- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да геоақпараттық картография мамандары даярланады
31.01.2022Биылғы оқу жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде еліміз бойынша алғаш рет «Геоақпараттық картография» мамандығы ашылды. География және табиғатты пайдалану факультетінің Картография және геоинформатика кафедрасында оқытылатын білім беру бағдарламасының магистратура, докторантура деңгейінде кешенді түрде енгізілуі мамандықтың қоғамға қажеттігін көрсетеді.
Технократтық әлемнің күн өткен сайын салалық жаңа қажеттіліктерді ұсынуы бүгінгі күннің шындығына айналып келеді. Осы тұста дүниежүзінің көптеген елдерінде табиғат ресурстары мен өндіргіш күштерді толық пайдалануға байланысты тақырыптық және кешенді картографиялауға сұраныс көбейді. Дүниежүзілік мұхитты зерттеу және қоршаған ортаның ластануы, онымен күресу мәселелері қазіргі кезде аса өзекті мәселе. Оларды толық әрі дәл көрсету үшін нақты картографиялық түсірімдер мен материалдар қажеттігі туындап отыр.
«Қазіргі заман талабына сай, дүниежүзі картографтары мен GIS ғалымдарының Big Data science, Machine leaning, Data science, Deep learning көмегімен автоматты түрде карталар құрастыруға қызығушылықтары артуда. Әсіресе АҚШ, Еуропа, Жапония, Ресей ғалымдары GIS технологиясын қолдана отырып, автоматты түрде карта құрастыруды ХХІ ғасырдың басынан қолға ала бастады. Ал бұл мамандық бойынша ҚазҰУ-да білім алып жатқан жастар жерді қашықтықтан зондтау әдістерін қолдану және қоршаған ортаны зерттеу үшін қажетті әртүрлі геоақпараттық технологияларды игеріп шығады», – дейді кафедра меңгерушісі Айжан Асылбекова.
Білім беру бағдарламасы отандық және халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, кәсіби деңгейі мен біліктілігі жоғары мамандарды даярлауға бағытталған. Оны әзірлеу кезінде алыс-жақын шетелдік әріптестер тәжірибесі де ескеріліп, жан-жақты сараптама жасалды.
Бағдарлама түлектері геоақпараттық картографияның қазіргі ғылыми және практикалық мәселелерін шеше отырып, заманауи картография мен геоақпараттық білім, оның әдістері мен құзыреттерін генерациялау, сонымен қатар жоғары оқу орындарында сабақ беру және оқу пәндерін әзірлеуге атсалысатын болады.
Сондай-ақ түлектер «Қазақстан Ғарыш Сапары», «Қазгеодезия», «Ө.М.Сұлтанғазин атындағы ғарыштық зерттеулер институты», «Гео-КАД», «География және су қауіпсіздігі институты», «ҚР Ғарыштық техника және технологиялар институты», «Leica Geosystems», «Ұлттық картографиялық-геодезиялық қор», «Қазгеокосмос» сынды кәсіпорындарда жұмыс істей отырып, өздерін кәсіби тұрғыда жетілдіре алады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі