Жаңалықтар

Кәсіпкерлер студенттерді тәжірибеден өткізуге дайын

07.02.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, серіктестік туралы мәселені талқылады.  

Жүздесу барысында университет басшысы Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ аумағында емхана, жатақхана салу, оқу ғимараттарын жаңғырту жоба-жоспарларымен және атқарылған жұмыстармен бөлісті.

«Ahsel Holding» негізін қалаушы кәсіпкер Ахмет Хамди Аян көшбасшы университетпен серіктес болу ниетін білдіре келе, «Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік әріптестермен бірлескен бағдарламалар тиімді жүргізілуде. Ауқымды жобаларды ықпалдаса іске асыру елдің көркеюіне көп пайдасын тигізетіні анық», – деп атап өтті.

Сонымен қатар басқосуда магистратура және докторантурада оқып жатқан студенттер еліміздегі шетелдік компанияларда тәжірибеден өтіп, әрі жұмысқа орналасуы туралы сөз болды. «Nobel İlaç» компаниясының бас басқарушысы Селчук Танриверди университетіміздің студенттерін қызметке орналастырып, тәжірибеден өтуіне қуана келісетінін айтты. 

 Кездесуде «Alarko» компаниясының бас басқарушысы Аббас Шахин де өз ойын ортаға салды: «Біз Қазақстанда 30 жылдан бері қызмет етіп келеміз. Бүгінгі Қазақстан стандарттар деңгейіне өту үшін ішкі өндіріске көңіл бөлуі қажет деп ойлаймын. Ол үшін мемлекеттің өзіндік өндірістік жүйесі, ғылым-білімі, денсаулық сақтаудағы медициналық препараттары, зауыт-фабрикалары т.б. практикалық жолдары болуы керек. Ол үшін өндіруші әрі инвестор ретінде біз қолымыздан келгенді аянып қалмаймыз».

Шетелдік кәсіпкерлер инвестор ретінде ҚазҰУ кампусын жаңғыртуға бағытталған жобаларды жандандыруға дайын екендерін білдірді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі