Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері, магистрант, докторанттары!
Баршаңызды Түркі әлеміне ортақ, халқымыздың ең Ұлық мерекесі, жыл басы – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Биылғы Наурыз ортамызға тың бастамалар, жағымды жаңалықтармен келіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдау жариялап, ел алдына биік мақсаттар қойды.
Тәуелсіз мемлекетіміз үлкен өзгерістерге бетбұрыс жасады. Ел Президенті халыққа жолдауында: «Біз кез келген сын-қатерді бірге еңсеріп, Қазақстанымыздың күш-қуатын бірге арттырамыз деп сенемін. Ең бастысы – еліміздің егемендігі. Шын мәнінде біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Қастерлі Отанымыздың тұғыры мығым, абыройы биік болсын!» – деп айрықша атап өтті.
Наурыз – жасампаздық жаршысы, жаңару мен жаңғырудың бастауы. Келешегіміздің жарқын болуы үшін әрқайсымыз оң өзгерістерді өзімізден бастауымыз керек. Заман талабына лайық жастарға сапалы білім беріп, озық ғылымды игеру – біздің басты міндетіміз. Көшбасшы университетіміздің туын биік көтеріп, аты мен беделіне сай адал қызмет атқаруға тиіспіз.
Елімізде орын алған қаңтар оқиғасы мен әлемдегі сын-қатерлер бізді бұрынғыдан да сергек қимылдауға шақырады. Біз адам баласын ізгілік пен сыйластыққа тәрбиелейтін ізгі құндылықтарымызды жастарымыздың бойына дарытуға, оны өз өміріміздің салтына айналдыруға міндеттіміз.
Ұлттық келбетіміздің, тамыры терең дәстүр-салтымыз бен азат рухымыздың нышанына айналған Наурыз мерекесі баршамызға мол қуаныш, зор бақыт әкелсін.
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Құрметпен
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректор
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ