- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ғылыми байланыс тереңдей түспек
18.02.2022Технократтық әлемнің күн өткен сайын салалық жаңа қажеттіліктерді ұсынып отыруы бүгінгі күннің шындығына айналып келеді. Осы орайда, табиғат ресурстары мен өндіргіш күштерді толық пайдалануға байланысты дүниежүзінің көптеген елдерінде тақырыптық және кешенді картографиялауға сұраныс көбейді. Дүниежүзілік мұхитты зерттеу және қоршаған ортаның ластануы, онымен күресу мәселелері қазіргі кезде өзекті болып отыр. Оларды толық, дәл көрсету үшін нақты картографиялық түсірімдер мен материалдар қажеттігі туындады.
Қазіргі заман талабына сай, дүниежүзі картографтары мен GIS ғалымдарының Big Data science, Machine leaning, Data science, Deep learning көмегімен автоматты түрде карталар құрастыруға қызығушылықтары артуда. Әсіресе АҚШ, Еуропа, Жапония, Ресей ғалымдары GIS технологиясын қолдана отырып, автоматты түрде карта құрастыруды ХХІ ғасырдың басынан қолға ала бастады. Ғарыштық технология жүйесіндегі мәліметтерді пайдалана отырып, әртүрлі тақырыптық карталарды құрастыру негізінде түрлі сандық технологияларды ойлап табуға, сол арқылы GIS-тің көмегімен қоғамдық, жаратылыстану, техникалық ғылымдардың тоғысуын зерттеуге, зерделеуге бағытталған заманауи сандық технологияны қолданудың тиімділігінің аса өзекті екенін көрсетуге болады.
Мәселен, география және ақпараттық технология ғылымдарының тоғысуы нәтижесінде: геоинформатика және арақашықтықтан зондтау; ландшафттарды картографиялау; табиғи және аумақтық кешендердің антропогендік динамикасы мен құрылымын талдау; физикалық-география, геоморфология, экология, гидрология және метеорология ғылымдары тоғысында зерттеу; агроландшафттардың географиялық бағыттағы міндеттерін шешу; аймақтағы су тасқындарын және өрт қауіпсіздіктерін алдын ала болжау; табиғаттағы болып жатқан құбылыстарға географиялық талдау жасау секілді толып жатқан мәселелердің түйінін шешуге, кешенді түрде зерттеу жүргізуде GIS-тің маңызы зор.
Сонымен қатар сандық технология, жоғары ақпараттық технология, геоақпараттық технология, жерді арақашықтықтан зерделеу, экологиялық бағалау, ғарыштық технологияларға байланысты мемлекеттік бағдарламалардың басым бағыттары қарқынды дамып келеді. Сондықтан сандық кеңістіктегі ғылымның түрлі түйінін шешуде GIS – аса қажет дүние. География ғылымдарын математикаландыру картографиялық зерттеу әдістерінің көмегі мен «көпір» қызметін атқаруы арқасында іске асырылды.
Картографияның келешегіне көз сала отырып, біріншіден, тақырыптық картографияның одан әрі тиімді дамуының қажеттілігін байқаймыз. Мемлекет аумағындағы табиғи ресурстарды картада толық көрсетуді және халық шаруашылығының әртүрлі салаларын, сонымен бірге халыққа қызмет көрсету салаларын тиімді пайдалану үшін әр сала бойынша толық карта жасау қажеттігі күшейе түсті. Урбанизацияның өсуі және қалаларды қайта жөндеу қаланың ерекше картографиясының дамуына алып келді.
Осы себепті 2019 жылы Қазақстан көлемінде, оның ішінде ең алғаш рет Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті география және табиғатты пайдалану факультетінің Картография және геоинформатика кафедрасында «Геоинформатика» мамандығы ашылды. Дәл осы жылы бакалавр, магистратура, докторантура деңгейлері, қосдипломдық білім беру бағдарламалары негізінде кешенді түрде толық ашылуы аталған мамандықтың қоғамға қажеттілігін әрі үлкен сұранысқа ие екенін көрсетті.
Қазіргі таңда ҚазҰУ мен әлем университеттері арасындағы білім интеграциясы бұл мамандықты терең игеруге жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр. Мәселен, Картография және геоинформатика кафедрасында «Геоинформатика», «Геодезия» мамандықтары бойынша білім алып жатқан 2-курс магистранттары Йылдыз техникалық университетінен ғылыми тағылымдамаларын сәтті аяқтады. Сондай-ақ университет тарапынан көрсетілген сертификаттары мен сый-сияпаттарын алды. Екі апта бойы түрік ғалымдарынан алған білімі мен іс-тәжірибелері болашақ мамандардың кәсіби қалыптасуына ықпал етеді деп сенеміз. Осы жолы магистранттарға координатор ретінде Түркия еліне бірге баруымның басты себебі – жаңадан ашылған «Геоинформатика» мамандығы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Йылдыз техникалық университетінің арасында келісім орнату.
Болашақта келісімшарт бойынша студенттерді академиялық ұтқырлық, оқытушыларды ғылыми-тәжірибе алмасу, қос диплом алу секілді бағдарламалармен байланыс орнатуға алғышарттар жасалды. Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық пен ортақ мүдделерге қызмет ететін меморандумдар осындай келісімшарттар мен іссапарлардан басталса керек. Өзіндік тарихы мен даму жолы қалыптасқан Йылдыз университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің картографиялық және геоинформативтік бағыттағы болашақ мамандарының бірлескен игі істері екі мемлекет арасындағы ғылыми байланыстың тереңдей түсуіне жол ашады деп үміттенеміз.
Еркін КӘКІМЖАНОВ,
PhD докторы,
Картография және геоинформатика кафедрасының доценті м.а.