Жаңалықтар

Ғылымды дамытудың басым бағыттары сараланды

29.03.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен Ғылыми кеңесте оқу орнының ғылыми-инновациялық қызметінің нәтижелері, білім алушы жастардың интеллектуалдық, рухани дамуын қамтамасыз ету бойынша шаралардың жүзеге асырылуы талқыланды.

Университеттің ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелері туралы ғылыми және инновациялық қызмет жөніндегі проректор м.а. Хайдар Тасыбеков баяндады. Ол білім ордасының ғылыми жетістіктері мен зерттеу университетіне айналуы жолындағы міндеттерді баяндай келе, жас ғалымдар мен докторанттардың KKSON басылымдарында, WoS/Scopus деректер базасында жариялану белсенділігін атап өтті.

Сонымен қатар топ-25% (Q1) санатына енген беделді ғылыми журналдардағы жарияланымдар санының артып отырғанына тоқталды. Мәселен, 2018-21 жж. Scopus деректер базасында индекстелген басылымдарда 285 мақала жарияланды. Оның ішінде 283 мақала Q1-Q4 санатына енді.

2021 жылға арналған Scopus деректер базасындағы жарияланымдар саны бойынша оқу орнының механика-математика, физика-технология, химия және химиялық технология, ақпараттық технологиялар факультеттері үздік төрттікке қосылды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранттық және бағдарламалық-мақсаттық қаржыландыру жобалары аясында ҚазҰУ докторанттары мен ғалымдары 332 ғылыми жоба бойынша жұмыс атқарды.

Қаржыландырудың жалпы сомасы 4530,7 млн теңгені құрады. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын қаржыландыру көздері мен көлемі туралы мәлімет берілді. Спикердің айтуынша, соңғы алты жылда «жыртқыш» басылымдардағы ҚазҰУ ғалымдары мақалаларының үлесі айтарлықтай азайып, бүгінде 4,5 пайызды (2016 жылы 26,3 пайыз болған) құрап отыр.

ҚазҰУ докторанттары 2021 жылы «Ғылым қорының» көптеген жобаларын жүзеге асырды. Олардың кейбіреулері қазір эксперттік сараптамадан өтуде. Жақын күндері үш жоба табыстылығын тексеру кезеңінен өткеннен кейін өндіріске жіберіледі. Ғылыми кеңес барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ғалымдардың ғылыми мекемелермен тығыз ынтымақтастықта нәтижелі жұмыс атқару қажеттігіне айрықша назар аударды.

Үкіметтің алға қойған мақсаттарына жету үшін әрбір факультет, кафедра, ғылыми-зерттеу институты ҚР Білім және ғылым министрлігінің барлық мемлекеттік бағдарламалары мен жобаларын сараптап, өз саласы бойынша жүзеге асыруға атсалысуы қажет. Мұндай ынтымақтастық ғылым мен инновацияның дамуына ықпал етеді, сонымен қатар оқу орнының зерттеу университетіне трансформациялануын жеделдетеді.

Жиында диссертациялық кеңестер мәселесі де сөз болды. Ректордың айтуынша, гуманитарлық ғылымдар бойынша көптеген тақырыптар жылдан-жылға қайталанып келеді, бұл дипломдық жұмыстардың сапасына кері әсер етуде. Осы орайда, ректор оқытушы-ғалымдардың алдына нақты міндеттер жүктеді. Ғылыми кеңес отырысы барысында әлеуметтік даму жөніндегі проректор м.а. Әлия Масалимова студенттердің интеллектуалдық, рухани дамуын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар барысы мен студенттер арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижелерін баяндады.

Студент жастарға қатысты мәселелерді талқылаған университет ректоры Ж.Түймебаев: «Бізде бюрократия болмауы керек. Ғылымға белсене араласатын студенттердің базасы болса, олармен кездесіп, шешімін таппай келе жатқан мәселелерді талқылау керек. Оқу үдерісі мен университет қызметін жақсарту үшін барлық өзекті мәселелерді бірлесіп шешу керек», – деп атап өтті. Жиын соңында университет ғалымдарының ғылыми атақ беру жөніндегі ұсыныстары мақұлданды.

 

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі