Жаңалықтар

Біз үшін еліміздің тыныштығы қымбат

05.01.2022

 

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері, магистрант-докторанттары!

Елімізде орын алған күрделі жағдай барлық қоғам мүшелерінің таралып жатқан ақпараттарға салқынқандылық танытып, байыппен қарауын талап етеді.

Ел Президенті Қ.К.Тоқаев қазақстандықтарды қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін ереуілге шыққан топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен шешім қабылдауға үндеді.

Біз де сіздерден қазіргі жағдайда заңсыз шерушілерге қосылудан, арандатушыларға еруден, экстремистік топтардың ұйымдасқан лаңкестік әрекетінен сақ болуды сұраймыз.

Жалған мәліметтерді таратуға және жолдауға жол бермеңіздер. Біз үшін әрбір Қазақстан азаматының амандығы, еліміздің тұтастығы, жеріміздің тыныштығы маңызды. Тәуелсіз мемлекетіміздің тұрақты тіршілігі мен бейбіт өмірі бәрінен қымбат.

Қандай қоғамда болсын тәртіпсіздік пен заңсыздыққа жол жоқ. Еліміздің ынтымағы мен бірлігіне нұқсан келтіруді көздейтін деструктивті топтардың үндеуіне құлақ аспау қажет. Бейбіт елдің берекесін бұзғысы келетіндер мен ұлан-ғайыр жерімізге көз алартатындар жоқ емес. Көпшілік арасына «от тастаушылар» бой көрсете бастады.

Жылдар бойы бәріміздің табан ақы, маңдай терімізбен жасалған игілікті бүлдіріп, талан-таражға салуына жол бермейік. Кез келген оң өзгерістер мен талап-мақсаттарға заңды, демократиялық жолмен жетуге болады. Қазіргі уақытта елдегі жағдайға байланысты арнайы үкіметтік комиссия құрылып, тиісті шешімдер қабылдануда. 

Сондықтан әрқайсыңыздан өзіңіздің, отбасыңыз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және сабырлылық танытуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырамын. 

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректоры