Жаңалықтар

Жас ҒАЛЫМ

06.04.2022

Инновациялық даму проблемаларын зерделеуші

 

Дүниежүзілік ғылыми қауымдастық алдында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мәртебесін биіктетіп, ғылыми жобалардың халықаралық деңгейде жүзеге асуына себепкер болып жүрген – университетіміздің жас ғалымдары. Экономика және бизнес жоғары мектебі Экономика кафедрасының доценті міндетін атқарушы Әзиза Жұпарованы осы топтың қатарынан көреміз.

Ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қаржы» мамандығы бойынша 2009 жылы бакалавр, 2011 жылы магистр дәрежесін алды. Ал 2014 жылы қара шаңырақта «Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы» бойынша PhD докторантураны тамамдайды. Сондай-ақ 2015 жылы аталмыш бағыт бойынша PhD философия докторы ғылыми дәрежесіне ие болған.

Елдегі инновациялық даму проблемалары мен ғылымды қажетсінетін экономиканың қалыптасуы Әзиза Серікқызының ғылыми қызығушылығын оятты. Өйткені ғылымды тірек ететін экономика құру Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру тұжырымдамасындағы басым бағыттардың бірі болатын. Себебі бұл ғылыммен астасып жатқан өндіріс орындарының әлеуетін арттыруды талап етеді. Мұндай технологиялар қазіргі уақытта елдің технологиялық кешені мен халықаралық жоғары технологиялар нарығының кірігуіне негіз болмақ. Сонымен қатар мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің кепіліне айналып отыр.

Ғылыми инфрақұрылымды нақты толық қаржыландырмау ғылымға арқа сүйейтін өндірістерді дамытуға теріс әсер етеді. Осылайша аталған өнеркәсіп орындарын қаржыландырудың тиімді әдістері мен құралдарын зерделеу жас ғалымның бойында ерекше қызығушылық тудырады.

Әзиза Жұпарова докторантурада оқып жүріп, «Қазақстанның инновациялық қызметінің тиімділігі», TEMPUS «QUEECA» жобасы, «Қазақстан Республикасында ғылымды қажетсінетін экономиканы дамыту: теория, әдістеме және практика», «Қазақстан өңірлеріндегі жасыл экономиканы дамыту: әлеует, үрдістер мен перспективалар», «Қазақстандағы инновациялық компаниялардың әлеуметтік-экономикалық даму процесін зерделеу негізінде оқу кейс-стадияларын әзірлеу және апробациялау» атты ғылыми жұмыстарға белсене араласты. Әзиза Серікқызы – 2018 жылдың ақпан айынан бастап «Қазақстандағы ғылымды қажет ететін өндірістерді қаржыландырудың тиімді әдістерін әзірлеу» тақырыбындағы ғылыми жобаның жетекшісі.

Ол сондай-ақ ғылыми-теориялық және ғылыми-практикалық конференциялардың белсенді қатысушысы. Соның нәтижесінде соңғы бес жылда республикалық және халықаралық конференция материалдарында 20-дан астам жарияланымдары жарық көрді. Осыған дейін ол Малайзия халықаралық ислам университеті (International Islamic University of Malaysia) мен Лейпциг университетінде (Германия) ғылыми тағылымдамадан өтті. 2015 жылы Нью-Дели университетінде (Үндістан) жоғары рейтингті журналдарда ғылыми зерттеулер жүргізу және ғылыми жұмыстарды жариялау мәселесі бойынша білім алды. Сонымен қатар Әзиза Жұпарова IELTS сертификатының иесі және эконометрика, статистикалық талдау мен SPSS және GRETL бағдарламаларында жұмыс істеу бойынша оқыту курсынан өткен. Ағылшын тілін жетік меңгерген жас ғалымның біліктілікті арттыру бойынша үнемі жұмыс істейтінін осыдан-ақ байқауға болады. Табиғи ғана емес, ғылыми байлығымызбен де мақтана алатын болашақты құру – басты мақсатымыз.

Шетелдік тағылымдамалар шыңдай түсті

Халықаралық ғылым интеграциясына сүбелі үлес қосып жүрген жас ғалымдарымыз жетерлік. Қара шаңырақ ҚазҰУ-дағы тарихи тұлғалардың ізін жалғаған сондай жанның бірі – Бекжан Қосалбаев. Ол – «Биотехнология» мамандығы бойынша философия ғылымының докторы (PhD), микробиолог.

Жас ғалым 1993 жылы Түркістан облысының Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылдық округінің Тұрақты ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Биология» мамандығы бойынша білім алып, оқуын магистратура және докторантурада жалғастырды. Осылайша 2021 жылы аталған оқу орнында PhD докторы дәрежесіне ие болып, университеттің жас ғалымы марапатын жеңіп алды. Бүгінде Бекжан ғылым жолына жаңадан қадам басқанына қарамастан, Scopus базасында 1-квартильге кіретін төрт халықаралық журналға жарияланған мақалалардың бірінші және екінші авторы.

Қазіргі таңда жас ғалым бактериялар мен цианобактериялар негізінде сутек және биотыңайтқыш алу салалары бойынша қарқынды түрде зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Болашақта әлемге танымал ғалым болуды мақсат етіп отыр.

Бекжан Дүйсенбіұлының ғылыми жолын әлем картасы дерсің. Өйткені жас ғалым өзінің ғылым жолын шетелдерге жасаған тағылымдамаларда қалыптастырады. Магистратура және докторантура дәрежесін алу барысында жас ғалым Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай елдерінде диссертациялық жұмыс бойынша зерттеу жасайды.

 

Микробалдырларға жасалған тәжірибе

Магистр дәрежесін алу үшін жас ғалым 2016 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Биофизика кафедрасында тағылымдамадан өтеді. Онда Бекжан микробалдырлардың клеткаларына ауыр металдармен әсер ете отырып, фотосинтез професінің активтілігін тіркеу жұмыстарын AquaPen аппараты арқылы зерттейді. Сонымен қатар зерттеу жұмыстарында хлорофил А пигментінің қоректік ортадағы өзгерісін зерттеп, фотосинтездің ауытқуын әртүрлі параметрлерді зерттеу арқылы тіркеу әдістерін меңгерді. Тағылымдама соңында Бекжан кафедра профессоры Д.Н.Маториннің оң пікірін алып, ғылымға деген жігерін шыңдап келді.

 

Топырақсыз көшет алу жолдары

Жас ғалымның Оңтүстік Кореядағы тағылымдамасы 2016-17 жылдары Данкук университетіндегі Биотехнология лабораториясында өтеді. Бұл жерде Бекжан Қосалбаев картоптың вируссыз көшеттерін in vitro (пробиркада – авт.) жағдайында өсіру технологиясын меңгереді. Лабораториялық тұрғыда топырақсыз ортада өсетін алма, құлпынай және қызанақтың көшеттерімен жұмыс жасап, ірі жылыжайларда бірнеше рет зерттеу жұмыстарына қатысады.

Тағылымдама соңында Бекжан Қосалбаев профессор Сан Гугтан барлық әдістерді игергенін растайтын оң пікір алып қайтты.

 

Биосутек өндіру әдістері

Жас ғалымның күншығыс еліне сапары докторантура тағылымдамасы негізінде жүзеге асты. Іссапар 2019 жылы Токио ғылыми университетінің Томо лабораториясында жүргізілген еді. Ондағы мақсат – цианобактериялардың активті штамдары негізінде биосутек өндіріп алу жұмыстарын жүргізу. Осы бағытта докторант 10 цианобактериялық штамдарды Қазақстанның әртүрлі экожүйелерінен бөліп алып, коллекциялық штамдармен қосып, олардың Н2 бөлу қабілеттіліктерін анықтау жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар тағылымдама барысында жас ғалым екі активті штамды таңдап алып, олардың ФС1 айналасындағы электрондар тасымалын анықтап, пигменттік құрамына толық баға берді. 

Іссапар соңында Бекжан Қосалбаев нәтижелерге сүйене отырып, Q1 дәрежесіне кіретін International Journal of Hyrogen Energy халықаралық журналына қолжазбаны дайындап, жариялады. Тәжірибе алмасу соңында профессорТомо Татцуя қолынан тағылымдаманы сәтті аяқтағаны туралы сертификат алады.

 

Өнеркәсіптік синтетикалық биотехнология

Жас ғалым 2019 жылы Қытайдың Тянь-Зинь қаласы TIB институтына қажетті шарттарын орындап, тағылымдамаға қатысу туралы өтініш жібереді. Нәтижесінде әлемнің 150 ғалымының арасынан жеңіп шығып, осы курсқа жолдама алғаны туралы хабарлама алады. Барлық шығынды шақыртушы жақ қамтамасыз еткен. Оқу курсында өнеркәсіптік синтетикалық биотехнологияның теориясы, практикасы және қолдану мәселелері қарастырылды.

Тәжірибе соңында ҚазҰУ мен ТIB арасында студенттер алмасу және дәріс оқушы профессорлар тұрғысындағы қарым-қатынас жасау туралы меморандумға қол қойылып, Жибин Сун профессордың қолынан курсты аяқтағаны туралы сертификатпен марапатталады.

 

Болашақ энергиясы

2017 жылы «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналған Астанадағы EXPO-2017 шеңберінде «Биодизель алу мақсатында фотобиореакторларда микробалдырларды жаппай өсіру және мониторингілеу» жобасына Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Болатхан Заяданның басқаруымен қатысты. Ол жерде микробалдырлардың көптік биомассасын дақылдау жұмыстарын жасады.

 

 

Кәмила ДҮЙСЕН