Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ

28.12.2021

Саналы ғұмырын ғылым жолына арнап, зерделі еңбектерімен халықаралық деңгейдегі ғалымдарды мойындатқан Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов 80 жасқа толды. Ел зиялысы еңбек жолын қарапайым оқытушылық қызметтен бастап, жоғары оқу орнының ректорына дейінгі аралықтағы баспалдақтан түгел өтті. Саналы ғұмырында қазақ ғылымының көшін алға сүйреп, ағарту саласының ауыр жүгін зор жауапкершілікпен арқалады. Білім министрлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының қызметін ұтымды ұйымдастырып, химия ғылымының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.

Әсіресе еліміз егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялағаннан кейін отандық ғылымының жоқ-жітігін түгендеуге барын салды. Тоқсаныншы жылдардың басында Түркістанда жаңа университет ашылып, білім ордасына басшылық етуге кандидатурасы бірден таңдалды. Сол уақыттағы Білім министрі Ш.Шаяхметов қасиетті Түркістан өңірінің түлегі, жоғары оқу орындарында басшылық лауазымдар атқарған, Ғылым академиясының Жанармай, катализ және электр химиясы институтының директоры М.Жұрынов лайық деп тапты. Бұл шешімді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев қолдап, 1991 жылы Түркістан мемлекеттік университетіне ректорлық қызметке тағайындалды.

Осы оқиға туралы ғалым бір әңгімесінде «Елбасы 1991 жылы мені қабылдауға шақырып, Түркістанда жаңа оқу орнының ашылатынын, көне шаһардың түркі әлеміндегі орнын, сол жерде әулие бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің жатқаны туралы сөз қозғады. Үш ғасыр бойы астанамыз болған, тарихи тұлғалар жерленген тарихы терең қаланы қайта жандандыру туралы ойы барын жеткізді. Ол кезде Түркістанда ғылыми қыз­мет­тің негізі қаланбаған еді. Алайда сенім артылған соң Таш­кент, Алматы, Қарағанды, Шым­­кент қалаларынан ғалым­дар­ды шақырып, жұмысымызға кірісіп кеттік. Барлығымыз Түркі­с­танның келешегіне сеніп кел­дік. Бұл Елбасының Түркістан арқылы бүкіл түркі әлемін бірік­тіру идеясы еді» деп еске алғаны бар.

Шындығында, арада екі жыл өткеннен кейін білім ­ордасына Қожа Ахмет Ясауи атының берілуі әрі оның Халықаралық қазақ-түрік университеті мәртебесіне ие болуы бүкіл түркі дүниесіндегі тарихи мәні бар үлкен құбылыс және еліміз үшін биік абырой болды.

Сол жылдары «Аудандық деңгейде халықаралық жоғары оқу орнын ашу кімге керек?» деп сынағандар да болды. Мұрат Жұрынұлы бастаған ғалымдар, оқытушылар ештеңеге қарамай еңбек етті, білім мекемесінің дәрежесін көтерді. Бүгінде алдыңғы қатарлы озық университетке айналған осы білім ордасынан қазақ жастары ғана емес, түркітілдес мемлекеттердің де азаматтары сапалы білім алды. Қазір сол студенттер білікті маман атанып, әр салада өнімді еңбек етіп жүр.

Академик ағамыз жаңадан ашылған университетті аяғынан тұрғызуға барын салды. Оқу орнының материалдық-техникалық базасын айтпағанда, маман-кадрлар тапшы еді. Сондықтан оқытушылардың өзін еліміздің түкпір-түкпірінен жинауға тура келді. Уақыт өте келе оқу ордасын халықаралық деңгейге көтеріп, түрік кәсіпкерлерін тарту арқылы көпшіліктің көкейіне сенім ұялатты.

Қайраткер ғалымның білім саласындағы ерен еңбегі, кәсіби білігі ескеріле келе, 1995 жылы ҚР Білім министрі болып тағайындалды. Бұл жылдары еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалы өте күрделі еді. Мектеп ұстаздары, оқу орындарының оқытушылары, небір мүйізі қарағайдай ғалымдарымыз күнкөрістің қамымен қарабазар жағалап кеткені аян. Өтпелі кезеңнің өліара шағында мойынға түскен ауыртпашылықтан елді өз кәсібіне адал мамандар алып шықты. Солардың бірі де бірегейі Мұрат Жұрынұлы екенін тағы да мақтанышпен айта аламыз. Өйткені сол тұста елдегі білім сапасының құлдырауына жол бермей, ағарту саласына үлкен жауапкершілікпен басшылық жасады.

Ал 2000 жылдардың басында Білім және ғылым министрлігіне қарасты Д.Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электр химиясы институтының директоры қызметін атқара жүріп, ғылыми ізденістерін жалғастырды. Тың жаңалықтар ашты. Соның бірі – отандық катализаторды жасап, оны өндіріске қосу мәселесі болатын. Талай басшының алдына барып, тайсалмай ұсыныстарын айтты. Сөйтіп, отандық ғалымдардың ғылыми еңбектерін жергілікті кәсіпорындарға енгізу мәселесін күн тәртібіне қойды. Ішкі нарықта шетелдік тауарлардың емес, отандық өнімнің пайдалануына мүдделілік танытты. Ғылым ордасының басшысы көтерген бұл мәселе күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ.

Әлемде катализді зерттейтін санаулы-ақ ғылыми институт бар. Соның бірі көрнекті ғалым басқаратын осы Жанармай, катализ және электр химиясы институты. Ғылыми-зерттеу мекемесі Франция, Жапония, Ресей сынды елдердің салалық мамандарымен иық тірестіре жұмыс істеуде. Бұл Мұрат Жұрынұлының жылдар бойғы тынымсыз еңбегінің жемісі.

2003 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті болып сайланып, бүгінге дейін отандық ғылымның ақ ордасын абыроймен басқарып келеді. Терең білім, мол тәжірибесінің арқасында Қазақстан ғылымының қарашаңырағын жаңа даму деңгейіне көтерді. Ол академияның әр қызметкеріне, әрбір мүшесіне ерекше ықыласпен қамқор болып, үлкен-кіші демей ғалымдардың бәріне қолдау көрсетуде. Тағылымды тұлғаның ғылым жолындағы сүбелі ізденісі мен бүгінге дейін қол жеткізген табыстары әлемдік ғылыми қауымдастықта мойындалып, жоғары бағасын алды. Терең ізденістері нәтижесінде бірнеше халықаралық академиялардың мүшесі атанды.

Осы жерде бір ғана мысал келтіре кетейін, ұлағатты ұстаз 2019 жылы өзінің шәкірттерімен, ғылыми қызметкерлерімен «Титанның қышқыл су ерітінділеріндегі постэлектролиздік химиялық еру құ­былысы» деген дүниежүзілік ғалымдар мойындаған ғылыми жаңалық ашты. Титанның нанокристал диоксиді күн сәулесінен электр энергиясын алу процесін жақсартып, үлкен экономикалық тиімділік береді. Бұл – осыған дейін адамзатқа беймәлім болған құбылыс, химия саласы бойынша Қазақстанда ашылған тұңғыш ғылыми жаңалық. Біздің білетініміз, титан – ең тұрақты металдардың бірі. Қазақстанда оның өте көп қоры бар. Титаннан химиялық реакторлар, тікұшақ, ұшақ, кемелердің негізгі бөлшектері жасалады. Оның керемет антикоррозиялық артықшылығы – теңіз суында 200 жыл жатса да шірімейді. Бірақ сол титаннан жасалған құралдар тозған кезде оны ешқайда қолдана алмаймыз. Себебі оны қайтадан балқыту қиын, ал еріту мүмкін емес еді. Жұрынов бастаған команда оның оңай жолмен еріту әдісін тапты. Осы жаңалықтың негізінде Қытайдың Шэньси провин­циясындағы дүние жүзіндегі ең ірі Боацзи титан корпорациясы 3 млн доллар тұратын шаруашылық келісімшарт жасауға ынталы болып отыр. Пандемиядан кейін шекара ашылған соң бұл мәселе бойынша келіссөздер жалғасады деген сенімдемін.

Кезінде Қаныш Сәтбаевтай ірі тұлға негізін қалаған қарашаңырақтың жұмысын Мұрат Жұрынұлы өзінің беделі мен білігі арқасында заман талабына сай жандандырып, жаңаша түлетуде. Елбасы ғылым мен білім саласына үнемі көңіл бөліп, жағдайды назардан тыс қалдырмайтынын білеміз. Ұлт көшбасшысы Мұрат Жұрынұлы тізгінін ұстап отырған ғылым ордасы туралы: «Қазақстан Ғылым академиясы күрделі кезеңде құрылғанына қарамастан, азғана уақытта елдің ғылыми жүрегіне айналып, ғылым әлеуетін ұйыстыра білді. Ғылымның негізгі бағытын айқындап, олардың дамуына тың қарқын берді. Ең бастысы, жастарды ғылымға тартып, интеллектісі жоғары ғалымдар шоғырының қалыптасуына ықпал етті. Академия қабырғасында еліміздің мақтанышына айналған алыптар тобы еңбек етті» деген еді.

Ал 2019 жылы Мұрат Жұрынұлын қабылдаған кезінде ғылымды басқаруды орталықсыздандыру ісінің өзектілігіне және ғылыми зерттеу жұмысын жекелеген университеттерде дамыту қажеттілігіне тоқталды. «Ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізудің маңызы зор», – деді ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Сол кезде академия басшысы бірлестіктің халықаралық деңгейдегі беделінің артуына батыстық даму үлгісі септігін тигізгенін тілге тиек етіп, «Біздің академия – барлық беделді ғылыми бірлестіктердің мүшесі», – деген еді зор қуанышпен.

Мұрат Жұрынұлының тәуелсіздік тұсында туыстас түркі халқының басын біріктіруге, түркі дүниесінің келешегіне, оның ортақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқанын атап өткеніміз абзал. Ғалым түркітілдес елдердің академиялық одағын құру туралы игі бастаманы көптен бері көтеріп жүр. «Түбі бір түркі елдерінің ғылымы мен руханиятында тың көзқараспен зерттеп зерделейтін ортақ тақырыптар, келелі мәселелер бар. Бұған қоса, заманауи ғылымды жетілдіру үшін бір-бірімізден үйреніп, тәжірибе алмасудың маңызы зор» деген сөзін қос қолдап құптауға болады.

Өйткені соңғы он жыл ішінде түркітілдес елдердің мемлекетаралық ынтымақтастығы белгілі бір эволюцияны бастан өткізді, бүгінгі таңда дамудың сапалы жаңа кезеңіне қадам басты. Тәуелсіздігіміз арқылы мемлекетіміз жаңа өркениетке бет бұрды, еліміздегі әр ұлттың тұтастығы мен бірлігі нығая түсті. Түркілік дүниетанымға негізделген төл тарихымызға жаңа көзқарас қалыптастырдық. Ұлттық мәдениет пен ғылым тәуелсіз сана тұрғысынан зерделенді. Сондықтан түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми интеграцияның болашағы зор деп ойлаймыз. Келешекте қайраткер ғалым Мұрат Жұрынұлының бұл ойы да жүзеге асады деген үлкен үмітіміз бар.

Биылғы халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз. Жалпы, еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз», – деді.

Қайраткер академик індет өте белең алып тұрған кезде де академия қызметін жаңа арнаға бұрып, жергілікті ғалымдар мен шетелдік мамандарды ауқымды жобаларға, әсіресе COVID-19 кеселіне қарсы вакцина жасауға жұмылдырып, қашықтан тер төкті. Әлі де мемлекет жүктеген міндеттерді мінсіз атқарып, қазақ ғылымына тың жаңалықтар қосарына сенеміз.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры