Жаңалықтар

Төрт тілді тең меңгерген

04.04.2022

Халықаралық ынтымақтастық аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасын сәтті жүзеге асыруда. ҚазҰУ – халықаралық стандарттарға сәйкес жоғары білімнің сапасын қамтамасыз етіп, бәсекеге қабілеттілігін арттырып жатқан бірден-бір оқу ордасы. Шетелдік серіктес жоғары оқу орындарында университетіміздің студенттері тағылымдамадан өту арқылы білім алуда және ғылыми іс-шараларын жүзеге асырып жатыр. Осы орайда, филология факультеті Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының 4-курс студенті Нұрсұлу Сағымбаева өз тәжірибесімен бөлісті.   

Кейіпкеріміздің бала күннен бергі көп тіл үйренуге деген мақсат-мұраты ҚазҰУ-ға, Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасына оқуға түсуіне себепші болды. Бүгінде ол қазақ, орыс тілдерінен бөлек, ағылшын, поляк тілдерін жетік меңгерген.

– ҚазҰУ-ға оқуға түскен алғашқы курстың соңында келесі жылға «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасымен құжаттар тапсыруға бел байладым. Менде IELTS деңгейі – 7.5 және GPA жақсы деңгейде болатын. Бұл ҚР БҒМ грантын алу үшін әрі шетелде 120 күн тағылымдамадан өтуге жеткілікті көрсеткіш болды. ҚазҰУ-дың шетелдік серіктес жоғары оқу орындары арасынан Варшава университетін таңдадым. Себебі аталмыш оқу ордасының білімі сапалы және тағылымдамадан өту мерзімі ең ұзақ болды. Сонымен қатар Польшадағы күнкөріс қамы Батыс Еуропаға қарағанда әлдеқайда арзан және мәдениеті мені бұрыннан қызықтыратын, – дей келе, ол Варшавада өткен оқу семестрі туралы пікірін де айтып өтті. Студенттер арасындағы бәсекелестік пен шынайы қызығушылық атмосферасы сезілгенін тілге тиек етті. Варшава университетінде ол өзіне когнитивті лингвистика, аналитикалық философия, тіл және халықаралық қатынастар сияқты пәндер ұнағанын айтты. Оқудан басқа уақытта Нұрсұлу Нұрланқызы пікірталастарға белсенді қатысып, шетел азаматтарымен танысып, саяхаттап, поляк тілін терең меңгеруге уақыт жұмсаған.

– Варшава университетінде «Лингвистикадағы зерттеу әдістері» (Text Mining) және «Прагматикаға кіріспе» (Social Media Mining) т.б. пәндерді таңдадым. Мен шетел профессорларымен барынша көбірек ақылдасып, кеңестім. Солардың бірі, лингвистикадағы зерттеу әдістері пәнінің жетекшісі Каролина Кулиговска өзімен бірге компьютерлік лингвистика тақырыбында зерттеу жазуды және оны ақпараттық қауіпсіздікте қолдануды ұсынды. Ұстазымның ұсынысын қабыл ала отырып, зерттеуді бірге сәтті жазып шықтық. Шетелден еліме білім қорын жинап, тіл үйреніп, әсерлі эмоцияларға толы күйде оралдым, – дейді студент өзінің шетелде алған тәжірибесі туралы ойын ортаға салып. Ол өзінің болашақта қай саланы жалғастыратыны туралы бүгінге дейін көп толғанғанын айтты. Мәселен, оның қызығушылығын оятқан – когнитивтік ғылымдар, машиналық оқыту, data science және компьютерлік лингвистика салалары. Нәтижесінде ол компьютерлік лингвистикаға тоқталып, осы бағытта магистратураға түсуге шешім қабылдағаны жөнінде сөз қозғады.

– Компьютерлік лингвистика тілдік және техникалық білімді қажет етеді. Машинаны сөйлеуге, түсінуге үйрету өте қиын. Компьютерлік лингвистер – дауыстық көмекшілер, чатботтар, машиналық аударма технологиялары, мәтіндерді автоматты талдау және т.б. сияқты міндеттерді орындай алады. Талаптарға сай әрекет етіп әрі тақырыпты көбірек түсіну үшін мен статистика, бағдарламалау, жоғары математикаға қатысты онлайн курстарға қатыса бастадым. Компьютерлік лингвистика бойынша магистратураға түсу үшін маған кейбір тақырыптар бойынша академиялық тәжірибе жетіспейтінін түсіндім. Сол үшін тағы да Варшава университетінен академиялық ұтқырлық арқылы тағылымдамадан өтуге ниеттімін. Өйткені компьютерлік лингвистика өте қызықты, күрделі және үнемі дамып келе жатқан сала, – деген Нұрсұлу Нұрланқызы  «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасымен шетелден тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік сыйлаған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығына, ұстаздарына алғысын білдірді. Ол шетелден білім мен тәжірибе жинақтау арқылы болашақта еліне қызмет ету басты борышы екенін де жасырмады. 

 

Жетістіктер бастауы – Ұлттық университет

 

Ақжарқын Күнтуғанқызы – Моңғолия мемлекетінің азаматшасы, Баян-Өлгей қаласының тумасы.  Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының 1-курс магистранты. 

– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсу әрбір жастың  арман-мұраты.  Бәрінің басына қона бермейтін мұндай бақ менің өміріме үлкен өзгеріс алып келді. Университет табалдырығын аттаған күннен бастап «Білімді студент – білікті маман» деген қағиданы ұстанып, талмай ізденіс үстінде жүрдім. Барлық сабаққа ынта-ықыласпен қатысып, оқытушылардың үмітін ақтауға тырыстым. Университетімізде өткізілетін мәдени іс-шараларға белсенді қатысу мен үшін таптырмас рухани байлық болды. ЖОО-лар арасында және университетіміздегі әрбір жобаға қатысу барысында көптеген тәжірибе жинақтадым, – дейді филология факультетінің магистранты.

Ол білім ордасында білім ғана алып қоймай, жан-жақты байқауларға қатысып, университет намысын қорғап жүр. Өткен жылы қандас студенттердің арасында білімді, талантты және үздіктерді анықтау мақсатында жүргізілген «Үздік қандас студент» жобасына қатысып, бас бәйгені иелену бақыты бұйырған. Сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен жүргізілетін шетелдегі қандастарға арналған «Қазақстан – атажұртым, қасиетім – ана тілім» тақырыбындағы «Дарын» халықаралық олимпиадасының үш дүркін жеңімпазы. Былтыр  Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Bilim-orkenieti» және Үздік студенттер академиясының ұйымдастыруымен өткізілген «ТМД-ның үздік түлегі» атты халықаралық жобасының үздігі атанды. «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығының ұйымдастыруымен түркі мемлекеттері арасында  өткізілген «Түркі әлемінің үздік студенті-2021» халықаралық байқауының жеңімпазы. Ол өзінің осындай жетістіктерге жетуіне бірден-бір себепші ілім алып жатқан білім ошағы екенін жеткізді. 

 – ҚазҰУ білім саласында көптеген жетістіктерге жетуіме, жасырын қабілеттерімнің көрінуіне септігін тигізді. Оқу ордасында спортқа да қызығушылығым оянды. Мәселен, шахмат, дойбы ойнау сүйікті істерімнің біріне айналды. Студенттік өмірім мағыналы әрі қызықты жалғасуда. Бос уақытымды кітап оқуға, әдеби, мәдени іс-шараларға қатысуға, театрға баруға, тауға шығуға, киім тігуге арнаймын. Осы іспетті хоббиларым менің тұлға ретінде қалыптасуыма септігін тигізіп жатыр. Білім мен тәрбиесін ұштастыра берген университетіміздің ұстаздарына алғысымды білдіремін. Мен үшін «ұстаз» деген ұлы есімді алу – үлкен бақыт. Әсіресе қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің ұстазы атану – мендегі рухани байлықты одан әрі дамыта түсері анық. Себебі әдебиет саласы – теңізге шашылған меруерт-маржандай.  Жарқ-жұрқ еткен меруерт-маржан теңіздің түпсіз-терең, тұңғиығында жатса да, оған «әркімнің-ақ бар таласы» (Абай). Дәл сол меруерт-маржандай әдебиет саласының асыл мұрасын әрбір жан баласы зерттеп, ұлттық құндылықты бойына сіңіріп, үлгі-өнеге алуды көздейді. Мен де сол білімнің жақұтын барынша бойыма сіңіріп, келер ұрпақпен бөліссем деймін. Бұл менің болашақ педагогтік борышым, – деп қандасымыз сөзін қорытындылады.    

Жауқазын жыр

 Журналистика факультетінің 3-курс студенті Әнел Аянқызының өлеңдері ерекше иірімдерге толы. Өзге сүрлеуде, соны бояуда жырлайтын жас ақын болашағынан зор үміт күттіреді. Лирикалық тақырыпты өлеңге қосқан бөгенайы бөлек жас шайырдың өлеңдері оқырман көңілінен орын табады деген ойдамын. «Теңіздің дәмі – тамшыдан» білінетіні анық, демек, көңілге қонған осы бір өлең жолдары арқылы өзге жырлары да жоғары деңгейде жазылғанына сенім ұялайды. Әрине, поэзия тұтастықпен өлшенеді. Сондықтан жас ақын талмай, жалықпай іздене беруі тиіс. Сәт-сапар тілеймін!

Бауыржан ӘЛІҚОЖА,

ақын, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері,
Халықаралық «Шабыт» фестивалінің, Қазақстан жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты

 

Мойындау

 

Иә, мен көрмедім.

Көрмегем Лондонның жауынын,

Монреаль дауылын.

Тіпті мен Мәскеуде болмағам.

Тоңбағам Фрейзердің түнінде,

Күнінде Рионың жанбағам.

Көрмедім Париждің шамдарын,

Алқызыл таңдарын.

Болмағам соншалық жырақта,

Бірақ та, көрдім мен...

Ақ басты Алатау бөктерін,

Көктемін ғажайып Көкшенің,

Толқыған Балқаштың балығын,

Толқыды жүрегім,

Жағасын көргенде Іленің,

Қызылжар даласын,

Жайлауын Жидебай жақтардың,

Жемісін жайқалған бақтардың,

Тараздың тымырсық түндерін,

Торғайдың жел ескен күндерін,

Бөкендер жататын жаралы

Шер тұнған шежірелі даланы,

Қаланы құшатын ерке Есіл,

Әсеттің ән салған өлкесін,

Ер Түрік бесігін,

Елімнің шығысқа шығатын есігін,

Алматы ақшамын,

Бау менен бақшаның ордасын,

Көргенмін, жолдасым.

 

Сен маған көрмедің демегін,

Көрмедің демегін, себебі –

Елімнің әр тасын танымай

Картасын алмаймын қолыма шетелдің,

Қазақтың өз жерін аралап болғасын,

Кетермін қыдырып, жолдасым...

Әнел АЯНҚЫЗЫ,

журналистика факультетінің 3-курс студенті

 

 

Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ