Жаңалықтар

Этнопсихологияның абыз ақсақалы

15.03.2022

Профессор Құбығұл Бозайұлымен таныстығымыз, аралас-құралас, сыйлас болып, ғылымның бір саласында қарекет етіп келе жатқанымызға 60 жылдың жүзі болыпты. 1962-65 жылдары мен сол кездегі ҚазМУ-дың Педагогика және психология кафедрасының аспиранты едім, әрі жарты (0,5) ставкада студенттерге сабақ беремін. Ғылыми жетекшім атақты оқымысты, мемлекет қайраткері Төлеген Тәжібаев болатын. Ол кезде Құбығұл Бозайұлы Шымкент педагогикалық институтында оқытушы, өзі Тәжібаевтың төл шәкірті. Төлеген Тәжібаевтың өзі ашқан, дәріс берген ҚазМУ-дың «Психология және логика» бөлімін бітіріп, ұстаздық жолға жолдама алған. Содан бері Төлеген Тәжібаевтан қол үзбей, ұстазының қолдауымен психологиядан диссертация жазып жүрген кезі. Міне, осылай Төлеген Тәжібаевтың арқасында Құбығұл Жарықбаев екеуміз әріптес, сыйлас болдық. 1964 жылдың жазында Төлеген аға айықпас ауыр науқастан қайтыс болды. Мен бастаған ісімді аяқтай алмай, орта жолда қалдым. Содан Жоғары білім министрлігінің аппаратына қызметке ауыстым.

Құбығұл Жарықбаев диссертациясын даярлауға байланысты әрі кітаптарын шығару үшін Алматыға жиі келетін. Ол уақытта кітап шығару деген бір машақат болатын. Ол келген сайын маған жолығады, біз алдағы жұмыстар жөнінде ақылдасамыз. Мен министрлік басшыларына қолқа салып, Құбығұл Жарықбаевтың дайын кітаптарын шығаруға өтініш айтамын. Құбығұл Бозайұлының педучилище студенттеріне арналған оқулығын баспадан шығаруға сол кездегі министр Қали Билялов тікелей жәрдем жасады.

Бірде Құбығұл Жарықбаевқа Алматыға біржолата келуін, жұмысқа орналасуы керектігін айттым. Сол ниетпен Ө.Жолдасбековтің қабылдауында болып, мән-жайды түсіндірдім. «Қазіргі кезде психологиядан іргелі еңбек жазып жүрген тек осы кісі. Болашақта докторлық диссертация қорғайды, мұндай маман сіздерге керек», – дедім оның қабілет-қарымын ашық айтып. Өмірбек Арсланұлы түсініп, шешімді бірден қабылдады. Құбығұл Жарықбаев ҚазМУ-дың Педагогика және психология кафедрасына доцент болып қабылданды. Бұдан кейін Құбығұл Жарықбаев бар пәрменімен творчестволық жұмысқа құлшына кірісті. Көп шаруалар тындырды. Өзі де өте еңбекқор, жанкешті жан еді.

Ендігі бір мәселе – республикада кенжелеп қалған психолог кадрлар даярлау күн тәртібінде тұрды. Бұған да Құбығұл Жарықбаев белсенді араласты, бар күш-жігерін аямады. Осы кезде, бағымызға қарай, университетке ректор болып Көпжасар Нәрібайұлы келген еді. Психология ғылымының жанашыры осы саланың мәселелерін терең түсінетін. Оған бір себеп – ол кісі АҚШ-та ғылыми тәлімгерлікте жүргенде ол елде осы ғылым саласына көп көңіл бөлінетінін, психологияның елде кең тарағанын, практикалық қолданыста жоғары дәрежеде екенін көзбен көрген адам. Осы жағдайды әбден таразылап, үлкен дайындықпен ректордың алдына бірнеше мәселе қойдық. Ондағы негізгі мәселелер: университетте психолог мамандар даярлайтын қазақша бөлім ашу; этнопсихология кафедрасын құру; докторлық диссертация қорғайтын кеңес ашу (жалпы психология, педагогикалық психология, этнопсихология мамандықтары бойынша); Төлеген Тәжібаев атындағы психологиялық орталық ашу; үздік студенттерге Т.Тәжібаев атындағы айрықша (көтерме) стипендия тағайындау.

Тоқсаныншы жылғы небір қиын-қыстау кезеңде (штат қысқарып, студенттердің саны азайып жатқан кез, қаржы қысқарған, айнала дағдарыс) елдің ер-азаматы Көпжасар Нәрібаев осы мәселені бірден шешті. Жаңадан ашылған Этнопсихология кафедрасының меңгерушілігіне ҚарМУ-ден белгілі психолог, ғалым Сатыбалды Жақыпов шақырылды. Ол кісі жаңадан құрылған Докторлық диссертация қорғау кеңесінің төрағасы болып бекітілді. Жаңа ашылған кафедраға жаңа толқын жас талаптар тартылды. Бұл кез психологияның дәуірлеген заманы болды. Психология саласының жоғары дәрежелі мамандары – ғылым кандидаттары мен докторлар лек-легімен шыға бастады. Дені жастар, өзіміздің университеттің түлектері. Кафедра жанынан магистратура, докторантуралар ашылып, жастарға ғылымға деген кең жол ашылды. Осы істердің бәрінде үлкен жанашырлықпен Құбығұл Бозайұлы жүрді. Ол кісінің атқарған үлкен ісінің бірі ұстазы Төлеген Тәжібаевтың ғылыми мұраларын жинап, зерттеп, зерделеу болды. Т.Тәжібаев атындағы ғылыми орталықты басқара отырып, бұл салада жемісті еңбек етті. Жыл сайын Төкеңнің туған күніне арнап ғылыми конференциялар өткізіп, онда жасалған баяндамалар топтастырылып, психология-педагогика саласынан үлкен ғылыми жинақ шығып тұрды. Бұл іс, әсіресе, жас талапкерлер еңбектерінің жарық көруіне зор себепші болды.

Сөз соңында айтарымыз, ұлы Мақтымқұлының «Бәріміз де өлеміз, жер қойнауы жатағың, Ізің қалар артыңда жақсы болса атағың» деген аталы сөзі еске түседі. Құбығұл аға, артыңда ізің қалды – ұрпақтарың, шәкірттерің және игілікті істерің бар. Олар сізді ұмытпақ емес. Қош, қадірлі аға!

 

 

Жолмұхан ТҮРІКПЕН-ҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

психология ғылымының профессоры