Жаңалықтар

ҚазҰУ-да МИФИ филиалы ашылады

01.04.2022

Жуырда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының үкіметі екі елде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының филиалын ашу жөнінде келісімге қол қойған болатын. Келісімді жүзеге асыру үшін ҚР Білім және ғылым министрі Жол картасын бекітті.

Осы тұрғыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Мәскеу инженерлік-физика институтының басшысымен онлайн форматта кездесу өткізді.

 Тараптар серіктестік орнату бойынша, атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Ұлттық зерттеу ядролық университеті – МИФИ филиалын ашу жөніндегі мәселелерді талқылады.

Университет басшысы Жансейіт Түймебаев МИФИ ректоры Владимир Шевченкоға  келісім аясында білім ордасында атқарылған жұмыстар бойынша ақпарат берді. «Бүгінгі таңда ҚазҰУ мен МИФИ арасындағы келісім жобасы әзірленді. ҚазҰУ-дағы Мәскеу институтының филиалында білікті мамандарды даярлау үшін мемлекет тарапынан арнайы гранттар бөлінді. Сонымен қатар білім беру бағдарламасының бағыты айқындалды. Біздің университетте МИФИ филиалын орналастыру мәселелері қаралды», – деді Жансейіт Түймебаев.

Айта кетейік, алдағы аптада МИФИ делегациясының Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жұмыс сапарымен келуі жоспарлануда.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі