- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ректор түрік кәсіпкерлерімен жүздесті
21.02.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев түрік кәсіпкерлерімен жиын өткізді. Кездесу барысында түрік кәсіпкерлерімен серіктестік туралы мәселе талқыланды.
Отырысқа қатысушы кәсіпкерлер: Ахмет Хамди Аян – «Ahsel Holding» негізін қалаушы, Аббас Шахин – «Alarko» бас менеджері, Селчук Танриверди – «Nobel İlaç» бас басқарушысы, Эрдинч Гүзел – «Anadolu» тобының бас басқарушысы, Қанан Тораман – «Қазақстан Зираат» банкінің директоры, Омур Фатих – «TAV» тобының басқарушысы, Альпер Бей – Алматы әуежайының директоры, Ибрахим Канал – «Airastana» бас басқарушысының орынбасары, Мехмет Эрзен – «Хельмир» ауруханасының бас басқарушысы, Метин Огуз – «Zugo textile» компаниясының иесі, Йылмаз Кесен – «MUSIAD» Қазақстан президенті, Умут Гүмүш, Угур Кавак – «TEM TOUR» президенті, Зеки Арифоглу – «Ahsel Group» президенті, Джан Гөкташ – «Ritz Carlton» қонақүйінің бас басқарушысы және Уфук Бей – «Bosh Kazakistan» басқарушы директоры.
Басқосуда бірлескен индустриялық аймақ пен кәсіпкерлер тарапынан атқарылған салалық қызметтер тақырыбы қозғалды. Қазақстанда кәсіппен айналысқан кәсіпкерлердің атқарған қызметтері, олардың алдағы жоспарлары да талқыланды. Инвестиция құюшыларға ректор Жансейіт Түймебаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға аурухана тұрғызу жобасы, жатақхана салу, оқу ғимараттарының жаңғыруы т.б. жоба-жоспарларымен және атқарылған жұмыстарымен бөлісті. Кәсіпкерлерге оқу ордасы жан-жақты таныстырылды. Түрік кәсіпкерлері университет басшысының бауырлас екі ел арасындағы еткен елеулі еңбектерінің ұшан-теңіз екенін тілге тиек етіп, алғыстарын білдірді.
«Ahsel Holding» негізін қалаушы Ахмет Хамди Аян ректордың шақыртуына алғыс білдіре отырып, өз ойымен бөлісті: «Қазақстан мен Түркия, баршамызға мәлім болғандай, бауырлас мемлекеттер. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанның көркейіп, дамуы бізді қуанта түсті. Біз де қолымыздан келгенше бауырлас елмен тығыз қарым-қатынастамыз. Біз, түрік компаниялары, түрік бизнесмендері, бұл үдерісте бар күшімізді салуға тырысамыз. Жалпы, осында келіп, кәсіппен айналыса бастаған аға-бауырларымыздың бәрі де ізгі ниетті жандар. Бұл іс одан әрі жақсарып, жалғасын табады дегенге сенімдімін. Біз бүгінге дейін бастаған жобаларымызға барынша күш жұмсадық. Жалпы, бірлескен индустриялық істерді жүзеге асыру баршамыздың көңілімізден шығады деген ойдамын. Қазіргі уақытта Қазақстанда осы бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыру үшін елге бизнесмендер профилі ауадай қажет. Айтпағым, бай болу – бір бөлек, бизнесмен болу – бір бөлек. Ел көркеюіне кәсіпкерлердің пайдасы көптеп тиетіні айдан анық», – деп сөзін қорытындылады кәсіпкер.
ҚазҰУ-да магистратурада, докторантурада оқып жатқан студенттер алдағы уақытта аталмыш компаниялардан тәжірибеден өтіп әрі жұмысқа орналасуы туралы тақырыптар да қозғалды. Алматы әуежайының директоры Альпер Бей 3000 қызметкер жұмыс атқаратын әуежайда ҚазҰУ студенттерінің тәжірибеден өтіп, қызметке орналаса алатынын негізге алды. Ал Селчук Танриверди – «Nobel İlaç» компаниясының бас басқарушысы университетіміздің студенттерін қызметке орналастырып, практикадан өтуіне қуана келісетінін айтты.
«Alarko» компаниясының бас басқарушысы Аббас Шахин де өз ойын ортаға салды: «Түрік компаниялары Қазақстанда 28-30 жылға жуық қызмет етіп келеді. Бүгінгі дамыған Қазақстанның стандарттар деңгейіне өтуі үшін ішкі өндіріске көңіл бөлуі қажет деп ойлаймын. Ол үшін мемлекеттің өзіндік өндірістік жүйесі, ғылым-білімі, денсаулық сақтаудағы медициналық препараттары, зауыт-фабрикалары т.б. практикалық жолдары болуы керек. Ол үшін өндіруші әрі инвестор ретінде қолымыздан келгенді аянып қалмаймыз. Қысқасы, бұл біздің Қазақстан алдындағы парызымыз. Біз компания ретінде 30 жыл ішінде Қазақстан үшін шынымен жақсы жобаларды жүзеге асырдық», – дей келе, кәсіпкер екі ел арасындағы бауырмалдықтың арта түсеріне, инвестор ретінде пайдалы жобаларды жалғастыруға дайын екенін айтты. Бүгінгі кездесу барысы мен осы іспетті арнайы бағдарламалар үлкен істер мен мүмкіншіліктердің бастауы боларына сенім білдірді.
Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ