Жаңалықтар

ҚазҰУ Президентті қолдайды

10.01.2022

 

Бұзақы топқа тойтарыс беруіміз қажет

 

Құрметті қазақстандықтар, елімізде 2022 жылдың алғашқы аптасында қиялымызға келмеген өте қиын жағдай орын алды. Жиылған топқа күтпеген жерден қосылған бұзақылар халқымыздың байлығын тонап, тыныштығымыздың талқанын шығарды.

Қаңтардың 5-жұлдызында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев оқу орнының барлық жауапты қызметкерлерін жинап, осындай жағдайда қалай әрекет ету қажеттігі туралы өзінің үкімін бізге таныстырған еді. Қазіргі таңда осыны негізге ала отырып, белсенді түрде жұмыс істеп жатырмыз. Телефон немесе хабарлама жіберу арқылы барлық студенттеріміз бен оқытушыларымызға ахуалды түсіндірдік. Емтихандардың өтетін мерзімін ретке келтірдік. Оқу орнының ректоры бастаған штат тәулік бойы жұмыс істеуде. Қазірдің өзінде ғимаратта отырып, оқытушылармен байланысты үзген жоқпыз.

Әкімшіліктерге шабуыл жасау, телевидение ғимаратын өртеу, банктерді тонау секілді жантүршігерлік жағдай ешкімнің де ойына келмеген. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықты сабырлыққа шақырып, қандай шараларды жүзеге асыруымыз қажеттігі жайында үндеу жасады.

Бүгінде Президентіміз демократиялық түрде халық талабына құлақ асқанын байқап отырмыз. Мемлекет басшысының экстремистік топтардың іс-әрекетіне қарсы жасалған саясаты жұртшылық қолдауына ие болып отыр. Өйткені бұқара халық өмірімізге қауіп төндіріп, жеке мүлкімізге зиян келтірген және тынышымызды бұзған бұзақыларға қалайда тойтарыс беру қажеттігін түсінеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып отырғандай, ең басты байлығымыз – тәуелсіздігіміз, егемендігіміз. Әлем картасында Қазақ деген мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін ақылмен, заңды түрде мақұлданған қадамдарға баруымыз қажет. Сондықтан лаңкестердің сұмдық іс-әрекетіне қарсы жасалған шараларды жүзеге асыруға 100 пайыз келісеміз. «Темірді қызған кезде соқ» деген қазақтың даналығы бар. Бұл сәт тез арада шешім қабылдап, әрекет ететін уақыт. Сондықтан халықты сабырлыққа шақырғым келеді. Қазір бірлігімізді сақтап, еліміздің тұтастығына іріткі салған топқа қарсы тұру аса маңызды.

 

Болатхан ЗАЯДАН,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

биология және биотехнология факультетінің деканы,

б.ғ.д., профессор,

ҰҒА академигі

 

 

 

 

Ауызбіршілігімізден айырылмайық

 

Президентіміз соңғы кезде елімізде орын алған жағдайларға байланысты бірнеше рет халықты сабырлыққа шақырып үндеу жасады. Мемлекет басшысы айтқандай, ең бастысы, қазіргідей қиын-қыстау кезеңде бірлігімізді сақтап, тәуелсіздігімізден айырылмауымыз қажет. «Абырой тамшылап жиналып, уыстап төгіледі» дейді дана халқымыз. Соның алдын алу үшін ел бірлігіне сызат түсірмей, егемендігіміздің жолында жасалған бастамаларға халық болып қолдау көрсетуіміз қажет.

Қазіргідей ушығып тұрған жағдайда бірігіп әрекет ету керектігін сана-сезімімізбен, түйсігімізбен түсінуіміз керек. Себебі Ауғанстан, Сирия секілді басқа да Таяу Шығыс елдері басынан не кешіп жатқанын естіп-біліп, көріп отырмыз. Еліміздегі келеңсіз оқиғалар белгісіз күштердің оң жамбасына келіп, ойға алғандарын іске асыра алмасын десек, билік пен халықтың ойы мен сөзі бір жерден шығуы қажет. Мемлекет басшысы да өз үндеуінде осы мәселелерді сөз етіп, халықты түсіністікпен қарауға шақырды.

Мереке қарсаңында осындай жағдай орын алады деп ешкім де күтпеген еді. Президентіміз болашақта қорғаныс күштері мен ел тыныштығын сақтау жолындағы шаралар күшейе түсетінін алға тартты. Бейбіт елімізде 20 мыңға жуық содырдың бірге өмір сүріп, өз ойларын жүзеге асырғаны, әрине, көңілге қорқыныш ұялатады. Сондықтан ертеңгі күні ел ағалары осындай келеңсіздіктердің алдын алады деген сенімдеміз. Мұндай қателіктер қайталанбауы үшін бұл бізге үлкен сабақ болуы тиіс.

Абай атамыздан бастап, «Бес арыс» секілді бізге өнеге болатын ұлы тұлғаларымыздың ұстанымдарын тағы бір еске алып, халықтың рухына дем беретін сәт келіп жетті. «Бізге тәуелсіздік не үшін қажет?», «Біз неліктен бұл шараларды жүзеге асырып жатырмыз?» деген сұрақтардың жауабын әр қазақстандық көкейіне тоқыса, сөйтіп, әрқайсымыз өзімізге есеп берсек деймін. Тәуелсіздік жолында бірге күресуіміз керек.

«Бөлінгенді бөрі талайды» демекші, ауызбіршілігімізден айырылмасақ екен. «Бөліп ал да, билей бер» деген принципті ескерсек, ажырамастай тұтас бір халық болуымыз аса маңызды.

 

Медеу ӘБІШОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

физика және техника факультеті

Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі,

физ.-мат. ғ.д., профессор,

ҰҒА корреспондент-мүшесі

 

Бейбіт болашақ үшін баршамыз жауаптымыз

Соңғы бес күндікте республика аумағында орын алған саяси жағдай еліміздің тұрақтылығына, біртұтастығына қауіп төндіруде.  Жас отбасы,  жас ана,  тұрақты жұмыспен қамтылған қызметкер,  қарапайым қоғам мүшесі ретінде бұл жағдай мені ерекше алаңдатады.  Әуелде бейбіт шеру ұранымен басталған ел қозғалысы әп-сәтте арам пиғылды, лаңкестік топтардың араласуымен Отанымыздың бейбіт азаматтарының өліміне ұласқан қантөгіс алаңына айналды. Халық ішіндегі үрейді, келтірілген материалдық  шығынды айтпағанда,  тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі тоқтап қалды. 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт шерудің билікке  қойған бастапқы талаптарын қанағаттандыру мақсатында бірқатар оңтайлы шешімдер қабылдады және билік пен халық арасындағы «қолжетімді диалог»  үлгісін көрсетті.  Лаңкестік шабуылдар орын  алған бірқатар қалаларда ел тыныштығын қамтамасыз ету үшін де елеулі шаралар басталып кетті. Алайда  бұрынғы қалыпты өмірге қайта оралу үшін уақыт, қаржы қажет болатыны анық.  Ең өкініштісі,  бұзақылық,  себепсіз шабуылдар мен өзгенің мүлкіне зиян келтіру ел ішінде әлі де құқықтық сана,  құқықтық мәдениет сынды түсініктердің бекімегендігін білдіреді. Бейбіт болашақ үшін баршамыз жауаптымыз. Балаларымыз Тәуелсіз мемлекетте алаңсыз өмір сүруі үшін сын сағатта Президентті қолдауға шақырамын!

 

Зарипа АДАНБЕКОВА -

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінің аға оқытушысы 


 

Сөз бен істе жауапкершілік танытуды сұраймын

Берекені бірліктен, табысты еңбектен іздейтін халқымыз үшін ел мүддесі қашан да маңызды. Бейбіт талаптан аттап, қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтардың әрекеті ең қатал деңгейде жазаланатындығын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде атап өтті. Құқықтық мемлекет жағдайында халық арасында арандатушылық әрекет жасаған бұзақылардың жазадан аттап кетпейтіндігін түсінеміз. Өз қаласы мен мемлекетінің бүгіні мен ертеңін ойлаған, азаматтық жауапкершілікті сезінген азамат ешқашан мұндай қадамға бармайды.

Әлеуеттің пікірін ескерген Президентіміз әлеуметтік мәселені де назардан тыс қалдырмай, сұйытылған газ, жанармай бағасын төмендетіп, тұтыну тауарларының бағасын көтеруге жол бермей, 180 күнге мораторий жариялауы да халық үніне құлақ асатын мемлекет екенімізді айғақтайды. Отанын сүйетін кез келген перзенттің сындарлы сәтте бір-біріне, ел тізгінін ұстаған Президентке қолдау білдіруі аса маңызды. Ағарту саласының өкілі ретінде жастарымыз бен замандастарымыздан сөз бен істе жауапкершілік танытуды сұраймын.

Дәурен САҒЫНҒАЛИЕВ -

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,

еңбек құқығы кафедрасының оқытушысы

 


Бізге еліміздің тұтастығы керек

Ел ішінде орын алған өте күрделі жағдай бәріміздің жанымызды ауыртты. Біздің халықтың мақсат-мұраты мұндай емес еді ғой. Халық пен билік бірге болса, біз кез келген күрделі жағдайдан, тығырықтан шығамыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дер кезінде шұғыл шешім қабылдап, оң қадам жасап жатыр. Қолдаймыз. Алдағы уақытта өте сақ болуымыз керек. Өткеннен сабақ алсақ дұрыс болар еді. Бізге ел мен жердің тыныштығы, тұтастығы керек.

Дандай ЫСҚАҚОВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры


 

 

Ұраннан іске көшу қажет

Батыл әрекеттің туғандығы жөніндегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірі жан-жақты қолдауға лайық. Бұған дейін мемлекет ұранмен басқарылып келді, нақты іс бояма сөзбен, жалаң уәдемен алмастырылды, билік жүйесі ортағасырлық, ру-тайпалық тәсілмен құрылып, жеке басқа табыну принципіне негізделді. Елімізде орын алып отырған күрделі ахуалға биліктің барлық буындары, соның ішінде депутаттар корпусы да кінәлі. Қоғамдағы ахуалға объективті мониторинг жүргізілмеді. Өткенді ой елегінен өткізуге, болашақ әрекеттерді ғылыми негіздеуге республиканың ғылыми әлеуеті тартылуы тиіс. Өйткені ел келешегіне барлығымыз жауаптымыз.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің доценті

 

 

 

Қысылтаяң шақта бірлік керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуін ана ретінде, жас ғалым және Қазақстанның азаматы ретінде асыға күткен адамдардың бірі өзім едім. Еліміздің басына қатер төнген уақытта Президентіміз лаңкестер мен бандалық құрылымдардан мемлекетімізді босату үшін ОДКБ әскерлерін шақырғанын өз басым өте дұрыс шешім деп қабылдадым. ОДКБ әскерлері еліміздегі әлеуметтік маңыздылығы жоғары нысандарды қорғау арқылы үйде отырған Қазақстан азаматтарына, ауруханалар, балалар мен қариялар үйлеріне дер кезінде жылу мен су, электр энергиясын сақтап қалуға мүмкіндік берді және Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік гвардиямыздың жұмысын алаңдамай атқаруына мүмкіндік берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы көрші елдермен достастығымызды орынды қолдана білді.  Мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтап қалуға бар күші мен білімін салып жатқан Президентіміздің әрбір шешімі дұрыс деп санаймын және қолдаймын. Еліміздің ең басты игілігі – тәуелсіздігіміз. Осы тәуелсіздігімізді жоғалтып алмау үшін барша қазақстандықтарды бірлікке шақырамын.

Аида ҚЫСТАУБАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Биотехнология кафедрасының меңгерушісі 

 

 


Президенттің шұғыл әрекеттерін қолдаймыз

Елімізде қалыптасқан төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысы халықтың тыныштығын сақтау үшін шұғыл шешімдер, маңызды қадамдар жасап жатыр. Ел тарихында орын алған сынға біздің халық та, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та жауап бере алады. Бұл біздің елдігімізге, мемлекеттігімізге сын. Жасыратыны жоқ, кейбір ішкі-сыртқы күштер Қазақстанның берекесін алып, шаңырағын шайқалтқысы келеді. Абырой-беделіне нұқсан келтіруге тырысады. Президенттің шұғыл іс-қимылы арқасында біз дағдарысқа төтеп бере аламыз, одан аман-есен шығамыз. Осындай сын сағатта Мемлекет басшысын қолдауға тиіспіз.

Берекет КӘРІБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, академик

 

 

 

Терроризм мен экстремизм адамзатқа жат феномен

Алматыда басталған қолдау митингісінің соңы лаңкестік топтардың шабуылымен жалғасып, бүкіл қала халқын үрейлендірді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, арнаулы дайындықтан өткен лаңкестік топ қаланың ойранын шығарды. Бейкүнә жандарды ұрып-соғып, тіпті өлтіріп, қала көркі болған нысандарды қиратып, өртеді. Терроризм мен экстремизм адамзатқа жат феномен. Адам құқықтары декларациясының 1-бабында былай делінген: «Барлық адамдар тумысынан азат және қадір-қасиеті мен құқықтары тең болуы керек. Адамдарға ақыл-парасат, ар-ождан берілген. Сондықтан олар бір-бірімен туыстық, бауырмалдық қарым-қатынас жасаулары тиіс». Ал осы ұстанымды біріміз ұстансақ, енді біріміз қажет етпей жатқанымыз өкінішті.

Лаңкестік пен экстремизм қоғамда бар нормалар мен ережелерді түбегейлі жоққа шығаратын экстрималды көзқарастар мен сипаттарды ұстанумен сипатталады. Қоғамның саяси саласында көрінетін лаңкестік – саяси лаңкестік, ал діни салада көрінетін лаңкестік – діни терроризм деп аталады. Лаңкестік, бұл – мемлекеттік жүйені өзгертуге, оның ішінде билікті күштеп басып алуға, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған әрекет. Еліміздің басына түскен осындай төтенше жағдайда біз бірігіп, ауызбіршілік танытып, Мемлекет басшысының шешімдерін қолдауымыз керек. Сонда ғана бұл қиындықтан шығамыз.

 

Тұрсын ҒАБИТОВ,

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, философия ғылымының докторы

 

 

 

 

Қиын кезеңде заңға бағынуға міндеттіміз

Бүгінгі қиын-қыстау заманда жасы бар, егдесі бар – бәріміз заңға бағынуымыз керек. Заң не бұйырса, соны істеуге міндеттіміз. Мұндайда Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз – ел болмайды», – деп дөп басып айтқан. Әйтпесе «ақырын жүріп, анық баспаған» (Абай) әрбір шалт қадам біздің ұлтымызға, мемлекетімізге зарар тигізуі бек мүмкін. Бірақ бұған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жол бермейтіні анық. Ол ел келешегі үшін соны бағыттар мен жоспарлар құрып, нақты шешімдер шығарып, қолынан келгенін аянбауда. Осы орайда, ертеңіміз еңселі болу үшін, қазіргі қиын кезеңнен аман-сау өту үшін заңға бағыну – біздің міндет.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, болашағымыз жарқын болсын!   

 

Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, академик



 

Мен ел Президентінің халыққа үндеуін толық қолдаймын!

Елімізде орын алған жағдай Тәуелсіздік пен тұтастықтың ең қасиетті құндылықтар екенін көрсетті. Егемендік алған 30 жыл ішінде Қазақстан Республикасы әлемнің саяси картасынан орын алып, елдің дәстүрі мен мәдениетін, білімі мен кәсіби тәжірибесін жаңғыртып, тілімізді түлетіп, дінімізді өркендетіп, тамырымызды сабақтастықпен өрбіте бастады. Жайнап дамыған жас мемлекетке сырт көз қызғана қарайтын сәтке де жетіппіз...

Қазіргі міндет – өткен ғасырда Ахмет Байтұрсынов бастаған алаш азаматтары қазақ елінің автономиясы үшін қалай күрессе, дәл солай мына байтақ елімізді, Отанымыз  бен жерімізді, Тәуелсіздігімізді қорғау.

Мен ел Президентінің халыққа үндеуін толық қолдаймын. Сын сағатта Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау білдіріп, тапсырмаларын бұлжытпай орындағанда ғана ата-баба аманатын абыроймен ақтаймыз деп білемін. Бұл қиындық ел саясатын, келешек идеологияны жаңаша пайымдап, дана халқымыздың ақылы мен парасатын жүзеге асыруға мүмкіндік жасап тұр. Бәріміз қырағы да сабырлы, жинақы да жылдам, дұрыс шешімге келейік! Жауға қатаң, досқа мейірім көрсетейік! Мемлекетіміздің игілікті бастамасын іске асыруға жұмылайық!

Біз, білім саласының қызметкерлері ұлтжанды, саналы ұрпақ тәрбиелеуге атсалысамыз деп уәде береміз. Баршаңызды Отан үшін игілікті істерге шақырамын. Тәуелсіздікті сақтай, Мемлекетті қастерлей, Отанымызды қалтқысыз сүйе отырып, еліміздің табанды, тұғырлы тұлғалары салған сара жолды жалғайық!

Шәркүл ТАУБАЕВА,

педагогика ғылымдарының доқторы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

 

 

Жұрт болып жұмылуға тиіспіз

Жаңаөзен қаласында сұйытылған газдың 1 литрі 85 теңгеден 120 теңгеге көтерілуіне наразылық ретінде қала тұрғындарының бейбіт шеруге шығуы, оларға қолдау көрсетуге арналған өзге қалалардағы ереуілдерге ұласуы кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Әсіресе әсем қаламыз Алматыдағы бей-берекет әрекеттер, маңызды нысандарды өртеп, халықты аяусыз ұрып-соғып, тіпті бейкүнә жандардың өмірін қиюы ақылға қонбайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан қабылданған шұғыл шешімдер бассыздықты тоқтатты. Елде әлі де үрей бар, дегенмен Президенттің аталмыш ахуалдарды шешуде маңызды рөл атқаратынына сенім білдіріп, жұрт болып жұмыла қолдау білдіргеніміз жөн.

 

Еділ НОЯНОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің доценті

 

 

Бізге керегі – бейбіт өмір мен тұтастық

Мемлекеттің тұрақты дамуы біртұтастық пен бейбіт өмір кезеңінде орын алатыны анық. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың конституциялық құқықтарын қорғай отырып, бірқатар шараларды қолға алды. Елдегі жағдай біртіндеп тұрақталып, террорлық әрекетке барып жатқан содырлардың заңсыз қимылдарына тосқауыл қойылуда. Кез келген бастама сауатты, бейбіт жолмен, келісім мен сұхбаттастық арқылы келгенде ғана тиісті нәтижесін бермек. Мемлекеттің мүлкін, халыққа қажетті стратегиялық нысандардың бүлінуі – бұл бюджетке келтірілген шығын. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда, пандемия салдарынан болып жатқан экономикалық шығындар контексінде мұндай іс-әрекеттерге жол бермеуіміз қажет. Қазіргі кезде бізге керегі – еліміздің тұтастығы, бейбіт өмір, экономикалық жағдайдың жақсаруы. Кез келген сын-қатерден бірлесіп және мемлекеттік мүддені жеке бас мүддесінен биік қоя отырып қол жеткізе аламыз.

Айнұр ҚҰРМАНӘЛИЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры