- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «АMANAT» – озық ойлау мен әділдіктің партиясы
01.03.2022«АМАНАТҚА» ҮЛКЕН ҮМІТ АРТАМЫЗ
Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде сөйлеген сөзінде ұйымды жаңғырту туралы мәселе көтерді. 23 жыл бұрын құрылған саяси ұйымның заман талабына, әлемдегі ахуалға, жаңа құндылықтар мен қауіп-қатерлердің пайда болуына сәйкес өзгеріске ұшырауы шынайы қажеттілік екені мәлім. Осындай аумалы-төкпелі заманда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жаңа Қазақстанды құру, жаңа даму бағытын, мақсат-мұратын айқындау, болашақтағы тағдырымызды болжау аса маңызды міндеттердің бірі екеніне баса назар аударды. Кез келген өзгеріс жаңа білімді қажет етеді. Сондықтан өзгерісті өзімізден бастаған жөн. Заман, қоғам өзгеріп жатқанда, меніңше, партияны да қайта құру, жаңғырту – ол заңдылық әрі уақыт талабы. Партия атауын «Аманат» деп өзгертуі тегін емес. Аманатты біз парыз деп түсінеміз. Осы парызды орындау барысында барлық сеніп тапсырылған істе адамдардың жауапкершілікті сезінуі. «Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең-байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етіп қалдыру – міндетіміз. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы деген ұғымдар осыдан келіп шығады», – деді Президент. Ар-ожданды биік қойып, адалдыққа ұмтылып, әр адам өзіне жүктелген істі «ардың ісі» деп сезініп, берілген «аманатқа қиянат жасамаса» қоғамда жемқорлық деген түсінік мүлде жойылар еді. Партия осы қағидатты берік ұстанатын болса, өскелең ұрпаққа қалдыратын мирасымыз да, аманатымыз да сақталмақ. «Аманатқа» үлкен үміт артамыз, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», әр азамат қоғамның дамуына үлес қосса, сөз жоқ, біз алға қадам басамыз.
Алмаш СЕЙДИКЕНОВА,
ҚазҰУ-дың Дипломатиялық аударма кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., профессор
ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТЕМІЗ
Бүгін Мемлекет басшысы, партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен онлайн форматта «Нұр Oтaнның» кезектен тыс XXII съезі өткізілді. Оның жұмысына еліміздің әр өңірінен 399 делегат қатысты. Партияның саяси кеңесінің қаулысымен съездің күн тәртібінде екі мәселе қарастырылды: партияның саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу; «Нұр Oтaн» партиясының модернизациясы. ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов: «Бұл жерді, осы халықты ата-бабаларымыз аманат етіп қалдырған, біз оны кейінгі ұрпаққа аманат етуіміз керек. Халықтың бірлігі, халықтар достығы, еңбексүйгіштігін жаңа ұрпаққа аманат етуге міндеттіміз. Елімізде болып жатқан өзгерістердің бел ортасында біздің партия тұр. Ашығын айтқанда, елмен бірге партияның да жаңаруы қажет. Ұйым қызметін жаңа мағынамен толтыру үшін қажетті өзгерістерді енгізу маңызды. Осыған байланысты партияның сипаты мен атауын өзгертуді дұрыс деп санаймыз», – деді. Сондықтан парламенттік көпшіліктің партия атауын «Аманат» деп өзгерту туралы ұсынысы қарастырылды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XXII съезінде партияның атын «Аманат» деп өзгерту туралы ұсынысты қолдады. «Аманат» сөзі «бабалар өсиеті», «болашақ ұрпаққа аманат» дегенді білдіретіні барлығымызға мәлім. Жиында партияны жүйелі түрде қайта құру тетіктері ортаға салынды. Енді партияның қоғамдық кеңестерінің құрылымы қайта жасақталады. Атап айтқанда, қоғамдық кеңестер саны қысқарады: республикалық деңгейде 14-тен 9-ға дейін, аймақтық деңгейде 12-ден 8-ге дейін қысқарады. Қоғамдық қабылдау бөлімдері проавтивті форматта жұмыс істеуге көшеді және шалғай елді мекендерде қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылатыны хабарланды. Ұсынылған барлық нәтижелер оң нәтиже беріп, еліміздің бай, қуатты болуына үлес қосады деп сенемін.
Құндыз ТӨРЕХАНОВА,
Плазма физикасы және компьютерлік физика,
нанотехнология кафедрасының аға оқытушысы, ф.-м.ғ.к.
ЗАМАНҒА САЙ ЖАҢАРУ
«Аманат» деген – еліміздегі көшбасшы партия үшін өте орынды атау. Партия атауының өзгергенін қолдаймыз. Қазақ тіліндегі «аманат» сөзінің мағынасы өте терең. Бұл тұтастай бір ұғым. Оның артында тұтастай бір халықтың дүниетанымы жатыр. Партия тек қана атауының өзгеруімен шектелмейді деп үміттенеміз. Партияның мазмұны, мақсат-міндеттері, жұмыс істеу әдіс-тәсілдері де заман талабына сай өзгереді деп сенеміз. Ең үлкен басымдық беретін бағыт халықтың мұң-мұқтажы, халықтың арман-тілегі, халықтың әл-ауқаты болу керек. Қалай болғанда да, Қазақстан жаңару жолына түсті. Енді тек бірлігімізге сына түсірмей, ауызбіршілігімізді нығайтып, әрқайсымыз өз орнымызда, өз міндетімізді адал атқаруымыз керек. Еліміздің баянды болашағы үшін талмай, қажырлы еңбек етуге тиіспіз.
Ержан КЕРІМБАЕВ,
Қытайтану кафедрасының меңгерушісі
АМАНАТТЫҢ МАҒЫНАСЫ – ТЕРЕҢ, ЖҮГІ – АУЫР
Қазақ ежелден ұрпағын әділдікке, адалдыққа, жауапкершілікке шақырып, құлағына «біреудің ақысын жеме», «ешкімнің ала жібін аттама», «аманатқа қиянат жасама» деп құйып отырған. Ар-ожданды биік қойып, адалдыққа ұмтылып, имандылықты бойына сіңірген ізгілердің ізін жалғастыру үшін имандылықтан, баба тәлімінен үлгі алудың маңызы зор. Әсіресе әр адам өзіне жүктелген істі «ардың ісі» деп сезініп, берілген аманатқа қиянат жасамаса, жемқорлықтың жібі үзіліп, әкімдеріміз әділдікті ұстанары, қарапайым халық зиянға ұшырамасы анық. «Негізінен Алла тағала сендерге аманаттарды өз лайықты орындарға тапсыруларыңды және адамдардың арасына билік қылсаңдар әділдікпен билік қылуларыңды әмір етеді» (Құран Кәрім. 4-сүре, 58-аят). Билікте отырған басшылар міндетті түрде қара қылды қақ жаратын әділетті болуы тиіс екені Құранда айтылған. Сондықтан әрбір адам тек адамдардың аманатына қиянат жасаудан ғана емес, Алланың аманатына қиянат жасаудан қорқуы тиіс. Сонда ғана еліміздің шаңырағы биік, керегесі кең, берік болары хақ. Құлқынның қамын ойлайтын хайуан болмай, халқының қамын ойлайтын адам болайық. Аманаттың тағы бір мынадай түсінігі бар: әр нәрсе өзіне тиісті лайықты орнында болуға тиіс. Лауазымдық мәртебе (қызмет) тек соған лайықты адамдарға ғана берілуі керек. Аманатты өз мойнына толығымен алып, бүкіл жауапкершілікті сезінетін, міндеттерін толығымен атқаратын адамдар ғана мұндай іске лайықты болып табылады. Ал отбасында Алладан аманат ретінде қыз баланы тапсырған. Біздің елімізде болып жатқан өзгерістер өзінің оң нәтижесін береді деп ойлаймыз. Этнографиялық жағынан "аманат" сөзінің рухани жағынан да, діни жағынан да терең мағыналы астары бар. Жаңа құрылған партия осындай ауыр жүкті арқалап, халықтың жағдайын ойлайтын ерекше саяси құрылым болады деп сенеміз.
Гүлжан МЕЙІРМАНОВА,
Археология, этнология
және музеология
кафедрасының доценті
«АТА-БАБА АМАНАТЫ» ИМПЕРАТИВІ ЖӘНЕ САЯСИ РЕБРЕНДИНГ
Бүгін «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде партия атауы «Аманат» деп өзгертілді. Мемлекет басшысы және партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Бұл еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз мен бірлігіміз, кең-байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат» деп нақтылады. «Аманат» категориясы алда атқарылатын партиялық жұмыстың мазмұнына ықпал етіп, кезекте тұрған саяси реформалармен де селбестік табуы қажет. Партияны модернизациялау қай бағытта артта қалып отыр? Ребрендингтен өткен партияның алдында шынайы модернизация жүргізу міндеті тұр. Қалай іске асады, оны уақыт көрсетеді. Өз тарапымыздан келесі мәселеге назар аударылуы тиіс деп санаймыз. Ең бірінші кезекте «парламенттік мәслихат» жобасын енгізуді шұғыл түрде қолға алған жөн. Мәслихат төрағалары – партия филиалының төрағасы болған ретте ғана атқарушы биліктің тиімділігі артады. Әйтпесе облыс пен аудан әкімі жергілікті атқарушы және өкілді билікті қос тақымына қатар қысып, билікті узурпациялап, өзі ұсынған бюджетті өзі бекіткізіп отыр. Бұл республика Конституциясының 3-бабында бекітілген билік бөлінісі қағидасын өрескел бұзушылық болып табылатынын ескертеміз. Екіншіден, мәслихаттың бақылау функциясын жетілдіруге бағытталған заң жобаларының пакеті әзірленуі тиіс. Әсіресе олардың жергілікті жердегі қоғамдық кеңестермен жұмысы ынтымақтастық принципін негізге ала отырып ұйымдастырылуына баса назар аударған жөн. Бүгінде жергілікті қоғамдық кеңестерді құру функциясын мәслихатпен қабаттасып, әкім аппараты немесе ішкі саясат басқармасы атқаруда. Бұл толықтай мәслихаттарға өтуі тиіс. Атқарушы билік қоржынында кеткен, бірақ табиғаты өкілдік құзыретке жататын сұрақтарды сүзе мониторингтеп, мәслихатқа қайтарып беру жұмыстарын қолға алу керек. Үшіншіден, партиялық басқарудағы номенклатура мен бюрократия элементтерін үзіліссіз әлсірету, жеке адамдардың емес, ұжымдық шешімдердің және партия жарғысының рөлін арттыру, өңірлердегі филиалдардың жұмысын жергілікті халық үнімен сыбайластыру кезек күттірмейтін сұрақтардың бір парасына айналғаны жөн. «Ата-баба аманаты» императиві – «Аманат» партиясының рухани ұстынына айналуы тиіс. Араб тілінен енген «аманат» сөзі «міндеттеме» деген мағынаны білдіреді. Алайда көшпелі қазақ мәдениеті оны «ата-баба культімен» астастырып, тұрақты ұғымға айналдырды. Шығыстық дүниетанымда қоғамның мәдениеті оның өліге көрсеткен құрметімен өлшенеді. Бұл өз кезегінде қазақтардың дәстүрлі дүниетанымында «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін ата-баба культін қалыптастырды. Ата-баба культі – шығыс халықтарының дүниетанымында кең тараған тәжірибе. Аманат дегенде, еске ең алдымен осы – ата-баба аманаты түсетіні сондықтан. «Ата-баба аманаты» деген сөзді тарихи санасы қалыптасқан, дүниетанымына сызат түспеген көнекөз қариялардың, ел билігінде жүрген азаматтардың, ғылым мен шығармашылықтағы тұлғалардың аузынан жиі естіп жатамыз. Тілдік қорда бейсаналы түрде қолданылып келе жатқан осы бір рухы биік ұғымды естігенде селт етпейтін қазақ кемде-кем. Аманат императиві – бабалар алдындағы перзенттік парызға адалдықты, ой-сана биігінде құрылымданатын құрметті білдіреді. Себебі ата-баба аманатын алып жүру әр азамат үшін, бір жағы, атан түйеге артарлық ауыр жүк болса, екінші жағы – абыройлы мәртебе, ұжымдық сана сенімі. Түптеп келгенде ұлттық танымдағы «ата-бабалар аманаты» шежірелік дәстүрге бас тіреп, әр қазаққа түбінің бір, тағдырының ортақ екенін баяндап тұратын дүниетұрғызушы категория. Аманат жолы – қазақтың бір жолы. Аманат жолы дегеніміз – адамды аманат иесі ретінде қарастырады. Уақыт тұрғысынан келер болсақ, бұл кешегі өткен ата-бабаларымыздың, ертеңгі келешек ұрпақтың және мәңгілік бар – абсолюттің алдындағы аманат. Бүгін сәтінде осы аманаттарды арқалап адам тұр. Кеңістік тұрғысынан аманат тәннің, жердің және он сегіз мың ғаламның жүгін артады. Қазақ халқы аманаттаған «аманат» ұғымының мазмұны осындай. Бұл талапқа сай бола ма, жоқ па – оған уақыт төреші.
Қазыбек ДӘУІТӘЛІ,
Мемлекет және құқық теориясы,
конституциялық және әкімшілік құқық
кафедрасының аға оқытушысы, з.ғ.к.
БІЛІМІ МЕН ТӘРБИЕСІ МЫҚТЫ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН
Жыл басы елімізде ірі саяси оқиғалардан басталып, үлкен өзгерістерге ұласып жатыр. Соның бірі – бүгінгі «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс онлайн съезі. Президент Қ.Тоқаев елдің болашағы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда, оны бүгінгі жиында да атап өтті. Партия мүшелерінің ұсынысымен партия атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Бұл ұсыныс Президент тарапынан қолдау тапты: «Егемендігіміздің, елдігіміз бен бірлігіміздің, кең-байтақ бізге жеткен жеріміздің аманаты», – деп атап өтіп, ерекше мән берді. Біз ел басшысының «Аманатқа қиянат жоқ, біз ата-баба аманатына адал болуымыз керек» деген рухты сөзіне сенеміз. Біз, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлары, алдымызда отырған арманы асқақ, мақсаты айқын, намысы биік, ұстанымы берік шәкірттерімізге болашақ елдігіміздің туын биік ұстайтынына, тәуелсіздігіміздің баянды болатынына сенім білдіріп, тұтас ел болып ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, өркениеттер көшінен қалмаймыз деп ойлаймыз. Президент Қ.Тоқаев елдегі экономикалық және әлеуметтік мәселелерді, ғылым мен білімді дамыту үшін тиімді бағдарламалар жүргізуді министрліктерге тапсырып отыр. Әсіресе білім-ғылым саласы жаңа бағыттар мен тың жобаларды қолға алуда. Білімі мен тәрбиесі мықты елдің болашағы жарқын. Әр шәкіртіміздің бойына отансүйгіштік қасиетті дарытып, ұлттық тұтастығымызды сақтай алсақ, келер ұрпаққа елдігімізді аман сақтап, аманаттай алсақ, парызымызды абыроймен өтеген халық болар едік. Бүгінгі съезде сөз болған өзекті мәселелер де осы мақсатта болды. Біз ел басшыларына сенеміз.
Жанна ӘДІЛХАНОВА,
ЖОО-ға дейінгі дайындық
кафедрасының аға оқытушысы
«АШЫҚ ЕСІК» – «АМАНАТТЫҢ» БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ
Қазақстанның саяси өмірінде аса маңызды тарихи оқиғалар легі жалғасып жатыр. Соның бірі – «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезі. Біздің ұжым да сол іс-шараның қорытындысынан туған ой-пікірлермен бөлісуді жөн көрді. Біріншіден, тек партия басшылығы ғана ауысқан жоқ, елімізде саяси бағыт-бағдар да өзгерді. Тіпті партияның атауы да өзгерді. Бүгінгі съезде Қ.Тоқаев партияның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынысын қабылдады. Анығын айтқанда, отыз жыл мемлекетті басқарған саяси топ аренадан кетті. Бұл табиғи процесс. Партияны құрып, оны осы күнге дейін басқарып келген Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін ешкім жоққа шығармайды. Саясаткердің Қазақстан мемлекетінің шекарасын бекіту, ел астанасын орталыққа көшіруі, түрлі экономикалық реформаларды жасау жөніндегі еңбектерін ешкім сызып тастамасы анық. Қайтсе де елдіктің бұғанасы бекіп, шаңырағы биіктей түсуіне айтарлықтай үлес қосты. «Аманат» партиясының кезектен тыс съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси кеңестің қаулысымен бекітілген күн тәртібіне сәйкес, біршама өзгерістер жасады. Жалпы, партияның жоғарғы өкілді органы 55 пайызға жаңарды. Біз де бұл саяси ұйымнан жаңашылдық пен өзгерістер күткен болатынбыз. Енді мемлекетімізде әлеуметтік әділеттілік принциптері орнығуы тиіс деп ойлаймыз. Әсіресе оқу-ағартушылық саласында жаңа реформаларды, студенттердің білімге ден қоюына қатысты жаңа бастамаларды, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу жүйесіне енгізілген өзгерістерді, "Jаs Otan" жастар қанатының іс-әрекеттерін қайта жандандыруды қолдаймыз. Соңғы жылдары оқытушылар мен мұғалімдердің мәртебесін көтеруге қатысты жұмыстар жүріп жатыр. Оның көрінісі – жалақыны көтеру. Бұл көптеген жастардың ұстаздық етуге деген құлшынысын арттырды. Әсіресе ауыл жастарының білімін арттырып, оларға «әлеуметтік лифт» қалыптастыру өте маңызды. Ауыл – біздің асыл қазынамыз, ендеше ірі қалалардағы жоғары оқу орындарына олардың келіп, еркін білім алуына жол ашыла түседі деген үмітіміз басым. Біз кешегі съездегі Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ашық есік» саясаты – партияның ең басты құндылығы болу керек" деген ұстанымын қолдаймыз. Иә, саяси ұйымның алдында күрделі, қым-қиғаш сапар тұр. Партияның интеллектуалдық потенциалы, адами капиталы, ұжымдық санасы осы мақсатқа жетуге қабілетті. Халық болып бұл жолды да еңсеруге сенімдіміз. Біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың партия төрағасы лауазымына келуін қолдаймыз және бұл барлық логикаға сай шешім. Біздің ең асыл құндылығымыз – тәуелсіздік. Мемлекетімізді сақтап, оның бұғанасын нығайту - әр оқытушының және одан білім алып жатқан шәкірттің азаматтық міндеті. Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мұны үлкен жауапкершілікпен түйсінеді. Дәл қазір ынтымақ пен бірлік, елге деген жанашырлық басты игіліктеріміз болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктей берсін!
Құралай ӘДІЛЖАНҚЫЗЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс
кафедрасының аға оқытушысы
ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ
1 наурыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен онлайн форматта "Nur Otan" партиясының кезектен тыс XXII съезі өтті. Съезде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов "Nur Otan" партиясының атауын «Аманат» деп өзгертуді ұсынды. Бұл ұсыныс бірауыздан халық қалаулылары мен Президенттің мақұлдауына ие болды. Иә, расында, "аманат" сөзі халқымыздың санасында өте қастерлі ұғым. Аталарымыз бұл сөздің ұлылығын біліп, «Алланың аманатқа берген жанын кезегі келгенінде тапсырамын» деп жырлаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстанды құру барысында, дамудың жаңа кезеңінде партияға жаңа тұғырнама әзірлеу керектігін тапсырды, оны келесі съезде қарап, бекітетінін айтты. Елді жаңартудағы әрі қарайғы жұмыста партиялықтарға ұсыныстар идеясын жинау бойынша республикалық науқан өткізуді ұсынды. Елді жаңғырту жұмысында партияластарға үміт артатынын, сол үшін республика бойынша жалпыұлттық күн тәртібіне ұсыныстар қабылдайтын жүйе ашу керектігін де атап өтті. Бұл, әрине, өз кезегінде партия үшін өте маңызды шешімдер. Сондай-ақ жастар кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші екенін түсінген Президентіміз «Біз жас кадрларға жол бермейміз. Бұл – біздің басты кемшілігіміз» деп атап өтті. Сондықтан бұл қателік алдағы уақытта партия тарапынан қайталанбайды деп сенеміз. Ендігі үлкен мәселе – халқымыздың сенімін ақтау. Ал сенімді ақтау – үлкен аманат. «Қазақ ұлты» деп аталатын осы Ұлы даланың ұрпақтары алты топтан құралған. Олар: діндарлар, мүгедектер мен ауыр науқастар, қарттар, сәбилер, кедейлер және жастар. Осы алты топ аманатты арқалаған партиядан өздерінің үлестерін алуды қалайды. Егер бұлардың мүдделері өңірлік және Парламент деңгейінде ескерілмесе, тиісті жәрдем мен қолдау берілмесе, онда аманатқа қиянат болады. «Аманат» партиясы осы күннен бастап жұмыс барысында өзін халық алдындағы міндетін сапалы атқаратын атқарушы партия ретінде көрсетеді деп ойлаймын.
Темур АМАНҚҰЛ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Дінтану және мәдениеттану
кафедрасының Ph.D докторы
ЖАҢА МЕЗГІЛ, ЖАҢА КЕЗЕҢ, ЖАҢА ЖОЛ
1 наурыз - табиғаттың жаңа маусымы басталып, жаңа өмірдің бой көтеретін мезгілі екені белгілі. Дәл осы көктемнің бірінші күнімен елімізде көп үміт пен болашаққа деген сенімді ұялататын жаңа атаумен «Аманат» партиясы өз қызметін бастады. Әрқашанда жер әлемді жылытып, мол күн сәулесімен келетін мезгілге әр адам үлкен үмітпен қарайтыны белгілі. Бүгінгі күннің жаңалығы, жаңашылдығы дәрежесіне айналса, атын өзгертіп, мазмұны мен қызметін де жандандыруды мақсат еткен «Нұр Отан» партиясының жаңа бағыты. Қоғамдық саясат институты аясында ашуды ұсынып отырған "Talqylau" тұрақты сұхбаттасу алаңы халықтың көкейіндегі сұрақтарды тыңдап, толғандырған мәселелерді еститін алаңға айналады деп сенеміз. «Ашық партия» ортақ концепциясының аясында жүзеге асырылуы тиіс шаралар құптарлық. Экологиялық ойлауды қалыптастыру мен қоғамдағы экомәдениеттің дамуына бағытталған "ТазаLike" жобасы кезек күттірмей жүзеге асырылуы тиіс деп санаймын. Қоғамдық көңіл күйді тексеру және әлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарын анықтау үшін жасауды жоспарлап отырған «Әлеумет» жобасы қордаланған мәселелерді шешуде өзіндік септігін тигізері айқын. «Жаңа Қазақстан үшін 30 жаңашылдық идея» жобасының негізінде нақты шаруаны атқаратын кәсіп иелерінің шынайылыққа негізделген ойлары мен істерін «кәдеге жарату» мүмкіндігі туындайды. Болашақтың тұтқасы - жастар үшін де «Партиялық контент-фабрика» жобасын жүзеге асыру жоспарланған екен, белсенді әрі креативті жастарды жан-жақты қолдау болады деп үміттенеміз. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың өзі айтқандай, ребрендинг – ол жай ғана атау мен белгіні ғана өзгерту болмауы керек. Халықпен, яғни сайлаушылармен өзара байланыс әдістерін қайта қарастырып, әрбір еліміздің азаматы өзекті жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастыруға қатысу қажеттігі айтылды. Демек, әркім өзіне қажетті саналы да сапалы өмірді өзі құра алады деген сөз. «Аманат» партиясы әділеттілік, ел бірлігінің партиясы ретінде бағаланып отыр. Қазіргі таңда әркімнің азаматтық белсенділігі маңызды. Еліміздің әрбір азаматы өз саласында сапалы еңбек етіп, мәдениеттілік пен өркениеттілік қағидаларын сақтап өмір сүретін кез келді.
Әлия ӨМІРБЕКОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
философия және саясаттану
факультетінің доценті
ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ
Бүгін онлайн форматта 399 делегат қатысқан «Нұр Oтaн» партиясының кезектен тыс XXII жиыны өткізілді. Оған партия төрағасы әрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық жасады. Партияға қатысты халықты толғандыратын өткір мәселелер көтерілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партияның атын «Аманат» деп өзгерту туралы ұсынысты қолдады. «Аманат» сөзі «бабалар өсиеті», «болашақ ұрпаққа аманат» дегенді білдіретіні барлығымызға белгілі. Жиында партияны жүйелі түрде қайта құру тетіктері ортаға салынды. Енді партияның қоғамдық кеңестерінің құрылымы қайта жасақталады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жаңа Қазақстанды құру, жаңа даму бағытын, мақсат-мұратын айқындау, болашақтағы тағдырымызды болжау аса маңызды міндеттердің бірі екеніне баса назар аударды. Ұсынылған барлық нәтижелер өз қорытындысын көрсетіп, еліміздің дамуына үлесін қосатынына, оң өзгерістер жалғаса беретініне сенемін.
Айгүл САДЕНОВА,
ҚазҰУ жоғары оқу орнына дейінгі
білім беру факультеті
Шетелдіктердің тілдік және
жалпы білім беру дайындығы кафедрасы
«АМАНАТ» ҰҒЫМЫ ҮЛКЕН СЕНІМ МЕН ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ НЕГІЗДЕЛГЕН
Мемлекеттің саяси өмірінде партияның алатын орны ерекше. Саяси партиялар халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін, мақсат-мүддесін билікке жеткізе отырып, саяси билік тетіктерінің жұмыс істеуіне белсене қатысады. Ол халыққа идеологиялық әсер етіп, саяси сананы қалыптастырады. Сондықтан да саяси партиялар саяси билікке, билік тетігіне қатыса отырып, халықты үкіметпен, азаматтық қоғамды саяси қоғаммен, мемлекетпен байланыстырады. Халық өз кезегінде мемлекеттің саяси бағыты мен биліктің өзгеруіне ықпал етеді. Еліміздің саяси партияларының бірі – «Отан» партиясы 1999 жылы құрылып, 2006 жылы «Нұр Отан» болып өзгергені белгілі. «Нұр Отан» партиясы 23 жыл бойы мемлекетіміздің халқымен үкімет арасын байланыстырушы саяси бір құрал ретінде қызмет етті. Дегенмен де қазіргі қоғамның рухани жаңғыруы, модернизациялануы жағдайында нақты, тікелей халықпен етене жақын болатын партия қажеттігі бүгінгі күннің талабы. «Нұр Отан» партиясының ішкі және сыртқы мазмұнымен қатар, бағдарламасын да қоғамда, елімізде болып жатқан бүгінгі күннің ақиқатына негіздеу қажеттігі туындап отырғанын Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев та, Үкімет те, партия ұйымы да сезе білді. Сондықтан да «Нұр Отан» партиясының төтенше съезінде партия атауы «Аманат» болып өзгерді. «Аманат» сөзінің мән-мағынасына келетін болсақ, оның астарында терең жауапкершілік, адами қасиет жатыр. «Аманат» ұғымы өзіңнің қадірлі де қимас адамыңды не затыңды, қоғамдық сипатта айтсақ, ұлттық мұраңды біреудің жауапкершілігіне беру, орындауға тапсырылған міндет, өсиет деп түсіну керек. Ата-бабамыздың ұғымында мал-мүлік, өмір-ғұмырының өзі Алланың аманаты деп білген. Қазақтың көшпелі тұрмысында жер қатты, қыстың қысқан қиын кезеңдерінде қайтыс болған адамның сүйегін уақытша ит-құс тұмсығы бара бермейтін жерлерге аманат етіп қалдырып, көктем түсе өз атамекеніне қайта көметін жағдайлар қазақ этнографиясында да кездеседі. Тарихтың кейбір жаугершілік заманында «аманат» ұғымы саяси сипат алып, келісім жүргізу барысында не достық қарым-қатынасты қалыптастыруда кепіл рөлін атқарған. Сондықтан да тарихтан белгілі, мәселен, Русь князі Ярослав Алтын Орда билеушісі Батуды толық мойындап, өзінің ұлы Александрды аманатқа берген. Сондай-ақ қазақ хандықтары тұсында, мәселен, Әбілқайыр хан кезінде Ресеймен келіссөз барысында сенімді болу үшін балаларының бірін аманат ету оқиғалары жиі болғаны белгілі. Сол сияқты қазақ тарихында «ақ үй аманат» бергені жөнінде де аңыз әңгімелер жеткілікті. Қазақ тарихындағы XVI-XVII ғасырлардағы жаугершілік замандарда жоңғар-қазақ соғыстарында, қытай-қазақ шапқыншылығында, Хиуа хандығы мен Қазақ хандығы арасында қақтығыстарда екі жақтың келісімге келіп, бітімгершілікпен жүзеге асуы «ақ үй аманат» салтының жасалуымен аяқталатын. Бұл салт бойынша кінәлі жақ өзінің жеңілгенін мойындап, бар сән-салтанат, дүние жиһазымен ақ орда, «ақ үй аманат» етіп тігетін. Бұл тек жеңілу ғана емес, сол елді мойындау, бұдан былай тату-тәтті көршілік қарым-қатынасты қалыптастырудың кепілі ретіндегі сый-сияпат, құжат ретінде танылған. «Аманат» ұғымы күнделікті тұрмыстағы қарым-қатынаста да жиі қолданылады. Мысалы, әйелдің ер-азаматқа аманаты, алыс жолға не соғысқа аттанып бара жатқан жауынгердің отбасын, не ата-анасын бауырына, не туған-туысына аманаттауы, отбасының жағдайын жасау отағасының аманаты. Тіпті бір затты біреуге жеткізу барысында аманат етіп тапсырған. Сондықтан да «аманат» ұғымының көтеретін жүгі ауыр, ол үлкен сенім мен жауапкершілікке негізделген қоғамдық ұғым деуге болады. Міне, еліміздің сенімді тірегінің бірі, халықпен билікті жалғастырушы саяси партияның «Аманат» болып аталуы өте құптарлық. «Аманат» партиясы, бір жағынан, халықтың аманатын орындаушы десек, екінші жағынан, еліміздің тұтастығын қамтамасыз етіп, елімізді Мәңгілік елге айналдыруда, халқымыздың рухани да, материалдық та бай мұрасын болашақ ұрпаққа аманат етіп тапсырушы деп сезінейік. Сондықтан «Аманат» партиясының мемлекет алдында да, халық алдында да жауапкершілігі жоғары.
Б.ҚАЛШАБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Археология,
этнология және музеология кафедрасының
профессоры м.а., т.ғ.д.