Жақында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті табиғи ресурстар және экологиялық құқық кафедрасы мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ азаматтық-құқықтық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен «Жаһандану жағдайында аграрлық, экологиялық және табиғи ресурстық заңнаманы қолдану мен жетілдірудің өзекті мәселелері» («Байсалов оқулары - 2008») атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткен болатын.
Конференцияны өткізудің басты мақсаты аграрлық, экологиялық және табиғи ресурстық заңнаманы жетілдірудің теориялық және тәжірибелік мәселелерін талқылау және оларды қазіргі заманға сай интеграциялық процестерде қолдану еді. Қарастырылған негізгі мәселелері: Қазақстан Республикасының экологиялық Кодексі және оны табиғат пайдаланушылардың шаруашылық және өзге де қызметінде жүзеге асыру; экологиялық ақпаратты алудың заңнамалық негізі; азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыздандырудың құқықтық негізі: ұлттық және ғаламдық проблемалар; аграрлық және экологиялық заңдылықты қолдану саласындағы сот тәжірибесі; ТМД елдерінің аграрлық, экологиялық және табиғи ресурстық заңнамасына салыстырмалы талдау жасау және әлемдік интеграция жағдайында оларды сәйкестендіру мәселелері.
Аталмыш шараға Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ректоры Б.Ж. Әбдірайымов, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры А.Е. Бектұрғанов, ММЗА-ның аграрлық және экологиялық құқық кафедрасының орынбасары Г.Е. Быстров, «Табиғат» экоодағының төрағасы Мэлс Елеусізов, «Шеврон» корпорациясының Еуразиялық бөлім кеңесшісі Ж. Елубаев және т.б. қатысып, баяндамаларын оқыды. «Байсалов оқуларының» бұл бас қосуында тақырыпқа негізделген 72 баяндама ұсынылып, су ресурстарына арналған екі томды кітаптың тұсауы кесілді.
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі