Жаңалықтар

ҚАЗҰУ САРАПШЫЛАРЫ ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

19.01.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев оқу орнындағы ғалым-сарапшылармен кездесу өткізді. Онлайн форматта өткен жиынға қатысушылар Қазақстан тарихында алғаш рет орын алған қаңтар оқиғасын талқылады.


«Кездесудің негізгі мақсаты – болған оқиғаға ғылыми тұрғыда талдау жасап, себебін анықтау. Бізге еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуы бойынша  ұсыныстарды дайындау қажет. Парламентте сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев толық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, діни экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты жандандыру, шағын және орта бизнесті дамытуға жәрдемдесу, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу сынды нақты міндеттер қойды», – деді ЖОО ректоры.

 Сондай-ақ Жансейіт Түймебаев сарапшыларға нақты міндеттерді айқындап, бірқатар тапсырмалар жүктеді.

 Талдау және мониторинг жүргізу, мүдделі мемлекеттік құрылымдарға, органдарға және әртүрлі деңгейдегі арнайы қызметтерге нақты ұсыныстар әзірлеу қажет.

 Саяси, әлеуметтік, психологиялық зерттеулер, фокус-топтар, сараптамалық бағалаулар, сауалнамалар жүргізу.

 Құқықтық бағалау, модельдеу. Идеологиялық сипаттағы іс-шараларды өткізудің әдістері мен технологияларын, әлеуметтік-тәрбие жұмыстарын тиімді ұйымдастырудың әдістемелік нұсқауларын, алгоритмдерін құрастыру.

Зерттеу бағыттары: ұлттық қауіпсіздік; саяси реформалар, геосаяси жағдай, саяси мәдениет, саяси психология; экономика; құқықтық қамтамасыз ету; гибридті технологиялар, киберқауіпсіздік; әлеуметтік саясат; дін және экстремизм; этносаралық қатынастар және т.б. Қажеттілікке қарай тақырыптың спектрі мен сипаты кеңейтілетін болады.


Қойылған міндеттерді іске асыру үшін:

– салалар бойынша сараптамалық-талдау топтарын құру; жетекші-факультет декандары; топ мүшелері-оқытушы-профессорлар құрамы;

– университеттің білім алушылары мен қызметкерлері арасында заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып, ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыру (ақпараттандыру ғана емес, сондай-ақ семинарлар, тренингтер, коуч-сессиялар өткізу);

– сарапшыларды барлық қажетті материалдық-техникалық, ақпараттық, қаржылық ресурстармен қамтамасыз ету.

Сонымен қатар білім ордасының ректоры қаңтар оқиғасына байланысты фактілерді жинақтап, себеп-салдарын анықтауды және қиын кезден шығу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Кездесу барысында заң ғылымының докторы Алуа Ибраева мен Дәулет Байделдинов, саяси ғылымдар докторы Сейілбек Мұсатаев, география ғылымының докторы Шерипжан Надыров, профессор Аманжол Қалыш, экономика ғылымының докторы Болат Мұхамадиев, философия ғылымының докторы Бекжан Мейірбаев сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Ел тарихында тұңғыш рет орын алып, күллі Қазақстанды дүр сілкіндірген қаңтар оқиғасына ғалымдар сараптамалық баға берді.

 

Алуа Ибраева,

Мемлекеттік және құқық теориясы мен тарихы,

конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы меңгерушісінің орынбасары

 


ЕЛІМІЗГЕ ЛАҢКЕСТІК ӘРЕКЕТ ЖАСАЛДЫ

Мен негізгі үш мәселеге тоқталғым келеді. Ең бірінші, құқық қорғау органдарына ерекше көңіл бөлу керек. Себебі бізді қорғайтын – осы азаматтар мен азаматшалар. Ал онда қызмет атқарып отырған полиция қызметкерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайлары төмен. Сондықтан ең алдымен полиция қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау қажет. Олардың жұмыс уақыты 12-15 сағатқа дейін созылып жатады. Сол себепті мемлекет тарапынан оларға қолдау көрсетілуі керек.

Қаңтар оқиғасын  «лаңкестік» деп айыптауға болады. Президенттің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) әскерлерін елге кіргізгені дұрыс шешім деп санаймын. Кез келген мемлекетте осындай жағдай орын алуы мүмкін. Кенеттен жасалған соққыға көптеген елдер өз күшімен тойтарыс бере алмай қалатынын ескерген жөн. Ал бізге бағытталған шабуыл лаңкестік актісі болды деп санаймын.  Сол арқылы ел-жұрт арасында үрей тудырып, сайып келгенде, билікті құлатуға талпынды деуге болады.

Менің ойымша, барша елге құқықтық білім мен құқықтық тәрбие керек. Ал біздің ҚазҰУ-дың оқытушылары Конституция мен құқықты мықты білуі қажет, сондықтан менің ұсынысым – барлық ЖОО мұғалімдеріне құқық туралы курсты МООК платформасында өткізу керек. Оны әр оқытушы  мен студент пайдалануына болады. Құқық және Конституция туралы, адамның құқығы мен міндеттерін кеңінен айтып, үйрететін мықты бір курс ұйымдастырсақ дұрыс болады деп есептеймін.

 

Аманжол ҚАЛЫШ,

Археология, этнология және мұражайтану кафедрасының профессоры

 

  ЖАН-ЖАҚТЫ САРАПТАУ ҚАЖЕТ

 

Cоңғы уақытта елімізде болған ауыр оқиға кім-кімге болсын оңайға соққан жоқ. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Осы болған жайттарға «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып ұйымдасып, ғылыми талдау жасауымыз қажет. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын баса назарға алып, қаңтар оқиғасының түпкі себебіне үңілуіміз керек. Халықтың әлеуметтік деңгейін көтеріп, табысын жоғарылату – бүгінгі күннің басты мәселесі. Батыс өңірінде басталған бейбіт шеру жаппай күллі өңірлердің де үн қосуына ұласты. Соңы баршамызға белгілі болғандай, арандатушылар мен террористердің ықпалында қалды.

Қазынаның үстінде отырған Қазақстанның әрбір азаматы бақуатты өмір сүруге лайық деп есептеймін. Ол үшін бәріміз төрт құбыламыз түгел, жұдырықтай жұмылып, бірлікте жұмыс істеуіміз керек. Қитұрқы арандатушылар мен терроршылардың мақсаты – елді бірлігінен ажырату. Билік пен халықтың арасы алшақтап кетті. Тарихқа қарап сабақ алатын болсақ, бұның ақыры революциямен аяқталған. Басты мақсат ел мүддесі болу керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа  үндеуінде елдік мәселелерді көтеріп, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Бүгінгі қиын-қыстау заманда әлдебір саяси ойындардың құрбанына айналып кетпеу үшін Президентіміздің алдағы болашаққа қатысты жоба-жоспарлары мен реформаларын ел болып қолдау – баршамыздың міндетіміз.         

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі