Жаңалықтар

ҚазҰУ-дың 13 ғалымы лауреат атанды

29.12.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ғылым саласында мемлекеттік стипендия мен атаулы сыйлықтарға ие болған лауреаттармен кездесті. Жүздесу барысында университет басшысы алдымен жетекші және жас ғалымдарды жеткен жетістіктерімен құттықтады. Сонымен қатар 56 үміткердің ішінен ҚазҰУ-дың 13 зерттеуші ғалымы мемлекеттік стипендия мен атаулы сыйлықтың иегері атанғанын атап өтті.


«Баршаңызды марапатқа жетулеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз бен ҚазҰУ-дың ғылымын дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздердің барлық бастамаларыңызға университет тарапынан қолдау көрсетіледі», – деді университет ректоры.

Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев жоғары оқу орны ғылымын дамыту үшін жаңа технологияларды енгізу қажеттігін, сонымен қатар әр зерттеуші ғалымның идеяларын тыңдауға және қолдау көрсетуге дайын екенін тілге тиек етті.

«Қазіргі әлемде университеттің рөлі мен үлесі білім беруден бөлек, ғылыми-инновациялық функциямен де анықталады. Әлемнің көптеген жоғары дамыған, озық елдерінде университет табыстылығының көрсеткіштері өндіріске енгізілген патенттер, соның негізінде ұлттық инновациялық экономика дамитын коммерцияландырылған технологиялар болып табылады. Біз ғылым мен инновация саласында бәсекеге қабілетті болуымыз керек», – деді Жансейіт Түймебаев.

Кездесу соңында университет ректоры мемлекеттік ғылыми стипендия лауреаттарына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ алдағы уақытта зерттеуші ғалымдар өздерінің жобаларын жан-жақты түсіндіру мақсатында арнайы пікірталас форумы өтетінін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі