Жаңалықтар

«Бақыт» cтуденттер би ансамбліне 5 жыл!

29-жел-08

Жақында ҚазҰУ-дың ректоры Бақытжан Жұмағұлов «Бақыт» би ансамблін 5 жылдық мерейтойымен құттықтады.  Аталмыш кеш Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен болатын.

5 жыл бойы би тобының жетекшілік тізгінін өз қолына алған хореограф-балетмейстер Галя Есмұханбетова ұжыммен кеңесе отырып кеш тақырыбын «Бізге 5 жыл!» деп қойды. «Бақыт» шығармашылық ұжымы республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты атанып, студенттер сарайында өткен әрбір концерттің сәнін беріп, халықты өз өнерімен тәнті еткен. Бұл топтың бір ерекшелігі ансамбльдың құрамында қарапайым студенттер өнер көрсететіндігінде.

 

 

«Бақыт» ансамблі тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де танымалы. 2006 жылы би ансамблі Мәскеуде шығармашылық ұжымдар мен Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен «Қазақстанның достарына!» атты үлкен мерекелік кешке атсалысып, ресейлік әріптестерінің сый-сияпатына бөленді.

 

 

Мерекелік кешті «Үркер» тобының мүшесі Нұрлан Албан жүргізді. Мерейтоймен құттықтауға қазақстандық эстрада жұлдызарынан Индира Расылхан, Жанболат пен Жазира, Сандуғаш Стамғазиева, Назира Жүсіпбекова, домбырашы Мұрагер Сауранбаев пен Малика Есмұханбетова келді.

 

 әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі