- Негізгі бет
- Жаңалықтар
«Ақпараттық қауіпсіздік аудиті» бағдарламасы енгізілді
17.02.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық жүйелер кафедрасы ағымдағы оқу жылынан бастап «Ақпараттық қауіпсіздік аудиті» инновациялық білім беру бағдарламасы бойынша маман даярлауға кірісті.
Бүгінде ақпаратты сақтау, өңдеу және беру үшін есептеу жүйелерін кеңінен пайдалану оларды қорғау мәселелерінің өзектілігін арттырып отыр. Әсіресе айтарлықтай қаржылық және материалдық шығындарға әкелетін ақпараттық қауіптер санының өсуі жаһандық тенденцияға айналды. Шабуылдардан және түрлі қауіп-қатерлерден тиімді қорғау үшін есептеу жүйелерінің қауіпсіздік деңгейін және ондағы айналымдағы ақпаратты объективті бағалау аса қажет. Ақпараттық қауіпсіздік аудиті дәл осы мақсатта қолданылады.
Ақпараттық қауіпсіздік аудиті – белгілі бір қауіпсіздік критерийлері мен көрсеткіштеріне сәйкес, компьютерлік жүйенің ақпараттық қауіпсіздігінің ағымдағы жағдайы туралы объективті сапалық және сандық баға алудың жүйелі үдерісі. Оны жүргізудің тағы бір маңызды себебі – жаңа технологияларды жаңғырту және енгізу кезінде олардың әлеуетінің толық іске асырылуына қол жеткізу.
«Бұл инновациялық білім беру бағдарламасы бойынша магистранттарды оқытудағы басты мақсат – ақпараттық қауіпсіздік саласында білімі мен құзыреті бар жоғары білікті мамандарды қауіпсіздік аудитін жүргізуге даярлау. Олар ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің басшысы, қауіпсіздік жүйесін әзірлеуші немесе ақпараттық қауіпсіздік бойынша аудитор-бағдарламашы, компьютерлік қылмыс бойынша тергеуші, киберқауіпсіздік және тәуекелдер сарапшысы ретінде жұмыс істей алады», – дейді кафедра меңгерушісі Шынар Жеңісбекқызы.
Магистранттар Еуропаның үздік жоғары оқу орындарында халықаралық студент алмасу бағдарламалары бойынша бір немесе одан да көп семестр бойы білім ала алады.
Кафедраның шетелдік серіктестері: Валенсия политехникалық университеті (Испания), Сантьяго-де-Компостела университеті (Испания), Штутгарт университеті (Германия), Люблин политехникалық университеті (Польша), Познаньдағы Адам Мицкевич университеті (Польша), Порто университеті (Португалия), Савония қолданбалы ғылымдар университеті (Финляндия), Санкт-Петербург мемлекеттік техникалық университеті (Ресей).
Жаңа бағдарлама қазақстандық халықаралық рейтингтерде үнемі басымдыққа ие жетекші «Ақпараттық қауіпсіздік жүйесі» бағдарламасы негізінде жасалған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі