Жаңалықтар

I халықаралық Фараби форумы басталды

04.04.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде I халықаралық Фараби форумының ашылу салтанаты өтті.

Ауқымды шара Екінші ұстаз атанған ғұлама ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Оған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Өзбекстан Республикасының Алматыдағы бас консулы Аброр Фатхуллаев және белгілі фарабитанушы ғалымдар, этномәдени орталық өкілдері  қатысып, баба рухына тағзым етті.

Сонан соң жиылған көпшілік Әл-Фараби кітапханасындағы қазақстандық фарабитанушылар кітабы қойылған көрмені аралап, «Түркі халықтарының дәстүрлі құндылықтары» атты көркемсурет көрмесін тамашалады. Арнайы дайындалған «Өркениет шырақшысы» деректі фильмі ұлы ұстаз жайлы құнды мағлұматтар легін толықтыра түсті.   

Биыл тұңғыш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отырған Фараби форумын білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашты.  «Әл-Фараби феномені – шын мәнінде теңдесі жоқ құбылыс. Әл-Фараби – ұлы ойшыл ғана емес, ол – адамзаттың рухани өрлеуіне ықпал еткен планетарлық деңгейдегі ғұлама ғалым.

Бүгінгі форумның тарихи миссиясы – Фараби ілімі арқылы жастардың ой-өрісін кеңейту.

Тарихи және заманауи құндылықтарды тоғыстыру арқылы фарабитанудағы жаңа бағыттарды дамыту, Фараби ілімін жан-жақты, сала-салаға бөліп талқылау», – деп атап өтті ректор.

Жиында сөз алған  Өзбекстан Республикасының Алматыдағы бас консулы Аброр Фатхуллаев та ғалымның баға жетпес бай мұрасының жалпыадамзаттық маңызын сөз етті. «Ұлы әл-Фараби өз заманында барлық ғылым салаларына үлкен үлес қосты. Ортағасырлық ойшылдардан алғашқы болып әлеуметтік өмір құрылымының ерекшеліктері туралы ілімнің негізін қалады. Ол шын мәнінде әлем адамы болды, түрлі рухани құндылықтарды біріктірді.  

Әл-Фараби шығармалары орта ғасырлар мен қайта өрлеу дәуірінде Еуропадағы дүниетаным мен ғылымға тікелей әсер етті. Әлем, гуманизм және әділеттілік туралы дүниетанымы бүгінгі қиын уақытта, әлем жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге кезіккен кезеңде аса өзекті», – дей келе, бас консул ұлы баба мұрасын ұлықтаған алқалы жиын үшін университет басшылығына алғысын жеткізді.

Сондай-ақ форумның ашылуында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия кафедрасының профессоры, Әл-Фараби орталығының ғылыми кеңесшісі Жақыпбек Алтаев,  ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Наталья Сейтахметова, қоғам қайраткері Асылы Осман, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы ҚБ Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қазақбай Қасымов,  Түрікмен қоғамдық-мәдени орталығының төрайымы Гүлнар Аннакулиева  және өзге де қонақтар ой бөлісті. Олар ұлы баба мұрасының ұлағатын тілге тиек ете отырып, әл-Фараби еңбектерінде байыпталған әлеуметтік-философиялық көзқарастардың негізгі идеяларын, түркі халықтарының рухани дәстүрлерінің қазақстандық мәдениеттің дамуындағы маңызын және олардың әлемдік философиялық ойдың, ғылымның даму үрдістеріне тигізген ықпалын талқылады.

Фараби форумының ашылу салтанаты «Әл-Фараби және түркі халықтарының рухани дәстүрлері» атты халықаралық конференциямен жалғасты. Оған отандық және шетелдік белгілі фарабитанушы ғалымдар, оқытушылар мен білім алушы жастар қатысуда.

Халықаралық форум аясында бірнеше ғылыми конференция, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізу жоспарланған. 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі