Жаңалықтар

«Студенттік көктем-2022» - шексіз шығармашылық!

17-нау-22

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Студенттік көктем-2022» шығармашыл жастар фестивалі өз мәресіне жетті. Жыл сайынғы дәстүрлі сайыста ең креативті, жарқын және талантты қатысушылар анықталып, қорытындысы шығарылды.

Биылғы фестивальде студенттер заманауи күрделі музыкалық-сахналық жанр – мюзикл бойынша өздерінің вокалдық, театрлық және хореографиялық өнерлерін көрсетті. «Менің мамандығым – менің болашағым!» шығармашылық тақырыбы қатысушыларға шабыт сыйлады.

Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен шарада жеңіс үшін күресте бар ынтасы мен жігерін салуға жиналған финалист жастар декандардың, студенттердің, куратор-эдвайзерлердің басшылығымен барлық іріктеу кезеңдерінен сәтті өтті. Би, вокал және эстрада, аспаптық музыка, театр көріністері, музыкалық өнердің барлық бағыттары 10 минуттық қойылымда қамтылуы тиіс.

«Студенттік көктем – бұл студенттік шығармашылықты қолдау және дамыту, жалындаған жастардың күш-қуаты. Қарым-қатынас пен шығармашылықтың шыңдалуы. Міне, көп жылдар бойы осы сахнада жыл сайын біздің сайыстарымыз салтанатты түрде өтеді. Залдың энергиясын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Әр факультеттің қолдауын мәңгі есте сақтауға болады», – деп фестиваль жүргізушісі ақтық кезеңнің басталуын жариялады. Шынында да, осы кеште Студенттер сарайында нағыз көктемгі атмосфера орнады. Көрермендер мюзикл жанрындағы сахнада жарқыраған жас әртістерге қолдау көрсетіп, ұрандатып, командаларды қошеметпен қарсы алды.

Командалардың өнерін беделді қазылар алқасы, Жастармен жұмыс департаментінің директоры Жұлдыз Есімова, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, даңқты домбырашы Нұржан Тәжікенов, белгілі актер және режиссер Мерей Маханов, Өндірістік қамтамасыз ету департаментінің директоры Ақылбек Желдібаев, спорттық бал билерінен Қазақстанның екі дүркін чемпионы Гүлнұр Сихимбаева, актер, әнші, тележүргізуші Амантай Рамазан, Farabi university сайт басқармасының басшысы Анар Бекбергенова бағалады.

Кеш соңында фестиваль жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Барлық командалар жарқырап, өзіндік ерекшелігін, креативтілігі мен күш-қуатын өнермен лайықты көрсетті. Нәтижесінде фестивальдің бас жүлдесіне механика-математика факультетінің командасы ие болды, 1-орынды география және табиғатты пайдалану факультеті, 2-орынды филология факультеті, 3-орынды химия және химиялық технологиялар факультеті иеленді. «Студенттік көктем-2022» фестивалінің жеңімпаздары бағалы сыйлықтар мен дипломдарға ие болды. Ең бастысы – өмірге деген махаббат пен алға деген ұмтылыс.

Жеңімпаздарды құттықтаймыз!

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі