Жаңалықтар

Академик Өмірбек Жолдасбеков рухына тағзым

01.03.2022

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халқымыздың көрнекті тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті. Дәстүрлі түрде 1 наурыз күні өтетін шараға Өмірбек Жолдасбековтің ұрпақтары мен замандастары, білім ордасының оқытушы-профессорлары және студенттері қатысты.


Саналы ғұмырын білім мен ғылымды көтеруге арнаған қайраткер тұлғаның туғанына биыл 91 жыл толып отыр. Ескерткіш алдында жиналғандар жоғары оқу орнының дамуына қосқан қомақты үлесі үшін Өмірбек Жолдасбековтің рухына тағзым етіп, білім мен қоғамға өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаны еске алды.

Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков 1970-1986 жылдары университетте ректор болып қызмет атқарды. Білім ордасын басқарған тұста академик ҚазҰУ қалашығының негізін қалап, жоғары оқу орнын жаңа деңгейге көтерді. Оқытушы-ғалымдар мен қызметкерлерге жағдай жасалып, шетелдің үздік мамандары шақырылды. Ғалымның басшылығымен ЖОО-да жаңа зертханалар, кафедралар, ғылыми орталықтар, сондай-ақ Қазақстан ұлттық инженерлік академиясы құрылды. Өмірбек Арысланұлының ашқан ғылыми жа­ңа­лықтары, ізденіске толы еңбектері Қазақстанда ғана емес, әлемдік ғылыми ортада да кеңінен мойындалды. Қажырлы да табанды еңбе­гінің арқасында механик-ға­лым­­дардың тұтас бір шоғырын тәр­­биелеп шығарды.


Шара барысында білім мен ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқан Өмірбек Арысланұлының замандас әріптестері мен шәкірттері сөз алып, өз естеліктерімен бөлісті. 

Өмірбек Жолдасбековтің ғылымды ұйымдастырудағы бастамаларын бүгінгі ұжым жаңа бағытпен жалғастырып келеді. Қазіргі ҚазҰУ әлемдік рейтингтерде көшбасшы оқу орындары қатарында. Ғалымдарымыздың еңбегін әлемге танытуда ауқымды жұмыстар атқарылып, университет қалашығы жаңа заман талабына сай түрленіп келеді. Оқу ғимараттары мен жатақханалар күрделі жөндеуден өтті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі