- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Геокеңістіктік инженерия – келешектің кепілі
11.02.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Жоғары білім беру әлеуетін арттыру» бағдарламасы аясында Эразмус+ халықаралық жобасын жүзеге асыруда. Осы мақсатта Еуропалық комиссияның қаржыландыруымен «Жағалаудағы экожүйелерді климаттың өзгеруіне бейімдеуге арналған геокеңістіктік инженерия бойынша жаңа курстар-GEOCLIC» жобасы іске қосылған еді.
GEOCLIC жобасының негізгі мақсаты – Қазақстан, Әзірбайжан және Түрікменстанда бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейінде экология, жағалау инженериясы және басқару, сондай-ақ Каспий теңізінің экожүйесін жақсарту саласында мамандар даярлау. Ол нарық талаптарына және озық практикаға сәйкес келетін инновациялық үш деңгейлі оқу жоспарлары арқылы жұмыс істейді.
– Қазіргі уақытта қоршаған ортаны қорғауға қатысты шешімдер қабылдау үшін спутниктік және жерүсті деректерін түсіну, түрлендіру және түсіндіру үшін құзыреттері мен дағдылары бар мамандар жеткіліксіздігін байқаймыз. Сондай-ақ жағалау аймағының экология, басқару және инженерия саласында мамандардың болмауы Каспий теңізі өңірінің экономикалық дамуына әсер етеді. Спутниктік суреттер мен қашықтықтан зондтау арқылы жағалау аймағының динамикасын талдауға арналған бағдарламалар мен жабдықтардың жетіспеушілігі геокеңістіктік инженерия және Жерді қашықтықтан зондтау саласы мамандарының кәсіби қызметіне кедергі келтіреді, – дейді Механика кафедрасының меңгерушісі Зәуре Рақышева.
Жобаны іске асыруға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың екі факультеті: механика-математика, география және табиғатты пайдалану факультеті, сондай-ақ жеті елден 17 ұйым тартылған. Консорциумға қатысушы елдер:
– Германия – Берлин техникалық университеті, EXOLAUNCH GmbH компаниясы;
– Румыния – Констанца теңіз университеті;
– Литва – Гедиминас атындағы Вильнюс техникалық университеті;
– Нидерланды – Твенте университеті геоинформатика және жерді бақылау факультеті;
– Қазақстан – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инженерия университеті, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университеті, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің География институты;
– Әзірбайжан – Баку мемлекеттік университеті, Әзірбайжан ұлттық авиация академиясы, Әзірбайжан сәулет-құрылыс университеті, Мингячевир мемлекеттік университеті, Халықаралық экоэнергетика академиясы;
– Түрікменстан – С.Ниязов атындағы Түрікмен ауыл шаруашылығы университеті, Мақтұмқұлы атындағы Түрікмен мемлекеттік университеті, Халықаралық гуманитарлық ғылымдар және даму университеті.
GEOCLIC жобасын іске асыру барысында Staff costs бойынша құжаттарды дұрыс толтыру бойынша Workshop секілді бірқатар іс-шаралар өткізілді. Ендігі негізгі мақсаттың бірі – әріптес елдердегі ұйымдар, Еуропалық одақ ЖОО және кәсіпорындар арасында берік ғылыми және академиялық байланыстар орнату. Бұл студенттердің академиялық ұтқырлық бойынша білім алуына, докторанттарды даярлау бағдарламасы шеңберінде ғылыми тағылымдамалардан өтуіне және геокеңістіктік инженерия және ғарыштық мониторинг саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуіне мүмкіндік береді.
Кәмила ДҮЙСЕН