Жаңалықтар

Табысты кәсіпкер тәжірибесімен бөлісті

5-сәу-22

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Almaty Management University (AlmaU) негізін қалаушы және президенті, іскерлік әкімшілендіру докторы, белгілі меценат, ҚазҰУ түлегі Асылбек Қожахметов «Білім, көшбасшылық және кәсіпкерлік: не маңызды?» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды.

Асылбек Қожахметов дәрісте сапалы білім беру, көшбасшылық қасиеттерді дамыту және жетілдіру, сыни және стратегиялық ойлау мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

Спикер өз сөзінде ҚазҰУ ұжымында ұзақ жылдар еңбек еткен тәжірибесімен бөлісіп, университеттің негізгі мақсаты жастарды оқыту ғана емес, елдегі экономика мен қоғамның дамуына әсер ету екенін айтты. Яғни білім ордасын аяқтаған студент білікті және білімді маман болып шығуы қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар әр адам өзін жеке тұлға ретінде қалыптасуы керек екенін баса айтты.

Асылбек Базарбайұлы университетіміздің механика және қолданбалы математика факультетінің түлегі. Ол Германия, Франция, Ұлыбритания, Бельгия, Голландия, Венгрия, Эстония елдерінде менеджмент бойынша арнайы тағылымдамадан өткен. 2013 жылы Асылбек Қожахметов «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасының стипендиаты атанып, Беркли университетінің (Калифорния) Хаас бизнес мектебінде ғылыми тағылымдамадан өтті.  Қазақстандық және солтүстікамерикалық журналдарда жарияланған менеджмент және білімді дамыту бойынша 70-тен астам мақаланың авторы. 1980 жылдары ҚазҰУ-да Механика кафедрасының оқытушысы болды. Тоқсаныншы жылдардың басында  Алматы менеджерлер мектебін құрды. Бұл мектеп кейін үлкен Бизнес академиясына айналды.

Көшбасшылық дәрісі барысында Асылбек Қожахметов кәсіпкерліктің қыр-сырын білім алушы жастарға кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ нарықтағы өзгерістерге бейімделу мәселесін және тәуекелділіктің алдын алу шараларын қалай жүзеге асыру керектігі туралы айтып, ақпараттармен бөлісті.

Дәріс соңында тыңдаушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Айта кетейік, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бұған дейін Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл, мемлекет қайраткерлері – Қанат Саудабаев, Қанат Әбусейітов, Дулат Қуанышев, Гүлжан Қарағұсова, Дархан Қыдырәлі және өзге де белгілі тұлғалар көшбасшылық дәріс оқыған болатын.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі