Жаңалықтар

ҚазҰУ ғалымдары үздіктер қатарында

30.12.2021

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті жариялаған «Үздік ғылыми қызметкер – 2021» республикалық байқауының қорытындысы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жеті ғалымы үздік деп танылды.

Атап айтсақ, Теориялық және ядролық физика кафедрасының доценті Қуантай Бошкаев, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Дәулетов, Математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының профессоры м.а. Әлібек Исақов, медицина ғылымының кандидаты, PhD докторы Қайрат Дәулетов, экономика ғылымының докторы Ләззат Спанқұлова, Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының профессоры Гүлнафис Әбдікерова, Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының доценті Гүлдана Қуанәлиева. Енді жеңімпаздардың әрқайсысы 2000 АЕК, яғни 5 млн 834 мың теңге көлемінде куәлік пен сыйақы алады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды қолдауға ерекше көңіл бөлуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл 500-ге жуық ғалымның ғылыми тағылымдамадан өтуіне стипендия тағайындалып, постдокторантура үшін жас ғалымдарға 1000 грант бөлінді. Президент тарапынан ғалымдарды қолдаудың кезекті шарасы жыл сайынғы «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын тағайындау болды. Ұйымдастырушылар бұл байқаудың ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды, ғылыми қызметкерлерді қолдауға бағытталғанын айтады.

«Биыл министрлік алғаш рет еліміздің үздік ғалымдары үшін сыйақы тағайындады. Байқауға қатысуға өтінімдер арнайы құрылған және автоматты түрде сегіз өлшемшарт бойынша балдары бар ақпараттық жүйе арқылы қабылданды. Бұл байқаудың ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз етті. Ғылыми жетістіктерді бағалау критерийлері ғылыми және сараптамалық қауымдастықпен бірге жасалды. Байқаудың барлық қатысушысы өтінім беру кезеңінде өз балдарын көре алды», – деп атап өтті ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева.

Айта кетейік, байқауға қатысу үшін барлығы жеті бағыт бойынша 575 өтінім келіп түскен. Нәтижесінде комиссия мүшелері алты ғылыми-зерттеу институты мен 16 жоғары оқу орнынан 50 ғалымға «Үздік ғылыми қызметкер – 2021» сыйлығын беру туралы шешім қабылдаған.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі