Жаңалықтар

Наурыз мейрамының құндылықтары зерделенді

15.03.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Наурыз апталығы аясында «Наурыз: дәстүр және жаңғыру» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға отандық тарихшы, этнолог, археолог, музейтанушы ғалымдар, мемлекеттік және қоғамдық ұйым өкілдері мен білім алушы жастар қатысты.


Жиылған көпшілік алдымен қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-салтын насихаттайтын көрме жұмысымен танысып, дәстүрлі тағамдар жәрмеңкесінде наурызкөжеден дәм татты. Сонымен қатар мерекелік іс-шара қонақтарына зергерлік өнерінен шеберлік сағаты өткізілді.  


Конференцияны ҚазҰУ-дың тарих факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаева ашып, Наурыз мейрамының мәні мен маңызына тоқталды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы: «Наурыз мейрамының негізгі мақсаты – Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру», – деген сөздерін мысалға ала отырып, мейрамның табиғат, адам мен қоғам үйлесімділігінен туған ерекшелігін атап өтті.

Алқалы жиында сөз алған ҚазҰУ-дың тарих факультетінің профессоры Әбдеш Төлеубаев мейрамның шығу тарихын зерделеп берді. «Наурыз – көптеген шығыс халықтарында ертеден келе жатқан мейрам. Көпшілік ғалымдардың айтуынша, мейрамның пайда болғанына 3000 жыл болған. Кей ғалымдар 5000 жыл болғанын алға тартады. Бұл мейрам өндіруші шаруашылықтардың пайда болуы кезінде дүниеге негізгі нышандары келген мейрам болу керек», – дей келе, ғалым үнді-еуропалық халықтардың көпшілігі ХV ғасырға дейін жылдың басын Наурыздан бастағаны жөнінде де дәлелдер келтірді.

Профессор Берекет Кәрібаев өз кезегінде Наурыз мерекесіне байланысты ойларымен бөлісті. «ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларының өкілі Міржақып Дулатов Наурыз туралы былай деген: «Қазақта үш қана мереке бар: бірі – Құрбан айт, екіншісі – Ораза айт, үшіншісі – Наурыз». Осы үш мереке халық санасында ежелден келе жатыр. Кешегі кеңестік дәуірде ресми түрде тойланбаса да, ауылдық жерде үлкендер Наурызды ерекше атап өтетін», – деді ол. Сонымен қатар Берекет Бақытжанұлы ұлттық құндылығымыздың бірі – Шежіре күнімен құттықтап, шежіре туралы қызықты деректермен таныстырды.

Сондай-ақ конференция барысында Алматы қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев, ҚазҰУ оқытушылары – Бибізия Қалшабаева, Тәттігүл Қартаева және өзге де ғалымдар баяндама жасады. Жиында Наурыз мерекесінің жаңғырған қазақ қоғамына әсері, ұлттық құндылықтар, ұлттық бірегейлік мәні жан-жақты талданды.

Ауқымды шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласы музейлер бірлестігі және «Таңбалы» мемлекеттік қорық-музейімен бірлесе ұйымдастырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі