Жаңалықтар

ҚазҰУ – әлемге ашылған қақпа

11.03.2022

ҚазҰУ – Жер шарының әр түкпірінен түрлі ұлттар мен ұлыстар келіп, ілім-білім алып, тәжірибе алмасып жатқан жоғары оқу орны. Білім қақпасы әлемге ашылған оқу ордасына қызығушылық танытып, оқуға келіп жатқан шетелдік студенттердің қарасы көп. Кейіпкеріміз Ахмад Хамед Наяб ҚазҰУ-ды таңдаудағы басты себебі  мен оқу ордасы туралы ой-пікірімен бөлісті.  

Ахмад Хамед Наяб – Ауғанстан тумасы. Жасы 32-де. Ол 2013 жылы Ауғанстанда Кабул медициналық университетінде стоматология факультетін бітірген. 2013 жылдан осы уақытқа дейін Ауғанстанның Кабул қаласында орналасқан Кабул медициналық университетінде оқытушы болып жұмыс атқарып келеді. 2019 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға медицина саласындағы магистратураға оқуға түсіп, оны 2021 жылы тәмамдады. Бүгінде ЖОО-ға дейінгі дайындық факультетінде оқуын жалғастыру үшін тағы да Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды таңдаған.

– Менің Қазақ ұлттық университетін таңдауымның көптеген себебі бар. Бірінші себеп – ҚазҰУ-дың әлемдегі ең үздік топ-200 оқу ордасының қатарындағы рейтингтік көрсеткіші. Екінші себебі – білім ордасы оқытушы-профессорларының беріп жатқан білімі жоғары дәрежеде. Мұнда студенттердің терең білім алуына барлық жағдай қарастырылған. Қолданыстағы заманауи технологиялар да өте сапалы деңгейде. Дегенмен бүкіл әлемде карантин талаптары орын алды. Осындай шақта ҚазҰУ оқу процесін қалыпты негізде жалғастыра білді. Ал басқа шетелдік университеттердің көпшілігі бұл мәселеде сәтсіздікке ұшырап, білім беру үдерісін жалғастыра алмады. Тағы бір себеп – ұстаздар өз саласы бойынша өте білікті, сонымен қатар өздерін әрдайым жан-жақты дамытуға құштар. ҚазҰУ-дың ортасы, аумағы өте үлкен, оқуға, білім алуға мүмкіндіктер жан-жақты қарастырылған. Біз кез келген жерде отырып, дәріске дайындығымызды бастай аламыз, – деген  Ахмад Хамед Наяб өзінің осы университетте оқып жатқанын мақтан тұтатынын айта отырып, PhD докторантураны да осы оқу ордасында бастау жоспарында бар екенін тілге тиек етті.

– ҚазҰУ жатақханалары да өте жайлы. Оған дәлел – менің осындағы жатақханада тұратыным. Дәлірек айтсам, мен отбасыммен, яғни келіншегім, балаларыммен бірге ҚазҰУ жатақханасына қоныстандық. Оқу орнының басшылығы, қызметкерлері бізге жатақхана беріп, жағдайымызды жасады. Мен көп пайдаланатын орталықтың бірі – кітапхана. Әл-Фараби кітапханасы – оқуға көңіл бөліп, ізденісіңді арттыруға арналған тамаша орын. Үлкен компьютер экрандары және сонымен бірге процессорға бекітілген үш үлкен монитор кейбір жобаларыма зор септігін тигізді, – дейді Ахмад. Ол өзінің сан түрлі ұлттар шоғырланған елде халықпен етене араласып жатқандықтан, бірнеше тіл білгенді жөн санайтынын айта кетті. Магистратурада ағылшын тілі бойынша сабақ алып, бірақ тәжірибе үшін қазақ және орыс тілдерін білу қажет деп есептейді. Сондықтан бүгінгі таңда  орыс тілін үйренуге көптеп көңіл бөлуде.

Ал біздің «Сіздің мемлекеттегі оқу бағдарламасы мен ҚазҰУ оқу бағдарламасының айырмашылығы неде?» деген сауалымызға қысқа да нұсқа:

– Өз елімдегі университеттер мен ҚазҰУ арасындағы оқу жоспарының аса бір айырмашылығы жоқ, өйткені менің елімде де несиелік жүйені қолданады. Ауғанстанның бағалау жүйесінде бағаларды пайызбен есептейтіндей ғана  айырмашылығы бар, – деп жауап берді.

Ол ҚазҰУ-ға келген алғашқы жылдары студенттер, ұстаздармен бірге Қазақстанның әсем табиғатын аралап, түрлі саяхатқа шыққандарын сағына еске алды. Республика сарайына концертке барғанын және Үлкен Алматы көлін көріп таңғалғанын, сол секілді т.б. мәдени гастрольдік сапарларда қазақ халқының дархандығы мен тұмса табиғатының әсемдігіне куә болғанын айтты. Алайда бүгінде сол күндерді сағынатынын әрі карантинге байланысты ондай сапарлардың тоқтап қалғанына өкініш білдірді. Әлі де жалғасын тапса екен деген тілегін жеткізді.

– ҚазҰУ – мен үшін әлемге ашылған қақпа. Мен осындай әлемнің ең белді университеттерінің бірінде оқып жатқаныма қуаныштымын. Әрине, осынау альма-матерде білім алып қана қоймай, түрлі арман-мақсаттарыңды жүзеге асыруға, ғылыми жаңалықтар ашып, спортпен де шұғылдануға, әрі білім алу жолында түрлі тәжірибе жасауға да үлкен мүмкіндіктер қарастырылған. Сол үшін қолымдағы бар осы нығметтерді дер кезінде пайдаланып қалу үшін уақытымды тиімді жұмсауға тырысудамын. Бізге осындай мүмкіндіктер сыйлаған оқу ордасының басшылығы мен ұстаздар қауымына алғысым зор, – деп сөзін түйіндеді шетелдік студент.

 

Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ