- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы: ҚазҰУ-дың 90 жылдық тарихы, өткені, шежіресі бар
06.04.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың арнайы шақыруымен «Көшбасшылық дәріс» оқуға білім ордасына Халықаралық түркі академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі келді. Екі сағатқа созылған жүздесуде Дархан Қуандықұлы оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы, студент жастармен емен-жарқын әңгімелесіп, білім алушылардың сұрақтарына ашық жауап берді. Бүгін «Qazaq unıversıtetı» газетінің оқырмандары үшін дәрісте айтылған өзекті мәселелерді жариялап отырмыз.
Қазақ білімінің қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне, сіздердің араларыңызға келгеніме өте қуаныштымын. Арнайы шақырып, ұстаздармен, білім алушылармен кездесуге мүмкіндік жасаған оқу ордасының ректоры Жансейіт Қансейітұлына ерекше алғыс айтамын. Жүздесуге дейін біз университеттің музейін, кейбір оқу корпустарын аралап шықтық.
Білім ошағында маған екі нәрсе ерекше әсер етті. Алдымен университет музейін көргенде айрықша толқыдым. Өйткені тоқсан жылдық тарихы бар мұндай оқу ордасы Орталық Азияда жоқ, жалпы, түркі әлеміндегі ең ірі оқу орны екенін атап өткім келеді. Тоқсан жылдық тарихы бар, өткені бар, шежіресі бар, бұл – үлкен мақтаныш. Демек, мұндай оқу ордасында білім алу әркімнің-ақ арманы болар. Өз басым өткен ғасырдың 91-ші жылы университет табалдырығын тізем дірілдеп, қобалжып аттадым. Енді өзімнің қонақ ретінде келіп тұрғаным ерекше күйге бөлеп толқытты. Оқу ғимараттарында күрделі жөндеу жүргізіліпті. Бұл үлкен еңбек, мұны бағалау керек. Біз аралап өткен журналистика, филология факультеттері мен Жоғары экономика мектебі жарқырап көз тартып тұр. Шынымды айтсам, өзімнің қайтадан университетте оқығым келіп кетті.
Факультеттерді аралағанда батыста көретін технологияның озық үлгілеріне көзім түсті. Мұның бәрі студенттердің санасына, өміріне әсер ететіні сөзсіз. Демек, осындай озық оқу ордасында білім алып жатқан сіздер шын мәнінде бақыттысыздар. Түрлі аудиторияға шығып жүрміз, біздің әр жерде сөйлеуге мүмкіндігіміз бола тұра, дәріс оқуға, өздеріңізбен жүздесіп-сырласуға шақырту алғанда қобалжығаным рас. Өйткені университет қасиетті мекен. Осы күнге дейін біраз жерде қызмет істедік, қазір де атқарып жүрміз, егер менен «солардың ішіндегі ең маңыздысын атасаңыз» деп сұраса, университеттегі жылдарымды айтар едім. Себебі менің жаныма ең жақыны – ғылым жолы. Алғаш еңбек жолымды университеттен бастадым. Сабақ бердім. Студенттермен араласу, дәріс оқу ізденуге, жаңаруға бастау, ал оның ең үлкен мәртебесі – ұлтқа қызмет ету.
Жасыратыны жоқ, бұрын жолдау жарияланса, оған жаппай қолдау пікір айтылатын. Менің «Egemen Qazaqstan» басылымын басқарғаныма алты жылдай уақыт болып қалды, осы күнге дейін небір қолдаулар шығып жатты. Ал биылғы жолдауда олай болмады. Көпшілік оны талдап, талқылады. Көпшілік айтылған ұсыныстарға қатысты ойын, көзқарасын білдірді. Бұған қоса, биылғы жолдаудың мәні өзгеше. Оны Мемлекет басшысының өзі де атап өтті. Шынында да, жолдау бір жылға арналған құжат емес, ұзақ жылдарға негізделген стратегиялық бағдар. Бұл еліміздің жалпы бағытын айқындайтын өте маңызды құжат. Трансформациялардың қалай жалғасатыны, суперпрезиденттік жүйеден мықты парламенттік жүйеге көшудің амалдары, тағы басқа да өте іргелі, келелі мәселелер айтылды. БАҚ мәселесіне тоқталды. Жергілікті өзін-өзі басқару, Конституциялық сотты қайта құру – бұл өте маңызды мәселелер.
Біздің қоғам негізінен үш облыстың құрылғанына мән беріп жатыр, бұл енді мәселенің эмоционалдық жағы. Абай облысы, Жетісу тарихи атауының қайта жаңғыруы, Ұлытау – ол да ұлық ұлыс, Алтын Ордамен тікелей байланысты қастерлі атау. Осылардың бәрінің қайта жаңғырғанына ерекше қуандық. Қапшағай қаласына Д.Қонаев атамыздың атын беру туралы ұсыныс қоғамда түрлі пікір туғызды, бірақ елдің басым бөлігі қолдап отыр. Енді осы жолдаудың тереңіне үңіліп, талдау жасау керек.
Мемлекет басшысы Алматыға келген сапарында қаланы «екінші республика» деп атап өтті. Бұл не мағына береді? Жалпы, республика дегеніміз не? Өз басым оны былай деп түсіндім: республика дегеніміз – демократия. Халықтың билігі. Біз азаматтық қоғам дегенді жиі айтамыз, бірақ күні бүгінге дейін сол азаматтық қоғамның белгілері болды ма, жоқ па? Бұл да ойланатын мәселе. Құқықтық мемлекет, әділетті қоғам дегенді де аз айтпаймыз. Ал бұлардың көп жағдайда саясаттануда ғана қозғалып келгені жасырын емес. Мысалы, парламенттік жүйеге көшетініміз туралы айтылып жүргенімен, оның нақты қадамдарын енді ғана көре бастадық. Айталық, Президент қазір өкілеттігін шектеп жатыр. Мемлекет басшысы халыққа сенетінін көрсетті. Күш пен қуатты халықтан алатынын аңғартты. Егер биліктің басына алдымен олигархтар, екінші – күшті бюрократиялық топ, үшінші – отбасы, жақын адамдары болуы мүмкін, солар топтасса, билік халықтан алшақтайтыны мәлім. Ал қазір, өздеріңіз білесіздер, Президенттің төңірегінде олигархтар жоқ, үлкен бюрократиялық топ та жоқ, оларды билікке жолатпау жөніндегі өз ойын Мемлекет басшысы ашық айтты. Демек, Президент ықпалды үш топқа емес, халыққа арқа сүйейтінін көрсетіп отыр. Республика дегеніміз – осы. Кеше әлеуметтік желіде бір сурет жүр, АҚШ президенті Польшада өз елінің сарбаздарымен емен-жарқын әңгімелесіп, бірге ботқа, пицца жеп отыр, ал біздің көрші елдің мемлекет басшысы өзінің ең сенімді адамдарымен үстел басында 20 метр алшақтықта сөйлесіп отыр. Бұл жерде мен бір мемлекеттің артықшылығын айтып отырғаным жоқ, жалпы халыққа арқа сүйеу, биліктің қоғаммен етене араласуы әртүрлі шектеулерді алып тастайды. Бұл – күш пен қайратты халықтан алудың бір көрінісі.
Сол сияқты жолдауда өте ауқымды мәселелер көтерілді. Мысалы, төртінші билік ретінде БАҚ-тың жауапкершілігін көтеру де сөз болды. БАҚ-ты төртінші билік дейміз. Шын мәнінде солай ма? Мысалы, мен ресми газетте жұмыс істеймін. Басылымға жазылыңыз деп айтуға қысыламын. Неге? Оның екі себебін айтайын. Біріншіден, біз оқырманға газетті уақытында жеткізе алмаймыз. «Қазпошта» дер кезінде жеткізуге қауқарсыз. Жапонияның аса ірі «Асахи Симбун» газеті таңертең 6,5 млн, кешке 6,5 млн тиражбен, сонда күніне 13 млн тиражбен тарайтын басылым. Басылып шыққаннан кейін бір сағат ішінде Жапонияға түгел тарайды. Ал біз бір күнде газетті оқырманға жеткізе алмаймыз. Жеткізуге үш-төрт күн кетеді, тіпті шет аудандарға аптасына бір-ақ рет барады. Бірде Түркияның «Миллет» деген газетінің басшысымен әңгімелескенімде, «газетті жабатын шығармын» дейді. Оның себебін сұрасам, «басылым оқырманға төрт сағатта жетеді, төрт сағаттың ішінде ақпарат ескіріп кетеді» деген уәж айтты. Ал біз үш-төрт күнде жеткіземіз. Содан кейін жазылыңдар деп қалай айтамыз?!
Мен басшылыққа келгеннен кейін қосымша ресурстардан, атап айтқанда: мұғалімдерге жаздыру, әкімнің алдына бару үрдісінен бас тарттық. Негізі, басылымның таралымымен емес, мазмұнымен мақтану керек. Бізде «журналистің мәртебесін айқындау керек, оны мемлекеттік қызметпен теңестіру керек» дегенді жиі айтады. Мен мұндай пікірмен келіспеймін. Ол журналистің қолына тұсау. Журналистің мәртебесі – сөз бостандығы, еркіндігі. Байқаған боларсыздар, біз сыннан қашпаймыз, сын материалдар береміз. LRT мәселесін алғашқы болып біз көтердік. Басылым оқырманға кешігіп жететіндіктен, біз көбіне ескірмейтін, өзектілігін жоғалтпайтын материалдар беруге тырысамыз, оның өзінде талдауға, сараптамаға мән береміз. Олай болмаған жағдайда оқырманды ұстап тұру қиын. Екіншіден, бізде мемлекеттік тапсырыс бар. Ол бір жағынан жақсы, Үкімет қолдайды, қаржы түсіп тұрады. Ал оның екінші қыры – жазамын деген ойды шектейді. Егер маған салса мемлекеттік тапсырыстан бас тартар едім. Өйткені ол қолбайлау. Көбіне мемлекеттік тапсырыс аясындағы мақалалар оқылмауы мүмкін. Оқылымды болмауы ықтимал.
Ал газеттің қол жеткізген үлкен жетістігі экономикалық тәуелсіздігі дер едім. Қазір біз жылды 30 пайыздық табыспен жауып отырмыз. Сондықтан телефон ұстаған адамның репортер бола алатын заманында бәсекеге қабілетті болып қалу оңай емес. Сараптама жазу үшін журналист білікті, білімді болуы шарт. Өз тәжірибемнен айтайын, тек журналистер ғана емес, кез келген мамандық иесі қосымша шет тілін терең білуі қажет. БАҚ беделінің күшеюі – бұл азаматтық қоғамның үлкен қадамдарының бірі. Қазір әлеуметтік желіні бұғаттау туралы жаңа заң шығады деген сияқты талас-тартыс жүріп жатыр. Шыны керек, әлеуметтік желіде мәдениет төмендеу. Ол да балама БАҚ болып саналады. Газет бетінде сіз біреуге жала жаба алмайсыз, ал әлеуметтік желіде жаза береді, тіпті бұрын журналист болған азаматтар да негізсіз жаза береді және онысы үшін кешірім сұрамайды. Ал желідегі ой қоғамдық пікір қалыптастырады. Блогер қауымына, әлеуметтік желіні белсенді тұтынатындарға ішкі мәдениет, содан кейін білім аса қажет деп ойлаймын. Ал газет тіліміздің тазалығын сақтайды. Ол жерде редактор, корректор және т.б. мамандар бар. Ағылшын тілін үйренгендер жақсы біледі, мысалы, бір сөзге қатысты талқы туындап қалса, New York Times газеті қалай жазды екен деп қарайды. Сол сияқты кейбір термин, аударма мәселесінде біздің газетке назар аударады. «Egemen Qazaqstan» қалай жазыпты?» деп жатады. Осы тұрғыдан алғанда басылым бейне бір мектеп сияқты. Қазақ тілін сақтайтын және дамытатын мектеп. Көп сөздің баламасы, аудармасы осы біздің басылым арқылы қолданысқа енді. Сөйтіп, газет қазақ тілінің сөздік қорының толығуына ықпал етті.
Бұған қоса, кибербуллинг мәселесі де қазір біздің қоғамдағы өзекті тақырыптың бірі. Әлеуметтік желідегі бір негізсіз жазбадан адамның тағдыры бүлініп жатады. Сөз бостандығы деп, негізсіз жазуға болмайды. Бұған да жазармандардың ішкі мәдениеті, білімі мен жауапкершілігі керек. БАҚ-қа, әсіресе ресми БАҚ-қа, қазіргідей бәсекелі заманда үлкен ізденіс керек. Өмірге икемделген абзал. Сондықтан қазір газеттердің көбі сайттарын ашып жатыр. Газет пен сайтты бірге дамыту керек. Екеуі бір-бірін толықтырып тұрса тіпті жақсы. Біз биліктің сөзін халыққа жеткізуші ғана емеспіз, біз халықтың сөзін билікке жеткізушіміз. Екі тараптың ортасындағы дәнекерміз.
Қазір батыста, Еуропада, Жапонияда мерзімді баспасөзге сұраныс артып келеді. Ғалымдар кітап, газет оқудың жадыға әсері мықты екенін дәлелдеді. Интернеттегі жазбаларды уақыт өткеннен кейін таппай қалуыңыз мүмкін. Мысалы, өзім осыдан он жыл бұрын жазған еңбектерімді интернеттен таппай қалдым. Ал газет пен кітапқа таспаланған дүние жоғалмайды. Бұдан газет өміршең, жүз жыл шыққан басылым әрі қарай тағы да жүз жыл бойы шыға береді деген түсінік болмауға тиіс, өйткені оған ешкім кепілдік бермейді. Тек бәсекеге төтеп беріп қана оқылымды газет шығарасыз. Оқырманның көңілінен шығасыз. Сондықтан бүгінгі күннің журналистеріне үлкен ізденіс керек.
Құрметті оқытушылар, білім алушылар, сіздерге табыс тілеймін. Еңбектеріңіз жансын. Қазір білімділердің заманы. Жастар жағы шамаларыңыз келсе, кітапты көп оқыңыздар. Тіл үйреніңіздер. Мұның пайдасы ұшан-теңіз. Мен мұны өз тәжірибемнен айтып отырмын. Әрдайым сәттілік серік болсын!
Жазып алған Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ