Бүгін – ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні.
Бұл күнді атап өту ғалым әйелдерге демеу көрсетуге, олардың ғылым мен техника саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуын қолдауға бағытталған.
Ғылымды дамыту – жаңа Қазақстанның аса маңызды басымдықтарының бірі. Бұл игілікті іске әйел ғалымдардың да көптеп тартылатыны сөзсіз. Өйткені қазіргі қоғамда қай салада болсын білімімен, іскерлігімен, ақыл-парасатымен дараланып жүрген әйелдер қауымының қатары көбеюде.
Кейінгі жылдары, әсіресе, ғылым саласында қыз-келіншектердің үлесі арта түсті. Отбасы мен ғылымдағы ізденістерін қатар алып жүретін әйел ғалымдардың жетістіктері лайықты бағалануы тиіс.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымында әйелдер қауымының алатын орны орасан зор. Қазіргі таңда оқу орнымыздың оқытушы-профессорлық құрамында 1725 қыз-келіншек жұмыс атқарады. Олар жалпы ғалымдар санының 63 пайызын құрайды.
Оның ішінде 324 ғылым докторы, 601 ғылым кандидаты, 286 PhD докторы, 1 ҚР ҰҒА академигі және Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының екі корреспондент-мүшесі бар.
2021 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің атаулы сыйлығымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әйелдер қауымынан бір жетекші ғалым, жеті жас ғалым, үш үздік ғылыми қызметкер және үш үздік оқытушы марапатталды.
Олар өз ізденістері арқылы білім мен ғылым саласының жаңаша дамуы мен түрленуіне өз ықпалын тигізеді деп ойлаймын.
Бүгін университет атынан зерттеуші ханымдарға зор денсаулық, отбасыларына амандық, ғылым жолындағы еңбектеріне табыс тілеймін!
Құрметпен
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректоры
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ