Жаңалықтар

Жүсіп Сүлейменұлы, профессор: Он жылдай ғарыш саласына қызмет еттік

25.03.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздегі алғашқы оқу орындарының бірі. Кеңес өкіметі тұсында Қазақстандағы жалғыз университет болды. Бұл білім ордасынан қаншама атақты ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері үлкен өмірге жолдама алып шықты. Іргелі оқу орнының тарихы да тым тереңнен басталады. Сонау 1934 жылы негізі қаланған Қазақ мемлекеттік университетінің тұңғыш физика-математика факультеті ұлттық білім мен ғылым орталықтарының біріне және оқу-ағарту саласының алтын бесігіне айналды.

Бұл тарихи миссия факультет үшін күні бүгін де өте өзекті. Қазақ ұлттық университетінде математика ғылымының қалыптасуы мен дамуы, жалпы, университеттің тарихы туралы осы қара шаңырақта 64 жыл табан аудармай еңбек етіп келе жатқан ардагер ұстаз, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан ғылыми педагогикалық академиясының академигі, Халықаралық ақпараттану академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінің профессоры Жүсіп Сүлейменұлын әңгімеге тартқан едік.

 

Жүсіп Сүлейменұлы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен біте қайнасып, осы білім ордасында ең ұзақ қызмет еткен ұстаздардың бірісіз. Жарты ғасырдан астам ғұмырыңызды осы шаңырақта өткіздіңіз. Университет тарихында жазылған қаншама оқиғаларға куә болдыңыз. Сондықтан біздің әңгімеміз бүгінгі жастарды өздері оқып жатқан оқу орнының өткенімен таныстыруға негізделетін шығар. Алдымен өзіңіздің өмірбаяныңыздан бастасаңыз.

– Сіздерге жеке бастың өмірбаянынан, атағымнан гөрі жарты ғасырдан астам уақыт осы университетте қызмет етіп, кімдерден тәрбие алғанымды, кімдермен әріптес болғанымды айтқаным қызығырақ болар. 1958 жылдан бері осы университеттен басқа ешқайда шыққан жоқпын. Жоғары мектептегі содан бергі оқиғалардың барлығы көз алдымда өтті. Сол кезден келе жатқан замандастардан ҚазҰУ-да менен басқа бір ғана әйел әріптесім қалыпты. Осындағы ең жасамысы екеуміз ғана. Жаңа айтып кеттім, 1958 жылы Ақтөбеден келіп, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетіне оқуға түстім. Бірден үздіктер қатарына қосылып, оқуды жақсы алып кеттім. 3-курста бізді үш топқа бөлді. Үздік оқитын студенттерден «исследовательская группа» деген ашылып, мені соған қосты. Бұл топтағылар оқуды бітірген соң аспирантураға түседі, әрі қарай басқа жоғары оқу орындарында студенттер дайындайтын болады. Екінші топтағылар есептеу математикасымен айналысады, ал үшінші топтағылар орта мектептерге сабақ беретін педагог математиктер болып шығады. Зерттеу тобындағылардың дені осы университетте қалды. Сол тұста Ибрашев деген мықты деканымыз болды. Қазақтарды математика саласына тартқан сол кісі. Оған дейінгі декандардың барлығы басқа ұлттың өкілдері болатын. Барлығы кандидаттық диссертация қорғады, доктор атағын иеленді. Мені кафедра меңгерушіміз Константин Петрович Персидский өз қарамағына алды. 1968 жылы аспирантураны бітіре салып, үш күннің ішінде кандидаттық диссертациямды қорғап шықтым. Ол кезде аспирант диссертациясын уақтылы жазып бітірсе, бір ай ақылы демалыс беретін. Бұл үлкен жетістік болатын.

– Ғылыми жетекшіңіздің мықты болғаны ғой...

– Ол рас. Ғылыми жетекшім біздің кафедраның меңгерушісі Константин Петрович болды. Аруағы риза болсын, айта кетейін, ол кісінің маған жасаған жақсылығы көп. Мені жас ғалымдар кеңесінің бастығы етіп тағайындады. Жатақханадан орын алып берді. Кейіннен өзінің орнына одақтық ғылыми конференцияларға жіберіп тұрды. Персидскийдің арқасында социалистік шетелдер – Венгрия, Румынияға, одақтас республикалардағы Мәскеу, Киев, Минск сияқты қалаларға іссапарға шықтым. Ол кезде іссапарға шығудың өзі оңай емес еді. Бізді шетелдерге көп шығара бермейтін, өйткені математика ғылымындағы жаңалықтар өте құпия саналатын, математика формулаларын қай елде болсын пайдаға жарата алады. Сондықтан бізді шетелге шығарда әбден тексеріп барып жіберетін. Сөйтіп, мен Дифференциялық теңдеу және басқару теориясы деп аталатын кафедрада тұрақтап қалдым. Осы күнге дейін сол кафедрада жұмыс істеп жүрмін.

– Механика-математика факультетінде әр бағытта жұмыс істейтін бірнеше кафедра бар. Дифференциялық теңдеу және басқару теориясы кафедрасы қандай ғылыми жұмыстармен айналысады? Сіздің зерттеп жүрген салаңыз қандай?

– Математика ғылымы бірнеше дербес салаға бөлінеді. Менің зерттеп жүрген салам – дифференциялық теңдеулер. Оны қысқаша былай түсіндіруге болады. Мына бүкіл қозғалыстың барлығын, мысалы, жылдамдық, үдеу сияқты құбылыстарды математикаға салсақ, дифференциялық теңдеу шығады.

Онда дифференциялық теңдеудің басқа да көптеген салаларға қатысы бар болды ғой. Сіздердің қызметтеріңізге басқа салалардан тапсырыстар болып тұратын шығар?

– Мен бірнеше жыл кафедрадағы шаруашылық келісімшарт бөлімін басқардым. Сол кездерде біздің кафедра Байқоңырдағы ғарыш айлағының жұмыстарына қатысты бірқатар тапсырыстарды орындады. Ол заманда барлығы құпия, бізге ештеңе айтпайды, тек орындаған жұмыстарымызға келісімшарт бойынша жалақы тағайындап қояды. Менің білетінім, «Боран» деген ракетатасығыштың теңдеулерін жасадық. Одан кейін «Энергия» ракетатасығышының математикалық дифференциялық теңдеу есептерін дайындадық. Осылайша он жылдан астам ғарыш саласына қызмет еттік. Ол кезеңде бізге ай сайын 150 сом жалақы беріп тұрды. Мен алатын доценттің айлығы 320 сом болатын. КСРО тарағаннан кейін ол жақтан тапсырыс болған жоқ.

Жүсіп Сүлейменұлы, сіз сияқты көпті көрген абызға тек кафедраға қатысты сұрақтар қою ыңғайсыз екен. Жалпы, факультеттің тарихын сізден артық білетін ешкім жоқ шығар. Осы жағынан оқырмандарыңызды хабардар ете кетсеңіз.

– 1934 жылдың 15 қаңтарында ашылған Қазақ мемлекеттік университеті құрамында екі: биология және физика-математика факультеттері ғана болғанын білесіздер. Мен физика-математика факультетіндегі математика бөлімінің даму тарихын айтайын. Бастапқы кезде оқытушылар құрамы, аудиториялар жетіспеді. Сол себепті университеттегі оқу үдерісін Қазақ педагогикалық институтынан уақытша берілген 3-4 дәрісханада жүргізуге, ал студенттерді 5-6 ғана жатын бөлмеге орналастыруға, Математика кафедрасын осы институттың оқытушыларынан құруға мәжбүр болды. Математика кафедрасының меңгерушісі қызметі педагогикалық институттың доценті С.Боқаевқа жүктелді.

Бұл кадр мәселесі тоқыраған, мамандардың тапшы кезі болатын. Физика-математика ғылымдарының кандидаты С.Боқаев 1937 жылы жазықсыз қамалды. 1936 жылы Математика кафедрасына жұмысқа халық ағарту комиссариатының сұрауы бойынша Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінен қазақтан шыққан тұңғыш физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Ибадулла Ақбергенов шақырылды. Ол Математика кафедрасын 1937-38 жылдары басқарды, оқу үдерісінің yақытқа сай жаңа деңгейге көтеруге бағытталған көптеген жұмыс атқарған. Математикалық ғылым-білімді ұйымдастыруға қомақты еңбек сіңірген И.Ақбергенов те 1938 жылы репрессияға ұшырады. Аталған екі азаматқа, С.Боқаев пен И.Ақбергеновке ғылыми жұмыстармен айналысуға мүмкіндік берілгенде, елдегі математиканың даму жолы басқаша болар ма еді...

1938-39 оқу жылы факультетте Математикалық талдау, Жоғарғы алгебра, Жоғарғы геометрия сияқты жаңа кафедралар ашылды. 1935-40 жылдар аралығында республикалық ғылыми орталық тек осы Қазақ мемлекеттік университетінде ғана еді. Бұдан әрі қарай республикада математикалық білім мен ғылымды ұйымдастыру ісін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде еңбек еткен ұлы математик-ғалым К.П.Персидскийдің есімімен тікелей байланыстыруға болады.

Константин Персидский В.И.Ленин атындағы Қазан университетінің физика-математика факультетінің деканы, профессор болып жүргенде, 1940 жылы КСРО ОК Қазақ мемлекеттік университетіне математикадан мамандар даярлау ісіне көмек көрсету туралы ұсыныспен Алматыға көшіп келді. Ол Математикалық талдау кафедрасына меңгеруші болып сайланды. Осылайша математикадан ғылыми зерттеулер басталып кетті. Механика-математика саласы бойынша мамандар даярлау ісі 1959 жылы механика-математика факультетінің ашылуы негізінде жоғары деңгейге көтерілді. Факультеттің ашылуына елде болып жатқан ғылыми-техникалық өзгерістің, оның ішінде айрықша орын алған электрондық есептегіш техниканың қарыштап өсуі және осы сала бойынша мамандардың жетіспеушілігі себеп болды. Факультеттің бірінші деканы болып Х.Ибрашев тағайындалды. Ол университет ректоры Асқар Закаринмен бірлесіп математикадан ұлттық жас мамандарды даярлауға көп үлес қосты. Факультетте қазақ бөлімі және Есептеу математикасы, Математикалық физика кафедралары ашылды. Қысқа мерзім ішінде механика-математика факультетінің оқу ғимараты салынып, онда уақытқа сай электрондық есептегіш машиналар жүйесі қондырылды. Факультеттің дамуына тікелей ықпал еткен, университет тарихында өшпес із қалдырған, 17 жыл ректор болған академик Ө.Жолдасбековтің математик ғалымдарға да көмегі зор болды. Ол кісі туралы айтатын әңгіме көп. Бүгінде факультет барлық сынақтардан абыроймен өтіп, математикадан, механикадан және ақпараттық технологиялардан елімізде кадрлар даярлау мен ғылыми зерттеулердің жетекші орталықтарының біріне айналды. Ғылыми-зерттеу бағдарламалары ұлғайып, мамандар даярлаудың ең өзекті бағыттарындағы жаңа курстар жасалып, факультеттің материалдық базасы кеңейе түсуде. Факультеттің бүгінгі ғылыми жетістігі – осында жұмыс істейтін, осы уақытқа дейін жұмыс істеп кеткен ғалымдардың бірнеше буынының шығармашылығы мен ынтасының арқасы.

– Әңгімеңізге рақмет, қажымас қайрат тілеймін!

 

Қайыржан ТӨРЕЖАНОВ