Жаңалықтар

Қаржылық сауаттылық арттыратын портал ашылды

29.12.2021

Елімізде қаржылық сауаттылық бойынша бірыңғай дереккөз және негізгі ақпараттық ресурс болып табылатын fingramota.kz интернет порталы іске қосылды. Бұл ҚазҰУ оқытушылары мен білім алушылары үшін де қаржылық сауаттылықты арттыруға тамаша мүмкіндік.

Медиапортал – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында іске асыратын жобаларының бірі.

Мұндағы мақсат – әр оқырманға оларды қызықтыратын әрі пайдалы болатын ақпаратты: ақшаның төлем құралы, жинақтау құралы, инвестиция ретіндегі рөлін түсінікті тілмен жеткізу.

FinGramota.kz сайты – ақпараттық-түсіндірме сипатындағы эксклюзивті танымды материалдары, қаржы жаңалықтары, оқыту роликтері, бейнелі ақпараттық графикасы және қаржылық сауаттылық бойынша басқа да ақпарат қамтылған бірегей алаң. Ол қаржылық сауаттылық деңгейі және қаржылық мүмкіндіктері әртүрлі ауқымды аудиторияға: балалар, университеттер мен колледждердің студенттері, жастар, ата-аналар, ұстаздар, жұмыс берушілер, волонтерлер, зейнеткерлер, ғалымдарға арналған бөлімдерден тұрады.

«Ақпаратты жеткізудің мақала, бейнематериалдар, ақпараттық графика, анимациялық роликтер, сарапшылардың кеңес беруі сияқты түрлі тәсіліне қарамастан, біз сіздерді маңызды қаржылық оқиғалар туралы да хабардар етеміз. Сіз қолда бар қаражатты қалай жұмсауға болатынын, қаржылық қызметтерді тұтынушылар ретінде құқықтарыңызды қорғауды, қаржылық алаяқтар мен қаржылық пирамидаларға төтеп беруді, электрондық ақша әлемін игеруді, қаржылық мақсаттарға жетуді, өз кредиттік тарихыңызды даулауды және тағы басқа көптеген жағдайларды үйренесіз», – дейді жоба ұйымдастырушылары.

Бұдан бөлек, агенттік ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 30 мамырдағы №338 қаулысымен бекітілген «Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде Fingramota Online мобильдік қосымшасын іске асыруда. Ол қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын және мүдделерін қорғау, қаржылық сауаттылықты арттыру мәселелері бойынша қаржы реттеушісінің халық пен бизнеспен өзара іс-қимылының ыңғайлы құралын білдіреді. Қосымшаны App Store және Play Market-те жүктеп алуға болады, сондай-ақ мобильді қосымшаның веб-нұсқасы қолжетімді.