Құрметті оқытушы ханымдар, қызметкер азаматшалар,
білім алушы қыздар қауымы!
Сіздерді 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Көктем нұрымен бірге келген шырайлы мереке көңілдеріңізді гүлге, жандарыңызды шуаққа бөлесін.
Сіздер біздің қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне айналдыңыздар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Егемен елімізде әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Әйелдердің шығармашылық және кәсіби біліктіліктерін арттыру үшін барлық жағдай жасалуда. Алдағы уақытта талантты да талапты әйелдер қоғамдық-саяси өмірдің түрлі саласында зор жетістікке жететініне сенемін», – деп атап өткен болатын.
Ел Президенті биылғы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Бұл орайда, бала тәрбиелеп, ұрпақ өрбітіп отырған аналарға қамқорлық та, құрмет те айрықша болуы керек.
Қазіргі кезде білім беру саласында әйел-ұстаздардың, әйел-ғалымдардың үлесі басым. Бүгінгі күні ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлық құрамында 1725 қыз-келіншек жұмыс атқарады.
Олар жалпы ғалымдар санының 63 пайызын құрайды.
Оның ішінде 324 ғылым докторы, 601 ғылым кандидаты, 286 PhD докторы, 1 ҚР ҰҒА академигі және Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының 2 корреспондент- мүшесі бар.
Құрметті арулар!
Әйел-Ана – отбасының ұйытқысы, береке-бірліктің шырақшысы. Қазақ халқы«Әуелгі байлық – денсаулық, екінші байлық – он саулық, үшінші байлық – ақ жаулық» деп, аналарымыздың қадір-қасиетін ерекше дәріптеген.
Үйлеріңізден қуаныш кетпесін, бала-шағаларыңыздың болашағы жарқын, азаматтарыңыз аман болсын!
Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Құрметпен
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ