томдық Қазақстан тарихын жазу туралы тапсырмасына факультет тарихшылары белсене араласуда. Көптомдықтың 1-ші томы негізінен археологиялық дәуірді қамтыса, оны орындауға факультеттегі Археология және этнология кафедрасының ғалымдары атсалысып жатыр. Жеті томдықтың екінші және үшінші томдарын орындауға Б.Көмеков, Н.Нұртазина, Г.Хабижанова, А.Жұмаділ, ал маған Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы ретінде 4-ші томды орындау міндеті жүктелді. Осы томның негізгі тарауларына М.Ноғайбаева, Т.Қартаева, А.Жұмаділ, Н.Тасилова, Э.Телеуова секілді оқытушы-профессорлар құрамымен бірге атсалысатын боламыз.
2004-13 жылдар аралығында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасына да тарих факультетінің мамандары белсене қатысты. Бұл мемлекеттік бағдарламаның бір құрамдас бөлігі – археологиялық зерттеулер. Бұл жұмыстарды факультет археологтары – У.Шәлекенов, Ә.Төлебаев, М.Елеуов, Ғ.Омаров және олардың шәкірттері бірігіп атқаруда.
2016 жылы «Қазақ хандығының күшеюі», «Қазақ хандары» (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде) атты еңбектерім жарық көрді. Ал 2019-21 жылдар аралығында менің авторлығыммен «Қазақ хандары туралы зерттеулер», «Қазақ хандығының басқару институттары» (авторлармен бірге) атты монографиялар жарық көреді. Тәуелсіздігіміздің үшінші онжылдығы ішінде Тұңғыш Президентіміздің «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын жүзеге асыратын мемлекеттік комиссия құрамында еңбек еттім.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасының 25 жылдық мерекесіне арналған «Тәуелсіздіктің 25 аса маңызды оқиғалары» (2016 жыл), «Тәуелсіздіктің 30 айшықты оқиғасы» (2021 жыл) атты қоғамдық-саяси жанрдағы кітаптарым оқырманға жол тартты.
Жалпы, қорыта келе, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіндегі Қазақстан тарихы кафедрасының ғалымдары ұлттық сананың орнығуы мен дамуына өз үлестерін қосуда.
Берекет КӘРІБАЕВ, тарих ғылымының докторы, ҚР ҰҒА академигі