Жаңалықтар

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ – РЕКТОРЫ: РЕФОРМАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУҒА ТОЛЫҚҚАНДЫ НЕГІЗ БАР

18.03.2022

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын ел азаматтары айрықша күтті. Өйткені бұл шын мәнінде әдеттегі Жолдаудан мәні ерекше, Жаңа Қазақстанды дамытудың алғышарты мен саяси реформалардың жаңа бағдарламасы айқындалатын маңызды сәт еді.

Әрине, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстанның қол жеткіз­ген табыстарын тарих­тан сызып тас­тауға болмас. Қазақ­станның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назар­баевтың бас­қаруымен әлем алдында орнық­қан мемлекетке айналдық. Алайда азаттығымыздан айырылып қалу бір-ақ сәтте мүмкін екеніне көз жеткіздік. Ел басына күн ту­ған­да Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жігерлі шешім­дер қабылдап, халқымызды тар жол, тайғақ кешуден алып шықты.

Қаңтар оқиғасы барлығымыз үшін үлкен сабақ болды. Тәуел­сіздігімізді сақтап, мемле­кеті­мізді нығайту үшін етек-жеңі­мізді жинап, өте қырағы болуы­мыз керектігі кезекті рет айқын білінді. Өкінішке қарай, дүрбе­лең кезінде көптеген отандасы­­мыз, оның ішінде, өрімдей жасы­мыз мерт болды. Прези­дент өз Жолдауында қаңтар құр­бан­дарын еске алып, тексеру жұмыстары қарқынды жалғасып жатқанына тоқталды. Қайғылы оқиғаға кінәлі адамдардың бар­лығы қоғамда қандай лауазым мен беделге ие екендігіне қара­мас­­т­ан, жазаланатынын кесіп айт­ты. Тәуелсіздігіміздің талбе­сігі – әсем Алматыны, облыс орта­лықтарын ойрандағысы келген, бейбіт күндердің шырқын бұ­зып, ха­лықтың өмірін қиған бүлік­ші­лер тиісті жазасын аларына сенеміз.

Мемлекет басшысы ендігі жерде «Қаңтар қасіреті» қайталанбас үшін Жаңа Қазақстанды құру жолын­да алдымызға биік мақ­сат­тар қойды. Президент ол үшін қоғам сұранысына сай әзір­ленген еліміздің саяси жү­йесін кешенді жаңғырту бағдар­ла­масын ұсынды. Ең алдымен еліміз суперпрезиденттік бас­қару формасынан мықты Пар­ла­менті бар президенттік рес­пуб­­ликаға көшеді. Қасым-Жо­март Кемелұлының айтуынша, Пар­ламенттің рөлі күшейіп, бұл өз кезе­гінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты басшылыққа алынады.

Қоғамның, елдің өзгеруіне саяси жүйе бейімделе бастайды. Прези­денттің бірқатар өкілеттігі қысқарады. «Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақ мерзімді мүд­десі биліктің қосымша мүм­кін­дік­теріне және уақытша ықпа­лына қарағанда әлдейқайда маңыз­дырақ», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Прези­денттің партия мүшесі болуын заңды тұрғыдан тоқтату­ды ұсынды. Сондай-ақ ол әкім­дердің партия филиалдарын басқаруды шектеу керектігін тапсырды. Президенттің жақын туыс­тары­ның лауазымды ба­сшы­лыққа тағайындалуына заңмен тыйым салынатынына да тоқталды.

Ал халықтың сенім мандаты­на ие болған депутаттар өз міндеті­не жауапкершілікпен қарап, мемлеке­тіміз­ді өркендету ісіне белсене атсалысады. Бұдан былай сайлау алдындағы уәдесін орындамаған депутатты кері қай­таруға болады. Президент Мәжі­ліс пен мәслихатқа депутат­тардың пропорционалды-можаритарлы сайлау моделі бо­йынша сайланатынын жеткізді. Пропорционалды және мажоритарлы жүйе қатар қолданыл­са, сая­си партиялардың рөлі сақталып, азаматтық қоғам­ның басты инс­ти­тут­тарының бірі ретінде қала бер­мек. Бұл жүйе сайлауды әділ өт­кізуге және мем­­лекетті тиімді бас­қаруға жол ашады. Бұл өз ке­зе­гінде аза­мат­тардың саяси бел­сен­­ділігін арт­тырып, елімізді жаң­ғыру үдерісіне жұмылдыра түспек.

Президент тарапынан пар­тиялық жүйені дамыту мүм­кін­діктерін кеңейту де көзделіп отыр. Партияларды тіркеу ережелері жеңілдеп, бастамашыл азаматтар саяси бәсекеге түсе алады. Нәти­жесінде, халық­тың сөзін сөйлеп, мұңын жоқ­тайтын жаңа партия­лар қатары көбеймек. Сайлау үдерісі жаңа­рып, үміткерлерді іріктеу рәсім­дері жетілдіріледі.

Президент ұсынып отырған рефор­ма­лардың негізгі өзегі – шынайы құқықтық, демо­кра­тиялық мемлекет құру жолында қордаланған мәселелердің шешімін табу. Бүгінде Мемлекет басшысы осыған дейін уәде еткен саяси және құқықтық рефор­малардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанына куә болып отырмыз. Ата Заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ететін Конституциялық сот құру туралы ұсыныс осы бағытта жа­сал­ған маңызды қадам болмақ.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Прокуратура және Адам құқы­ғы жөніндегі уәкіл туралы конститу­циялық заңдар қабылдау қажеттігін айтты.

Жоғарыда айтылған рефор­малар толыққанды жүзеге асыры­лады деуге негіз бар. Себебі Жол­дауда халық пен билік ара­сында екіжақты тиімді диалог ұйым­дастыру жолдары қа­рас­ты­рылған. Бәсекеге қаб­ілет­ті бұ­қаралық ақпарат құрал­дары мен азаматтық қоғам инсти­тут­тарының жұмысын жетілдіру соның айғағы. Дамыған елдерге тән үдеріс саналатын бұл қағи­далар «Жаңа Қазақстанды» құру үшін аса маңызды. Сон­дық­­тан Мемлекет басшысы: «Бұ­­қара­лық ақпарат құралдары бәсе­­кеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін ай­­рықша маңызды. Отандық ақ­па­рат құрал­дарының Қазақ­стан­да, өңір­де және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көз­қарасы болуға тиіс. Еліміздің ақ­парат­тық қауіпсіздігі, тіпті и­део­логиялық дербестігі осыған т­іке­лей байланысты» деп атап өтті.

Осы орайда Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­си­теті Президент Жолдауында қамтылған мәселелердің іске асуына зор үлес қоспақ. Өйткені білім мен ғылымның қара ша­ңырағы саналатын ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде болашақ ақпарат саласының мамандары даярланады. Факультет шетелдік университеттермен тығыз байланыс орнатқан. Сол арқылы сту­денттер объективті және опе­ративті ақпарат тарату заманауи тәсілдерін меңгеріп шығады. Сондықтан ҚазҰУ білікті кадрлар даярлау арқылы Мемлекет басшысы ұсынған ашық ақпараттық кеңістік қалыптастырға өз үлесін қоспақ. Өйткені Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұ­қаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан мемлекеттің мүд­десін, қоғамның сұранысын және медиа­саланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек».

Жолдауда айтылған кешенді іс-шаралар кезең-кезеңі­мен жүзеге асырылу арқылы аза­маттық қоғам қалыптас­тыру­дың алғышарты­на айналмақ. «Халық үніне құ­лақ асатын мемлекет» концеп­циясын жүзеге асыру мақсатында құрылған Ұлттық кеңес соның бір дәлелі.

Осы орайда Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқар­ғанын айта келе, енді оның орнына құрамы жағынан ауқым­ды Ұлттық Құрылтай құруды ұсынды. Жаңа құрылым Ұлт­тық кеңестің қыз­метін жалпы­ха­лықтық деңгейде жалғас­тыра­ды деп ойлаймыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақ­стан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауының ерекше бір тұсы әкімшілік-аумақтық құрылымға арналды. Шыны керек, бұл өз­герісті қоғам көп күтті. Әу баста бюд­жеттің қаржысын үнемдеу, елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін жетілдіру бағытында қысқартылған аудандар мен облыстар уақыт өте келе шығынға бата бастады. Бұл жайында кезінде БАҚ-та түрлі зерттеу, тал­­дау мақалалары жарияланды. Күнделікті тіршілікте түрлі қиын­дықтармен бетпе-бет келген жер­гілікті жердің тұрғындары өз өті­ніштері мен тілектерін әкімдерге, халық қалауларына жеткізіп жүрді. Бұл мәселенің нақты нәти­жесі Мемлекет басшысының Жол­дауында айқын көрінді. Пре­зидент әкімшілік-аумақтық құрылым өзгерістерінің аса тол­ғақты мәселе екеніне тоқтала келе: «Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері көтеріп жүргенін білемін. Қазір өңірде шешімін таппаған түйт­кіл­дер аз емес. Мысалы, аймақ­тың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыс­тары­ның басын қосқан Семей қала­сы­ның да жағдайы мәз емес. Біз әділдікті орнатып, ұлы­лары­мыз дүниеге келген киелі өңірді қайта жаңғыртуға тиіспіз», деді.

Шынында да соңғы жылдары Семей өңірінің әлеуметтік-эконо­мика­лық жағдайы құлдыра­ғанын білеміз. Бұл аймақта басқа өңірлермен салыстырғанда, жұ­мыс­сыздық басым, жалақы мөл­шері республикалық көрсет­кіш­тен көп төмен. Ауыл шаруа­шылығын, оның ішінде мал ша­руа­шылығы мен астық, көкөніс және т.б. салаларды жетілдіруге тиімді аумақ болғанымен, өңір­дің эко­номикалық әлеуеті толық иге­­ріл­­мегенін бәріміз көріп отыр­­­мыз. Кезінде Семейдің ет ком­­­би­­наттарының, тігін фаб­ри­ка­ла­ры­ның атағы жер жаратын еді. Со­ларды қайта жаңғырту Үкі­­мет пен жергілікті биліктің міндеті.

Сондай-ақ Жолдауда бұрынғы Жезқазған облысы аумағында Ұлытау облысын құру қажеттігі айтылды. «Жезқазған қайтадан облыс орталығы болады. Бұл өңірде тәуелсіз аймақ құру тек экономикалық емес, сонымен бірге рухани тұрғыда маңызды шешім болмақ», деді Президент.

Расында да, Ұлытау – тарихи өлке. Ынтымақ пен бірліктің бастауы. Кезінде Үш жүздің басын қосқан киелі мекен. Қой­науы тұнып тұрған шежіре. Отан­дық туризмді дамытып, қо­сымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бар. Бір ғана мы­сал, Жезқазған мен Қарағанды қала­ларының арасы 500 шақырым. Облыс орталығына қатынау үшін Жезқазған қаласы маңындағылар осыншама жер жүріп келеді. Бұл бір жағынан адамның уақытын алса, екінші жағынан үлкен шы­ғын. Үшіншіден, облыстардың қай­тадан ашылуы өңірдің тыныс-тіршілігіне қан жүгіртеді. Жас­тардың жергілікті жерде білім алуына, жұмысқа орналасуына жағдай туғызады. Кәсіпорындар ашылады, шағын және орта бизнес қанат жаяды. Сайып келгенде халықтың жақсы өмір сүруіне мүмкіншілік туады.

Осы орайда Президент кезін­дегі Оңтүстік Қазақстан облы­сын мысалға алды. Осы күні халық саны 2 038 934-ке (2019 жылғы мәлімет) жетіп қалған Алматы облысының әкімшілік аумағын қайта құру өзекті мәсе­лелердің бірі еді. Мұны да Мем­лекет басшысы дер кезінде қолға алды. Қос палата депутаттары ал­дында: «Алматы облысының агло­мера­циясында түйінді мәселе жетіп-ар­тылады. Осы және өзге де мәселелерді ескере отырып, Алматы облысын екі аймаққа бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облысы құрылады. Алматы облысының орта­лығы Қапшағай қаласына шоғыр­лануы керек. Ал Жетісу об­лы­сы­ның орталығы Талды­қор­ған қаласын­да орналасуға тиіс. Қапшағай қаласына Д.А.Қо­наев­тың атын беруді ұсына­мын», деген ойын ортаға тастады.

Облыс аумағында 17 аудан және Қапшағай, Талдықорған, Текелі сынды үш қала барын білеміз. Осындай үлкен облысты екі әкімшілік аумаққа бөлу өте орынды шешім.

Қалай болғанда да, елдің бола­шағы үшін үлкен қадамдар жасалды. Президент бұған қоса Жол­дауда өңірлерді қаржы­лан­дыру жүйе­сін түбегейлі қайта қара­ған жөн екенін жеткізді. Эко­номикалық қиын­дық­тардың алдын алу үшін дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар қабылдауды күн тәртібіне қойды.

Қорыта айтқанда, биылғы наурыз Жолдауы нақты ұсыныс пен биік мақсаттар Жолдауы болды. Мем­лекет басшысы қоғам алдында тұрған басты мәсе­ле­лерді айқын­дап берді. Біз өз тара­пымыздан елдің келе­шегі үшін, қуатты, Жаңа Қазақ­­стан­ды қалыптастырып, жаң­ғырту мақсатында жастарды сапа­лы білім мен ғылымға тарту жұ­мыстарын жалғастыра береміз. Өйт­кені Президент атап өткендей, «Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын бола­шақты өз қолымызбен жасай алатынымызға  сенеміз»!

 

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ РЕКТОРЫ ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВТЫҢ «EGEMEN QAZAQSTAN» ГАЗЕТІНДЕ ЖАРЫҚ КӨРГЕН МАҚАЛАСЫ