Жаңалықтар

ҚазҰУ 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесін атап өтті

05.03.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шара өтті. 


ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев әйелдер қауымын мерекелерімен құттықтап, нәзік жандардың қоғамдағы орнын айрықша атап өтті.


«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әйелдер қауымы ежелден отбасының ұйытқысы, береке-бірлік пен өнегелі құндылықтардың сақтаушысы. Әрбір адамның тағдырындағы ең жарқын сәттер ардақты аналармен, аяулы арулармен байланысты. Халқымыздың басына түскен ауыр сынақтарда да әйелдер ел тағдыры үшін жауапкершілік арқалаған.


Бүгінгі егемен елімізде әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Әйелдердің шығармашылық және кәсіби біліктіліктерін арттыру үшін барлық жағдай жасалуда», – деді ректор.

«Қазіргі уақытта ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлық құрамында 1725 қыз-келіншек табысты жұмыс атқарады. Олар жалпы ғалымдар санының 63 пайызын құрайды. Оның ішінде  324 ғылым докторы, 601 ғылым кандидаты, 286 PhD докторы, ҚР ҰҒА академигі бар. Сонымен қатар Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының 2 корреспондент-мүшесі еңбек етеді. Сіздердің университетке сіңіріп жүрген еңбектеріңізді жоғары бағалаймын»,  деді Жансейіт Түймебаев. 

Айта кету керек, университет басшысының бұйрығымен білім ордасындағы барлық ханымдарға, мерекеге орай, 40 мың теңгеден сыйақы берілді.

Шара барысында университет дамуына үлес қосқан 20-ға жуық әйел оқытушы, қызметкерлер «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.


Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасты. Университеттің жігіттер қауымы дайындаған мерекелік концерт ханымдарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Жиын соңында университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың атынан салтанатты шараға қатысушы әйелдер қауымына ықылас гүлдері ұсынылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі